Басты тақырыпРуханият

Қасым жүрегі – ғасырдың емі

   Қасымның дастаны оқылып біткен жоқ әлі… Жан-жүрегінің қатпар-қатпар құбылыстары бірде өлең, бірде әуен болып ұлтының жүрегіне ұя салғалы не заман?! Ұлт ақынының ұлы мұрасы сөйте жүріп неше заманды артқа тастап, алда қанша дәуірдің көркін кіргізіп, неше жүректің гүлін ашады?! Қанша уақыт өтсе де, «Қасымның әндері-ай!» деп тамсанады ел!

Қасым әндері концертінің ұйымдастырушысы, әнші Гүлбаршын Тергеубекова «осы жоба қолға алынғалы ақын өлеңдеріне ән жазушылар саны жылдан жылға артып келеді. Жарыққа келгенімен, әлі де болса, орындалмай жатқан әндері қаншама?!» дейді. Әуелі Алматыдан басталған «Қасымның әндері-ай» жобасы Қарағанды топырағына ту тіккелі бес-алты жылдың жүзі болған. Жыл сайын осынау концертке келген мыңдаған адам жан ырзығымен сусындап, рухани ләззатқа кенеледі. Биыл да сондай көзайым болған көрерменнің үстінен түстік. Қасым әндерінің концерті деп сонау Алматыдан Қазақстанның Халық әртісі, әйгілі Роза Рымбаева келіпті. Бір күнде екі мәрте өткен концертте Қасымның «Туған жер» және «Жыр жазамын жүрегімнен» әндерін шырқап, халықтың қошеметіне бөленді. «Қасым әндері тез жатталып, жеңіл айтылады. Адамның жанын баураған сайын терең сырына тартып әкетіп, ауыртып қояды. Нағыз өнер осындай болса керек» дейді.

Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, әнші Сұлушаш Нұрмағанбетованың орны тіптен бөлек. «Мұндайды көрген де, көрмеген де арманда! Қасым әндері халықтық сипат алып, ұлт мұрасына айналғалы қашан?!» дейді.

Тек Қасым әндері ғана шырқалған екі концерттің екеуінде де зал лық толды. «Қасымның әндері-ай» жобасының авторы Гүлбаршын Тергеубекова ақынның «Ақ сәулесін» қалықтатты. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі әнші Алтынай Жорабаева «Жас дәурен» әнін асқақтата салса, «Махаббат періштесін» Саят Әбдіғали шырқады. Әнші Гүлмира Тапай жұртты «Аһ, Самара, жас қала!» құшағында тербесе, қазақ классикалық ән өнері жолында жүрген Талғат Әбуғазы «Өзім туралы» әнін тамылжытты. Атағы жер жармаса да дауысы алты қырдан естілетін жезтаңдай әнші Дана Мақшонова «Сандуғашты» сайратты. Астаналық әнші Гауһар Жүсіп «Түн ортасы ауғанда, Отырсың, жігіт, нені ойлап?» деп тебіренді. Кештің бір жаңалығы – Қасымның «Ғашық едім, қайтейін» сөзіне жазылған композитор Айбек Мұхамедиярдың әні болды. Ән – көрім-ақ! Орындаушы – Айжан Керімқұлова да нақышына келтірді. Ақын сөзіне жазылған «Алатау» әнін қарағандылық әншілерден құрылған «Мерей» квартеті салды. Астаналық Қайрат пен Жұлдыз «Алма бағында» әнін орындаса, қарағандылық жас ақындар Қасым рухына арнаған жырларын оқыды.

Жәнібек ӘЛИМАН

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button