Бас тақырыпРуханият

Қасым рухы – қазақ аспанында

Әлқисса, айтпағымыз – ақын тойы, жыр думаны. «Сен неткен бақытты едің келер ұрпақ» атты республикалық Қасым Аманжолов оқулары өтті. Осыған дейін облыстық деңгейде дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келген рухани шара биыл тұңғыш рет республика көлемінде қанат жайды. Еліміздің түпкіртүпкірінен келген талапты да талантты оқушылар мен жасөспірімдер бір күн бойы ақын жырларын оқып, Арқа даласы Қасым жырларының қайсар рухынан тыныстағанының куәсі болдық.

Қара өлеңнің биігі де, күйігі – Қасым жырдың құдіретінде. «Жыр бәйгеге аттанған адам болса, Сөредегі Қасымын есіне алсын» демей ме Мұқағали Мақатаевтың өзі. Абай, Мағжаннан кейін қазақ поэзиясының көкжиегін кеңейткен ақын – атақты Қасым Аманжолов екені болса да, болмаса да белгілі. Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының қолдауымен Н.Гоголь атындағы әмбебап ғылыми кітапхана ұйымдастырған шараның Арқа, Атырау арасын шарпығаны – Қарағандының ғана емес, қазақ руханиятының мерейі. Бұл жерде бір айта кететін жай, ақынның 100 жылдық мерейтойынан бері өте бастаған дәстүрлі Қасым оқуларының ұйытқысы болып келе жатқан – Гоголь атындағы әмбебап ғылыми кітапхана ұжымының еңбегі. Директоры – Дина Аманжолова бастап, республикалық «Қасым» әдеби-қоғамдық журналы қостап Қасым оқуларының Алаш даласын тұтас қамтуына мұрындық болып отыр. Оған мүмкіндік тудырған мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының ұжымын неге айтпасқа?! Биыл дәстүрлі шараның қазысы ретінде дүйім қазаққа таралатын «Адырна» әдеби-танымдық журналының бас редакторы, ақын, публицист Мейірхан Ақдәулетұлын Ақтөбеден арнайы шақырыпты. Сонымен қатар, қазылар алқасы құрамында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Серік Ақсұңқарұлы, филология ғылымдарының докторы, профессор Қойлыбай Асан, Қазақстан Жазушылар одағы Қарағанды филиалының директоры, ақын-жазушы Серік Сағынтай, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Ағымбаев, «Егемен Қазақстан» газетінің бөлім меңгерушісі, ақын Мирас Асан мен Қарағанды қаласы білім бөлімінің басшысы Гүлназ Жаркеева бар.

«Ей, тәкаппар дүние, Маған да бір қарашы» және «Дүниеге келер әлі талай Қасым» аталымдары бойынша еліміздің түпкір-түпкірінен (Қарағанды, Астана, Көкшетау, Павлодар облыстары) 117 үміткерден өтініш түсіпті. Алғашқы «Ей, тәкаппар дүние, Маған да бір қарашы» аталымына 70-ке жуық талапкер қатысты. Бұлар Қасым шығармаларын мәнерлеп жатқа оқудан бақ сынасты. Ақынның 150 өлеңін жаттап келгендер бар. Биыл 150 болса, келер жылы 200-250-ге дейін екі еселенуі мүмкін. Өйткені, бұрыннан өтіп жүрген Абай оқуларында хакімнің барлық өлеңдерін жаттап алып, бас жүлдегер атанғандарды білеміз. Бұдан былай Қасым оқулары да дәстүрлі түрде жыл сайын ұйымдастырылып тұрмақ. Жылдан-жылға дами берері анық қой. Шиыршық атқан Қасым жырларын жаттап өскен ұрпақ жаман болмасы тағы анық.

Екінші аталым – «Дүниеге келер әлі талай Қасым», мүшәйра түрінде өтті. Онда шарт бойынша, Қасымға арнау және еркін тақырыпта екі өлең. Өлеңге таласы бар 50 үміткер шығармаларын жіберген екен, соның ішінен қазылар алқасы 10 үміткерді іріктеп алып, жүлдегер атанды. Айтпақшы, қатысушылардың шекті жасы – 14 пен 25 жас аралығы.

Мұқым қазақ даласын шарпыған жыр думаны Қасым ескерткішінің алдында ашылды. Ақын жырларын кие тұтқан бір топ қауым әуелі ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. «Ей, тәкаппар дүние, Маған да бір қарашы» атты Қасым оқулары Гоголь атындағы әмбебап ғылыми кітапханада өтсе, ақын рухының құрметіне жарияланған жыр мүшәйрасының қорытындысы мен жүлдегерлер мен жеңімпаздарды марапаттау «Шалқыма» концерт залында жалғасты. Аталы сөздің тиегін ақын Мейірхан Ақдәулетұлы ағытты қорытынды кеште.

«Қасым тойына қуанышты жағдайда, жақсы ықыласпен келдім. Ақын да, батыр да, би де, қазақтың небір қаймақтары шыққан топырақ – осы Қарағанды. Осындай ұлы топырақта Қасым дүниеге келген. Біздің Қасымды құрметтемеуіміз мүмкін емес. Мен бір нәрсеге қуандым. Президентіміздің «Рухани жаңғыру» мақаласы жарияланып, сол қолға алынғалы, жер-жерде мәдениетке, әдебиетке көңіл бөліне бастады. Шын мәнінде бұл қазаққа керек дүние. Рух дегеніміз сөзден басталады қазақта. Қазақты биікке шығарған, неше түрлі қиындықтан алып қалған, жанын емдеген, рухын көтерген – қашанда сөз өнері. Қасым тойы дегеніміз – сөз өнерінің мерекесі екендігіне дау жоқ. Мен оған қуана-қуана келгенім, сондықтан. Қасым оқулары жыл сайын өтетінін бұрын да естігенмін. 14 жасқа толған кішкентай балалардан бастап, қаншама жас түлектер қатысып, Қасымды жатқа оқып жатқаны – зор қуаныш, игі бастама. Бізде қазір қарапайым пендеге қажеттің бәрі бар да, бір нәрсе азайып бара жатыр. Ол – өзіміздің ішкі мазмұнымыз, рухымыз, білігіміз. Мына Қасым оқулары дегеніміз – соған оралу» деді Мейірхан Ақдәулетұлы.

Сонымен, «Шалқыма» концерт залындағы кештің қорытындысында «Ей, тәкаппар дүние, маған да бір қарашы…» аталымында қазылардың шешімі бойынша мына қатысушылар жеңімпаз танылды. Бәйгенің бас жүлдесі Анар Хасеновада (Бұқар жырау ауданы), жүлделі І орын Нұрбек Шоқанда (Қарағанды қаласы), ІІ орынды Қанат Қанафин (Ақтоғай ауданы) мен Дилнара Ақан (Қарқаралы ауданы) бөлісті. Темірхан Қабышев (Қарқаралы ауданы) пен Ерлан Байжұманов (Қарағанды қаласы) ІІІ орыннан көрінді.

Мүшәйра үлгісінде өткен «Дүниеге келер әлі талай Қасым…» аталымында бас жүлде Жоламан Әйткенге (Қарағанды қаласы), І орын көкшетаулық Рамазан Бауыржанға, ІІ орын Бек Ықыласов пен Думан Сайдалинге (Қарағанды), ІІІ орын Ақерке Әбдікәрімова мен Ділда Уәлибековаға (Астана қаласы) бұйырды.

Биылғы Қасым оқуларының бір ерекшелігі – «Қасым» сериясымен жаңа кітап жарық көрді. Онда Мұқағали Мақатаев пен Жұмекен Нәжімеденовтен бастап, кейінгі жас ақындардың Қасымға арнаған жырлары топтастырылған. Кітаптың шығуына жетекшілік еткен – қарағандылық жазушы Алмаз Мырзахмет. Кеш соңында жаңа кітаптың таныстырылымы болды.

Жәнібек ӘЛИМАН,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button