Жаңалықтар

Асық ойнаған азбайды

Бүгінгі күні бабалардың «Асық ойнаған азар…» дейтін нақыл сөзінің өзектілігі көмескі тарта бастағаны анық. Мұның басты дәнекері – «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұмыт бола бастаған ұлттық құндылықтарды ортаға оралту талабы. Бұдан тысқары, асық ойыны баланың жастайынан жүйке жүйелерін шыңдап, оларды дәлдікке, ептілікке, ұстамдылыққа тәрбиелейтіні де ғылыми тұрғыда дәлелденген ақиқат.

Көрнекі сурет

Соған орай, Ұлытау ауданы, Шеңбер селолық округіндегі №2 Қорғасын орта мек тебінде асық ойынының қайта түлеуіне жете мән берілуде. Асықты иіре атып, нысана көздеуден мектепішілік жарыстар өткізу үрдісі жолға қойылған. Нәтижесінде оқушылардың осынау ұлттық ойын түріне қызығушылықтары оянып, машықтары да біршама қалыптасып қалғаны байқалады. Аталған оқу ошағының денешынықтыру пәнінің мұғалімі, ізденімпаздығымен ерекшеленген жас маман Талғат Толысбаев «Асық кубогін» қолдан жасап, жас буынның бәсекелі сайыстарға қатысуға құштар болуына жол ашыпты. Асық атудан мектеп деңгейінде өткізілген жарыстарда әзірге биыл 3-сыныпты тәмамдаған оқушы Жандос Қасымов ешкімге дес бермей, жеңімпаз тұғырын жеке дара иемденіп келеді.

Үнемі шығармашылық ізденісте жүретін Талғат Сағатұлы оқушыларды тоғызқұмалақ, қазақ күресі секілді ұлттық спорт түрлеріне де баулып, шеберліктерін шыңдау үстінде. Өз кәсібін құлай сүйетін жас ұстаз болашақта шәкірттерінің биік белестерді бағындырарына сенімді.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ,

«Орталық Қазақстан»

ҰЛЫТАУ ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button