Тарих

…Қастық қылды, аштық қырды елімді!

Қазақстан территориясындағы 1931-1933 жылдардағы ашаршылық обьективті себептерден тумаған, қолдан жасалған саясат және сол кезде қалыптасқан режимнің озбырлығынан, әкімшіләміршілдік жүйенің үстемдігі зардабынан туды.

1927 жылы қараша айында өткен Қазақстанның алтыншы партия конференциясы байларды экспроприациялау туралы мәселені талқылап, ірі байлардың малы мен құрал-саймандарының бір бөлігін тартып алуға жол ашты, мұның өзі ауылды орталандырып, оның өндіріс күштерін дамытуға және еңбекші бұқарамен одағын нығайтуға тиіс деп санады. Сол жылы желтоқсан айында ірі байларды тәркілеу (конфискация) туралы заңның жобасы дайындалып, ол заң Орталық Атқару комитетінде бекітілген болатын.

Жергілікті қариялардың айтуынша, Жаңаарқа өңірінде ашаршылық нәубеті, тіпті, ерте кезеңнен басталған. Екі болыс «Енең тоқасының» малын 1927 жылдан бастап тартып алған жөне Нілдіде сойып, түйелерге артып, Ақмолаға жөнелтпек болған. Бірақ, жазғытұрым Нұра өзені тасып кетіп, жүздеген тонна ет жағалауда шіріп-сасып қалған.

1929-З0 жылдары Қазақстанның біраз жерлеріне егін шықпай қалды. Осыған қарамастан үстеме салық зобалаңы басталып кетті. Республика бойынша 1928-29 жылдардағы астық дайындау науқанында елдегі ауыр жағдай есепке алынбай, жоспар 5 млн. тонна болып бекітілді. Ал, қазақтардың жеке шаруашылығына соққы болып тиген ауыртпалықты партия басшылары өзінің пленумында былай деп түсіндірді:

1) деревнядағы халықтың тұрмысының жақсаруына байланысты, шаруалардың ақы төлеу қабілетінің жедел өсуінен оларға өндіріс тауарларын ұсынудың кейін қалып қою нәтижесінде базардағы тепе-теңдіктің бұзылуы;

2) ауыл шаруашылығының басқа өнімдеріне қарағанда астықтың бағасының төмен болуы, шаруалардың соңғысын сатуға деген ынта-ықыласын төмендетті;

3) жоспарлаудағы тауарларды уақытылы тасып жеткізу және салық салу бағытындағы қателіктер, дайындау және партия-кеңес органдарының қателіктері, «біртұтас майданның» жоқтығы белсенділік танытпауды, бетімен жіберушілікті байқатты.

Астық дайындаумен қатар мал басына түскен салықты төмендетпеу қатар қаралды.

Астық жинау бойынша жүргізілген тәртіп байларды тәркілеу комиссиясында қайталанып отырды. Заң бойынша ірі байларға көшпелі аудандарда үш жүзден, отырықшы аудандарда жүз елу бастан көп малы бар қожалықтар ғана жатқызылуға тиіс болатын. Бірақ, бұл талап жиі орындалмай, кейде шағын дәулеті бар адамдар да тәркіленіп кетті.

Декрет, әсіресе, көшпелі аудандардағы қожалықтарға шектен тыс қатал қарады. Осылайша, қазақ жерінде мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан, дамытылған шаруашылық жүйесі бұзылды.

Аталған кемшіліктердің себебін О.Исаев Сталинге жолдаған хатында атап көсетті:

«1929 жылғы есептің деректері бойынша Қазақстанда 40 миллион бас мал болған, ал қазір небары 6 миллиондай мал қалды, оның 2 миллионы совхоздарда, ал колхоздық сектор мен жеке меншік сектордағы 4 миллион бас малдың көп бөлігі қазақтың бұрынғы негізгі мал шаруашылық аудандарында емес, орыс аудандарында. Мал шаруашылығы қазақ халқының көпшілігі үшін негізгі кәсіп және бірден-бір дерлік табыс көзі болғандықтан, мал шаруашылығының мұндай жай-күйі қазақ жұртын күйзелтіп отыр.

Аштық жайлаған апат аймағынан тек әлділер ғана кете алды. Аман қалуға тырысып-тырмысып еті тірілер, көзі ашықтар қалаларға, поселкелерге, станцияларға қарай жансебілдеп шұбырды.

Көш тізбегі өндіріс орындары Ақмолаға, Қарағандыға, Балқашқа бет түзеді. Жаяу шұбырған жұрттың көпшілігі қалаларға жетпей, жолда қырылды. Шұбырып жеткен аш-арықты қалаларға жолатпады, әкімшілік жұмысқа алмады. Даладан қалаға жеткенше қара жолдың бойы қаңқа сүйектерге толған. Атасу мекенінде бірнеше жерде қаза тапқандардың қорымы болған, соның бірінің жанынан астық қабылдау пункті салынып кетті.

Ақмола, Нұра бағытындағы жолдардың бойында, әсіресе, қыс айларына қарай, аштан қырылғандардың саны өсе түскен. Сол бір ауыр кезеңді көзі тірі қариялар тітіркеніп, қорқынышпен еске алады: жаңаарқалық Үмбетжан Исин ақсақалдың айтуынша, Бекше руының 25 үйі Нұра жаққа көшіп бара жатқанда, Балықтыкөлге жетпей, мылтықпен кейін қайтарылған, көбі жолда қырылған. Сол күзде Жаңаарқадағы Беласар өзенінен Ақтүбекке дейінгі аралықтың бойы әр шидің түбінде көмусіз қалған адам сүйектерінен аяқ алып жүргісіз болған.

Аштық болып жатқан аудандардағы адам шығынын ГПУ есептеп отырған: «Жергілікті халық басқа жаққа қоныс аударуына байланысты, балаларын тастап кеткен, ондағы ойлары – балаларын басқа біреулер алар деген үміт. Қыркүйек айының басында аудан орталығында 350 бала жинақталған. Біздің келгенімізде, бұлардың З00-і аштан өлген. Үшінші ауылда 350 шаңырақтан – 17, бесінші ауылда 500 шаруашылықтан – 27, тоғызыншы ауылда 343 шаруашылықтан небары – 49 шаруашылық қалған. Бұл ауылдарда адам етін жеуде кездесіп отырады».

ГПУ-дың мәлімдемесі бойынша Жаңаарқа ауданында 3612 адам аштан өлген. 1932 жылға арналған «Весь Казахстан» анықтамалығында 1931 жылы аудан халқының саны 26054 адамнан 5500 адамға дейін кеміген.

Нәубет жылдары Қазақстан халқы орасан зор шығынға ұшырады, бастапқы санының 49 пайызын құраған, 2 миллионға жуық адамынан айрылды. Жаңаарқа жеріндегі ашаршылық апатының көлемін архив құжаттары арқылы анықтау айтарлықтай нәтиже бермеді.

Ашаршылық куәлерінің әңгімелеріне қарағанда, аудан халқының бестен бір бөлігі, шамамен 5 мыңдайы ғана тірі қалған.

1929-1930 жылдары Қарқаралы округінде жаппай отырықшыландыру басталды. «Көшпелі және жартылай көшпелі» қазақ ауылдарының үштен бірі қысқа мерзімде отырықшылануы тиіс болды. Сол кездегі Қарқаралы халқының жағдайы туралы РСФСР халық комиссарлар төрағасының орынбасары Т.Рысқұлов өзінің Сталинге жазған хатында. «Тек қана 1932 жылы аштықтан ауданда 35 мың адам өлді. Қарқаралыда 1932 жылы мамырда 50400 тұрғын болса, қарашада небары 15900 ғана адам қалды» деген.

Қарқаралы округінде 1932 жылы көктемде егіс науқаны кезінде де көптеген колхоздарда өрескел бұрмалаушылыққа жол берілген. Егістік жоспарларды орындау барысында, тұқым себу мөлшерін асыра көрсетіп, өтірік мәліметтер беріп отырған. Тексеріс кезінде Қу, Абыралы, Баянауыл аудандарында егілген егіс көлемі белгіленген жоспардан әлдеқайда кем болып шыққан.

Архив құжаттарында Балқаш өңіріндегі аштық нәубеті туралы мағлұматтарда: «Ауылды аштық жайлаған. Балқаш маңындағы үш ауыл құрып бітті, 6 ауылда 4417 шаруашылық болған, содан 2260-ы қалды, соның 63 % ашығып отыр. Қалған тұрғындардың жағдайы да мәз емес. Аштық 1931 жылы желтоқсанның алғашқы күндері басталды. Бәрі өліп қалды, шамамен 600 адамнан кем емес» – деп көрсетілген.

Мал басының өте кеміп кетуі, әуелгі салық мал санына түсіп, халықты біржола «тақырлап тастаса», кейіннен тонналап ет тапсыру салығын жүктеді. Мысалы, Шет ауданындағы халықтың қолындағы 80 мың ірі қараға 120 мың бас мал тапсыру жөнінде салық түсті. Мұны орындауға шаруашылықтың да, халықтың да мүмкіндігі жоқ еді. Ашаршылықтың халық арасында белең алған кезі болатын. «1926 жылы Шет өңірінде 48311 адам болса, 1932 жылы 36568 адамға азайған. Яғни, халық саны сол кезде 11743 адамға кеміді. Сонан 1933 жылы 5021 адам ғана тірі қалғаны архивтегі құжаттарда сақталған. Осы жағдай Қарағанды облысының басқа да аудандарына тән.

Бүгінгі ұрпақ қазақ халқының басына түскен ауыртпалық – аштық азабын ешқашан ұмытпауы тиіс. Осы зобалаңға облыс орталығына ескерткіш қойылса, аштық құрбандарының алдындағы азаматтық парызымыздың бір өтеуі болар еді.

Темірғали АРШАБЕКОВ,

облыстық ғылымитехникалық құжаттама жөніндегі мемлекеттік архив басшысы.

Басқа материалдар

Back to top button