Аспан ашық болсын деп…

1942 жылдың 19 желтоқсаны. Сталинград түбіндегі үш майданның қарсы шабуылының алғашқы айы. Сержант Писанко бұл туралы әлі де айтады. Оның естеліктері көпті көрген полк ұшқыштары – дивизияны, бүкіл 17-ші әуе әскерін дүр сілкінтіп, су бетінде пайда болған шеңбердей бүкіл елді шарлап кетері анық. Ал, дала поштасы Қазақстанда туып, ер жеткен, осы күні әскери ұшудан оралмаған ұлдары туралы майданнан қаралы хабар жеткізетін болады…

«Курсант Әбдіров, Сіз ұшасыз!»

Бәрі аяқ астынан болды. Жер төңкерілгендей, көкжиек қанатын кең жайғандай, бір түсініксіз сезім биледі бойын. Сөзбен жеткізу мүмкін емес. Ептеген қорқыныш та бар ма, қалай?! Бірақ, өзі көк пен жердің арасында ұшып келеді! Нұсқаушы Алексей Колобков ұшқанда киетін көзілдірігінің әйнегін жарқ еткізіп, артына қарады да, курсант Әбдіровтың жағдайына баға беріп үлгерді. Жаман емес!..

Иә, ұшатын болды… Алғашында, ұшақты қондыру қолынан келе қоймады. Сасқалақтаған Нұркен жерге жанасатын сәтті есептей алмай-ақ қойды. Бірақ, әр кезгі ұшу, ұшақты қондыруы сенімділігін арттыра берді. Бір сәтте өзі де көлемнің сапаға қарай ойысқанын түсінді. Алғаш ұшуды бастаған ұшқыштардың бәрі осындай жағдайдан өтеді. Миша Пономарекқа, Витя Федотовқа, Жолка Сторожиловқа, тіпті, өжет деген Нина Уиточкинаға да бастапқыда оңай болған жоқ.

Бақытты күн де туды. Нұркен аспанға көтерілді. Бұл жолы алдында нұсқаушы жоқ, бірқалыпты ұшу үшін құм толтырылған қап қана. Әдеттегідей «төртбұрышты» шеңбер жасай ұшып, шассиді жерге сеніммен тіреді. «Құттықтаймыз, Нұркен!» Колобов та, достары да ұшқыш атануымен құттықтап жатыр…

Дегенмен, әлі де болса ертерек. Аэроклуб мектебін аяқтағаннан кейін де Нұркен ұшу шеберлігін толық меңгермегенін түсінді. Тоқтамау керек, шеберлігін аспан төрінде шыңдауы керек. Аспан төрінде жүрегінің мәңгілікке қалғанын түсінгелі қашан… Оны тәлімгерлері де түсінді. Әубәкіровті нұсқаушы ұшқыш курсына жазды. Ал, аспан туралы көбірек білуі үшін Нұркен парашюттен секіруді үйренбекке бел байлады. Мықты тәлімгер Дмитрий Милашқа тап болса да, бір дегеннен үйреніп кете алмады. Бірақ, авиациялық мерекеде Әбдіровтің парашютті кідіре ашып секіруі кезінде ақын Доскей Әлімбаев оны өлеңге қосты.

1940 жыл. Еуропа Гитлерге бас иді. Соғыстың КСРО-ға да келетіні белгілі болды. Ұшқыштар әлі де болса жетіспейтін. Облыстық әскери комиссариат 1938-1939 жылғы аэроклуб түлектеріне шақырту жіберді. Олардың арасында ақкөңіл Михайл Пономарев, салмақты Виктор Федотов, көңілді әрі ебедейсіз ұзын, балаға ұқсас Юра Разумов, ұзын бойлы, келбетті Герман Руднев бар. Бастысы, Нұркенмен бірге екінші Чкалов авиация училищесіне досы Юрий Литвинов та баратын болды. Демек, бірге ұшамыз!

Тағдыр соққысына осы кезде ұшырады, қайталама медициналық комиссия бірнеше қарағандылықты қатардан шығарды. Өкпесінде ақауы болғандықтан Литвинов әскерге жарамай қалды. Көзіне келген жасын ірке алмай, Нұркенмен қоштасып, қала берді.

– Юра, естелікке суретімді алып қал. Егер үй жаққа бара қалсаң, туыстарыма көрсетіп, жағдайымның жақсы екенін жеткізерсің.

Юрий Литвинов естелік жазбасы мен қолы қойылған кішкентай суретті өмірінің соңына дейін сақтайтын болады.

Ал, курсанттар болса, өздеріне беймәлім техниканы меңгеруді бастап та кетті. Тағы да оқу, алғашқы ұшу… 1941 жылдың 22 маусымындағы қаралы күн туғанға дейін осылай жалғаса берді.

Қатарға қабылдау

Жаңадан келгендерді полк комиссары майор Мельников қабылдады. Нұркенмен сөйлескен соң жадырап сала бергені: «Далалықсың ба? Бұл жерде сенің жерлесің бар» – деп, дауыстап шақырды: «Сержант Писанко!». Жерде де, аспанда да айырылыспауға серт еткендей қарағандылық пен алматылық осылай жолықты. Нұркенді сержант Алексей Писанконың жетекші сержанты етіп тағайындады.

«Майданға аттаныңдар» деген хабар келгенше полктың барлығы ұшуға үйренді. Полк Оңтүстік-Батыс майданындағы генерал Красновскийдің 17-ші әуе әскерінің жауынгерлік әуе дивизиясына қосылды. Көптен күткен шабуылға ұзақ дайындалды. Ол күн де жетті.

Алғашқы жауынгерлік тапсырмамен ұшу Нұркенге де жетті. Төрттік Чир өзеніне жақын Каргин және Боковской станциясының ауданына келді. Оны бөлім командирі кіші лейтенант Алексеев алып жүрді. Жетекшісі – Петр Вычугжанин. Одан кейін жетекшісі Әбіров пен Писанко жүрді. Міндет – барлау, тек қана барлау, шайқасқа кірісуге болмайды. Міне, румын бөлімшесінің тобы. Енді үйге қайтып, тезірек хабарлау керек.

Осы кезде бұлт арасынан жаяу әскерге қырғидай тиетін «лапотник», Ю-87 шыға келді. Бұйрықты ұмытқан Вычугжанин оған тұра ұмтылды. Пулеметтер мен пушкалардың борттық дүрілі. ИЛ көзді ашып жұмғанша қарсыласын аспаннан түріп шықты. Қуанған Петр екі «мессердің» өзіне тас кенеше жабыс- қанын байқай алмай қалды. Оны көрген Нұркен көмекке ұмтылды. Бір фашиске шабуылды бастап жіберіп еді, екіншісі тұра қашты. Петр артынан қуа жөнелмекші боп оқталған, құлаққабындағы Нұркеннің дауысы тоқтатты: үйге, үйге, оқ-дәрі таусылуға айналды. Алексеев пен Писанконың ұшақтары да пайда болды. Бірге аэродромға жол тартты.

Тұманды күні жау аэродромын іздеуге шықты. Топты бастау сержант Әбдіровке тапсырылды. Шабуылдаушылардың үштігі бірнеше ұшақты жойып, бензин қоймасын өртеді.

Шабуылдаушылар Ростов облысында, Сталинградтың солтүстігіне қарай осылай шайқаса берді. Олар Дон және Сталинград майданында жауынгерлерге жау жақтың әскерін құртуға көмектесті.

1942 жылдың 19 желтоқсанында сержант Әбдіров жау жақтың 2 танкін, жүгі мен әскері бар 28 автомашинасын, оқ-дәрі тиелген 18 тіркемесін, жанғыш заты бар цистернасын жойды. Үш зенитті тұншықтырып, елуге тарта солдат пен офицердің көзін құртты. 17-ші рет әскери тапсырмамен ұшатын күн де келді.

Соңғы шайқас…

Мәңгі бейбіт күн үшін…

18 желтоқсанда 1-ші гвардиялық меха- никалық корпус бөлімі Боковская станицасы мен Коньки хуторы үшін ұрысқа кірісті. Келесі күні Алексеевтің бөлімшесі Боковская – Пономаревка майданына танктердің, машиналардың және артиллерияның шоғырын жоюға тапсырма алды. Нысананы тауып, кідірместен шабуылдады.

Бір де бір зеңбіректің дыбысы шыққан жоқ, демек, бәрі дайын! Бөлім командирі осы жерде қателік жіберді, бөлімді тағы сол бағытта жібергені. Ал, зеңбірекшілер сасып қалғанымен, жылдам өз-өздеріне келді. Вычугжаниннің машинасы бұрқ ете түсіп, айнала жерге құлады. Петр мен оның қасындағы атқышы Алексей Киселев те келмеске кетті.

Бөлім командирінің ИЛ-2 машинасының рулі икемге келмей қойды. Ұшақты әзер дегенде бұрып «Өздеріңше әрекет етіңдер!» деді. Аэродромға дейін ондаған шақырым. Глущицеде командирдің ИЛ-ы құлады. Борис Алексеев пен оның атқышы Иван Нелюдимов қайтыс болды. Ал, қалған жұп қайтадан шабуылға шықты.

Дұшпанның танкілері отқа оранды, әскері қырылды – құралайды көзге атқан мерген Комиссаров көздегенін мүлт жіберген жоқ. Соққы, ұшақ шайқалып кетті. Оң жақ қанаты лап етті. Секіру? Қайда?!

– Нұркен, ұрысты таста! – деген Писанконың үні құлаққапты жарды.

– Шық, мен бүркемелеймін!

Кеш, үлгермейді. Жалын кабинаны шарпыды.

– Қош бол, Леша! Мені білгеннің бәріне сәлем. Қарағандыға жазарсың…

Машинасы әлі де басқару мүмкіндігі болып тұрғанда, төмендегі бензин тасымалдаушыны көздеді. Жарылыс!

Дұшпанның техникасы мен солдаттары отқа оранып жоқ болды…

Жалғыз шабуылдаушы аэродромға жол тартты. Писанконың ұшағын қалай төмен- деткені, қалай қондырғаны есінде жоқ. Көз алдында – отқа оранған ұшақ, құлағында – жерлесінің үні, жойқын жарылыс. Бұл көрініс оның көз алдында өмірінің соңғы сәтіне дейін сақталып қалды.

Мәңгілік өмір

1943 жылдың 31 наурызында, қайтыс болғаннан кейін 808-ші шабуылдаушы әуе полкінің сержанты Нұркен Әбдіровке Кеңес Одағының батыры атағы берілді. Алдымен «қара қағаз» келді. Содан соң анасы Бағжан КСРО Жоғары Кеңесінің грамотасын қабылдады. 1965 жылдың шілдесінде ұлының және атқыш Саша Комиссаровтың сүйегі жерленген Боковская станциасына келді. Құрметті қонақ ретінде қабылдап, жазушы Михайл Шолохов қонаққа шақырды.

Бағжан батыр атағын Комиссаровқа да беруді қатты өтініп еді. Қалай болғанда да бірге соғысты, соңғы ұрыста бірге болды емес пе?! Батырдың анасына уәде еткен еді. Өкінішті…

Облысымызда Нұркен Әбдіровке бірнеше ескерткіш қойылған. Тас мүсіндегі бейнесі – қаһарлы. Ал, тіршілігінде мүлдем басқа. Салмақты, аздап ұяңдығы да бар, досқа адал еді. Дәл өзіндей достары, оны сол қалпында жадыларында сақтап қалды.

(Материалда Г.Якимовтың «Пике в бессмертие» кітабынан алынған фактілер мен Н.Әбдіровтың бірге өскен досы Юрий Литвиновтың естеліктері пайдаланылды).

Валерий САВИН.

Орысшадан аударған Салтанат ІЛИЯШ.