Баған

Қасіретте де қасиет бар

Сіз қалай ойлайсыз? Құндылық атаулыны әр жүрекке құндақтап, әр азамат оның қадірін білмейінше, қасиеті артпайды. Мәселен, ертеңгі Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Өткен «қанды ғасырдың» (ХХ ғасырды айтамын) мәңгі масыл идеологиясына мұрагер болып жүрген жоқпыз ба? Келіссеңіз, ерік – өзіңізде. Келіспесеңіз, мен айтайын…

Бұл күн – тарихтың жүрегінен қан, жанарынан жас тамшылап тұрғанын сезіндіретін қастерлі күн. Йод тамызып қанын тоқтата алмаймыз, орамал беріп жасын құрғата алмаймыз. Өйткені, бұл – мәңгі жазылмас жараның уыты. Миллиондардың қаны мен жасы тамып тұр бұл жараға. Сондықтан шығар, ол қара қотырланбайды.

ХХ ғасыр – қазақтың басын кесіп алған ғасыр. Ұлтымды ұлы мұратқа жұмылдырып, қара түнектен жарыққа ұмтылған Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш көсемдері қазақтың басы емей, кім еді?! Ендеше, арда қазақтың алтын басы екі мәрте кесілген!

ХХ ғасыр – қып-қызыл қиянаттың ғасыры. Алдындағы жаугершілік аласапыранын қоспағанның өзінде, бір ғана 1926-1959 жылдары қазақ халқының саны 27,1%-ға кеміген. Дала қазағының үштен бірі. Барлығы – қиянаттың құрбаны. 1931-1933 жылдардағы ашаршылық 3 миллионнан астам адамды жалмаса, 1937-1938 жылдардағы сталиндік репрессия 25 мыңнан астам асылымыздың тағдырын оққа байлады. Мұның барлығы – Кеңес заманы тарихшыларының кеңесіп, келтелеген статистикасы. Тәуелсіздік алғалы өз тарихшыларымыз да осы статистиканы шиырлап, шынайы дерек, тың көзқарастан көз жазып қалып жүргені жасырын емес. Голощекиннің «Кіші Қазан» төңкерісі қазанымызды төңкеріп, қазақ даласындағы мал санын 40,5 миллионнан 4,5 миллионға кеміткенін (10 есеге) қалай ұмытармыз? Ендеше, ХХ ғасыр – қазақтың барын алып, бағын ұрлаған қанқұйлы ғасыр.

31 мамыр ҚР Президентінің 1997 жылғы 5 сәуірдегі Жарлығымен «Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні» болып белгіленді. Содан бергі 23 жылда еске алудан басқа не тындырдық? Қарқаралыдан басқа бір жерде, тіпті, Елордамызда Алаш зиялыларына еңселі ескерткіш қоя алмадық. Әйтеуір, қалам ұстаған қауым жоғарыда мен келтіріп отырған қаралы статистиканы қайталап, бірдеңе жазумен шектеліп жүр. Немесе, іргедегі Спасскіден әріге шыға алмай жүрміз. Мүмкіндігіміз неге шектеле береді?

Жалпы, мен – әуелден осы бір қасіреттің қасиетін қастерлейтін күннің ресми атауына қарсы адаммын. Неге бұл күн «Ұлттық аза тұту күні» деп аталмайды? Құдай-ау, екі полиция көлік апатына ұшыраса да (олардың ажалына себепкер де – полиция) аза тұту күнін жариялаймыз ғой. Оның қасында 31 мамырға өзіміз теліген қасіреттің салмағы миллион мысқалға артық емес пе еді?! Дәл осы күні Мемлекеттік ту түсіріліп, ұлт болып аза тұтсақ, жазықсыз жапа шеккен арыстардың рухына көрсетілген құрметтің аясы кеңея түсер еді деймін де, баяғы… Көк байрағымыз көктен төмен ысырылғанда жас ұрпақтың көкейінде «Неге?» деген сұрақтың бой көрсетуі мүмкін ғой. Соған жауабымыз әзір болса – болғаны…

Содан кейінгі мәселе – осынау азалы күннің алты құрлық бүлдіршіндерін шаттыққа бөлейтін Халықаралық мерекемен тұспа-тұс келетіндігі. Кешегі ауыр ойдан арылмаған сәулелі сана балалар мейрамында шаттана алмай қалады. Сәбиге қуаныш сыйлай алмаудан асқан қасірет жоқ, тағы. Тағы да қасірет қазығына маталамыз келіп. Маңдайыңды ызғар қарып, таңдайыңды қан мен тердің кермек дәмі қуырып тұрғанда, баламен бірге балмұздақ жей аласың ба?

Сондықтан, арыстар көмілген жерге көрме ұйымдастырып, көптің сауабын еселедік дегенімізбен, дәл осы күннің маңыз-мазмұнын арттыра алмаймыз. Әлиханның атына аудан берген ел болсақ екен, Спасскідегі тағзыммен тоқмейілситін… Пролетариаттың көсемін театрдың артына жасырғанымызбен, деңгейімізге өлшем болар дәуірдің құмсағаты сусып тұр. Ендеше қасіретте де қасиет бар… Бұл – менің жеке пікірім. Сіз не дейсіз? Не десеңіз де, Ұлттық Аза тұту күніндегі ниеттеріңіз қабыл болсын!

 

Ерсін МҰСАБЕК,

облыстық «Ortalyq Qazaqstan» газетінің Бас редакторы

Басқа материалдар

Back to top button