Бас тақырыпТарих

Қасірет болса да, қастерлі күн

АЛАШ ЖҰРТЫНЫҢ АЗАТТЫҒЫ МЕН ҚАЗАҚ ЗИЯЛЫЛАРЫНЫҢ ТАР ЖОЛ, ТАЙҒАҚ КЕШУІ ОСЫ КҮНДІ ЕСКЕ САЛАДЫ. САЯСИ ҚУҒЫН-СҮРГІН ЖӘНЕ АШАРШЫЛЫҚ ҚҰРБАНДАРЫН ЕСКЕ АЛУ КҮНІН АЙТАМЫЗ. БҰЛ АТАУЛЫ ДАТА 1997 ЖЫЛЫ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВТЫҢ ЖАРЛЫҒЫМЕН БЕКІТІЛГЕНІ БЕЛГІЛІ. БҰҒАН ДЕЙІН 1950 ЖЫЛДАРДЫҢ СОҢЫНАН 1980 ЖЫЛДАРДЫҢ СОҢЫНА ДЕЙІН ҮЗДІК-СОЗДЫҚ АҚТАЛА БАСТАҒАН АЛАШ АРЫСТАРЫ МҰРАЛАРЫНА БЕТБҰРЫС КЕЗЕҢІ БАСТАЛДЫ АЙНАЛАЙЫН АЗАТТЫҚТЫҢ АРҚАСЫНДА.

Жер бетінде адамзат баласы жаралғалы кез келген ұлт пен ұлыс сорпа бетіне шыққан тұлғаларын төбесіне көтеріп, құрметтемейінше, ел қатарына қосыла алмасы анық. Сондықтан, бұл күн – біз үшін елі үшін жанын шүберекке түйіп, алтын басын Алаш жолында тәрк еткен ерлерді еске алатын ең қастерлі күн. Кешегі Алаш арыстары Әлихан, Әлімхан, Сәкендердің асқақ рухымен сусындап өскен ұрпақ азат ойлап, тәуелсіз саралауы керек қой дүниені. Соны білгендіктен де, Елбасы Н.Назарбаев атаулы азалы күнге аса мән беріп, жыл сайын үндеу жариялап келді.

«Қазақстанда 31 мамырда менің 1997 жылғы Жарлығыммен бекітілген Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні аталып өтіледі. Біздің барша халқымыз үшін бұл күн ерекше тарихи мәнге ие. ХХ ғасырдың 30-40-жылдарындағы жаппай саяси қуғын-сүргін миллиондаған адамға қайғы-қасірет әкелді. Қазақ халқының көрнекті перзенттері – Шәкәрім Құдайбердиев, Ахмет Байтұрсынов, Сәкен Сейфуллин, Мағжан Жұмабаев, Бейімбет Майлин және басқа да көптеген саңлақтарымыз қуғын-сүргін құрбандары болды» дегені де бар Елбасының.

1925 жылы қыркүйекте Қазақстанның басшылығына Федор Голощекин келіп, «Кіші Қазан» төңкерісін ойластырды. Яғни, қазақ ауылдарын кеңестендіру, жайылымдық-шабындық жерлерді бөлу және бай шаруа қожалықтарын тәркілеуді қолға алды. Оның саясаты ұлт зиялыларын жаппай қуғындауға ұласты. Голощекин өзіне қарсы шыққандарды қызметтерінен алып, республикадан қуды, олардың көзін жоюды қолға алды. 1928 жылы Алаш қайраткерлері «буржуазияшылұлтшыл» деген айыппен тұтқындала бастады. Сонымен қатар, молдалар мен діндарларды «басқаша, бөтен ойлайтындар» деп айыптады. Олар әртүрлі мерзімге түрмеге қамалды, ату жазасына кесілді, еріксіз жер аударылды. Тарихи деректерге қарағанда, 1921-1954 жылдары КСРО-да «контрреволюциялық» немесе «антисоветтік» деген жаламен 3 миллион 777 мың адам сотталып, олардың 642 мыңы ату жазасына кесілген. Ал, Қазақстанда 103 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшырап, 25 мыңнан астамы ату жазасына кесілді. Олардың басым бөлігі зиялылар: ғалымдар, мәдениет, саясат және қоғам қайраткерлері еді. Қуғын-сүргін жылдары КСРО-ның түпкір-түпкірінен Қазақстанға саяси тұтқындар мен халық жауының туыстары депортацияланды. Сарыарқаның сайын даласы үлкен түзету лагеріне айналды. Бір ғана Қарағанды еңбекпен түзету лагерлерінің аумағы 1931 жылы 53 мың гектар болса, 1941 жылы 1 780 650 гектарды алып жатты. 1931 жылы КарЛаг-та 14 бөлімше, 64 учаске болса, 1941 жылы – 22 бөлімше, 159 учаске, ал, 1953 жылы – 26 бөлімше, 192 лагерь нүктелері болған. Оның құрамында халық жауларының әйелдеріне арналған АЛЖИР, әскери тұтқындарға арналған Спасск, ҚарЛаг, СтепЛаг атты еңбекпен түзету орындары жұмыс істеді. Жазықсыз жапа шеккендердің көз жасы мен қолының табы қалған қасіретті орындар бүгінде музейге айналды. Сонымен бірге, 31 мамыр – Қазақстанда ашаршылықта қаза тапқандарды еске алу күні. 1920 жылдардың соңында және 1932-1933 жылдары әдейі ұйымдастырылған жасанды зауалдан, әсіресе, Қазақ халқы қырылып қалды. Аштық салдарынан бұрын 3 миллионға жуық деп келсе, кейінгі деректер 5 миллионға жуық қазақ құрбан болғанын айтады.

 Саяси жала таңылған арыстарымыз бен боздақтарымыз басқа үшін емес, бодандық пен аштықтан қырылып жатқан халыққа араша түсем деп қаза құшты. Алланың қалауымен аман қалған сол аз ғана қазақтың баласы тіріде боздақтарымыз бен асыл ерлерімізді құрметтеп бағайық, ендеше.

Жәнібек БАҚЫТҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button