Руханият

«Қасиетін қашырып алғандаймыз…»

Наурыз айы – жаңа күнмен жақсылықты айшықтайтын әрі өткенді саралап, бүгінді бағамдайтын, табиғат-ананың оянып, тіршілік атаулының түлейтін кезеңі. Бұл мейрам – ұлттық сананың бір көрінісі, керек десеңіз, ұлттық идеямен сарындас. Әр өңірде өзіндік ерекшеліктерімен есте қалып, халықтың ықыласы артуда. Жыл басын тойлауда қазақтың қандай жақсы дәстүрлері бар, соларды дұрыс көрсете алып жүрміз бе? Наурыз мейрамының ұлттық ерекшелігін айшықтауға не қажет? Міне, осы сауалдарға қатысты Балқаш қалалық аналар кеңесінің төрағасы, білім беру саласының үздігі, зейнеткер ұстаз Шайзада Сыздықовамен пікір алмасып, ой бөліскен едік…

– Біз, қазір Наурыз мейрамының қасиетін қашырып алғандаймыз. Өлгенді тірілтіп, өшкенді жаңғырту оңайға түскен жоқ. 1926 жылдан бастап Қазақстанда Наурыз тойына «өткеннің қалдықтары» деген сылтаумен тыйым салынғанын жақсы білеміз. 1988 жылы игі дәстүр қайыра жаңғырды. Араға жыл салып, ел болып тойладық.

Балқашта ерекше тойлағанымыз есімде. 1989 жылы Наурыз мейрамының өткізілу тәртібін журналист Қуандық Сәденов әзірледі. Әнші Жұмагелді Әбдіров екеуіміз ұлыстың ұлы күніне арналған шараны жүргіздік. Қос киіз үй тігілді. алтыбақан мен сахна орнатылды. Онда тұсаукесер дәстүрі көрсетілді. ұмыт бола бастаған ұлттық мейрам жайлы аңыздар айтылды. Әз Наурыздың сәні мен мәні сөз болды. Жұртшылық концерттік бағдарламаны күні бойы тамашалады. Ел наурызкөжеден дәм татып, қариялар баршаны Жаңа жылмен құттықтап, ел ынтымағы арта беруін тілесті. Жұрттың бәрі Наурызды ерекше күтіп, ренжіскендер кешірім сұрасып, көздеріне жас алғанда көңілім толқыды. Осындай көріністі кейін кездестірген емеспін. Отыз жылдан бері ұлыстың ұлы күніне арналған шараның басы-қасындамын. Халық мейрамды концерт ретінде қабылдайды. Оны тарихи мәнінен айырып, науқанға айналдырып жібергендейміз. Көп жерде есеп беру үшін ғана атап өтеді.

Бұл – үлкен кемшілік. Наурыз тойын жалпыхалықтық деңгейге шығару – идеологиялық мәселе. ұлттық идеяны тұғырлы ету үшін ұлттық мейрамдарды лайықты дәрежеде тойлай білу керек және жаһандану жағдайында ұлттық бірегейлікке айналдыру – парыз, – дейді Шайзада Сыздықова.

Ол кешірім мен мейірімнің, үміт пен сенімнің, еңсесі биік елдіктің, іргесі сөгілмес бірліктің, ырысы төгілмес тірліктің бастауы әз-Наурызды заманауи үлгіде жаңғырту ұсынысын да жеткізді.

– Ұлыстың ұлы күнін жаңа тұрпаттағы жалпыхалықтық мерекеге айналдыру ұлттың ауызбіршілігін нығайтып, ұмытыла бастаған қазақы қасиеттерімізді қайта тірілтуге септігін тигізеді. Бұл – өскелең ұрпаққа үлгі, өнеге. Біз неге 31 желтоқсанға дейін көшені сәндегендей, Наурыз тойы қарсаңында ұлттық нақыштарды ауқымды түрде көрсетпейміз? Мерекелік кәдесыйларды саудалап жатсақ, қандай тамаша! Мәселен, қамшы, ұлттық нақыштағы сырға, қыздардың бұйымдары, ер-азаматтардың керек-жарақтарын, тағы басқаларын ел жабыла іздейді. Оюлы үй төсеніштері мен ыдыс-аяқтарды қолөнершілер жасай алады. Солар Наурыз мейрамында өз бұйымдарымен сауда сөрелерін толтырса қандай жақсы! Ақ жаулықты апа-әжелеріміз ағайын-туыс, көрші-қолаңға көктем келді, ағарғанға аузымыз жетті деген ырыммен наурызкөже беретін күндерін белгілесе, – дейді Шайзада апай.

Халқымызда  Наурызды қалай күтіп алсаң, жылды солай өткізесің деген наным бар. Сондықтан, бұл мейрам жұртты адами құндылықтарға үндейтін ұлы мереке ретінде төрге шықса деген тілегіміз бар.  

Нұрдос КӘРІМ.

 БАЛҚАШ қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button