Коронавирус

Ашылудың ақыры шашылу болып жүрмесін

Өмір салтын күрт өзгерткен вирустың ықпалына қарамастан, күнделікті тірлік қамы жалғаса беруі керек-ақ. Сол шарттылықпен соңғы айларда жұмыс істемеген сауда орындары, қонақ үйлері мен балабақшалар 29 мамырдан қызметіне кіріседі. Оларға қойылар басты талап – санитарлық нормаларды қатаң сақтау. Осы және облыстағы жалпы эпидемиологиялық жағдайдың мән-жайы туралы аймақ басшысы Жеңіс ҚАСЫМБЕК баспасөз мәслихатында мәлім етті.

ЖАУАПСЫЗДЫҚ ЖАРҒА ЖЫҚТЫ

Соңғы бірнеше күнде инфекция жұқтырғандар саны күрт артты. Карантин талаптары жеңілдетілгелі сақтық шараларының тиісті деңгейде сақталмауы осындай жағдайға алып келген. Бұдан бөлек, әлі де ерекше режим шарты сақталған Теміртау қаласы тұрғындарын коронавирус инфекциясына тестілеу ауқымды жүргізіле бастағаны да – көрсеткіштің жоғарылауына бірденбір себеп. Мәселен, дерттің жаппай жұғуы орын алған «Нұрқазған» кенішінің жұмысшысы шектеу шараларына қарамастан, Жезқазғанда ауызашарға барып, сол жерде болған 17 адамның 13-інен инфекция анықталған. Вирус жұқтырғандардың қатарында медицина қызметкері де бар. COVID-19 жұқтырған жұмысшылардың отбасы мүшелері тестілеуден өткізілген. Қазір кеніш уақытша тоқтап тұр. Эпидемияға қарсы шаралар жүргізілген соң, жұмысын бастайды. Теміртауға жақын орналасқан кәсіпорын жұмыскерлерінің көпшілігі осы қала тұрғындары болғандықтан, енді вахталық тәсілге ауыстырылмақшы. Олар арнайы шипажайға орналастырылады.

Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек ірі кәсіпорындар өндірісті тоқтатпауы үшін барлық жұмыс көлемі бұдан былай вахталық режимде ғана атқарылатынын айтты.

Бұқар жырау ауданында да жауапсыздық салдары вирустың кеңінен таралуына ықпал еткен. Ауданның бір тұрғыны өзінде сырқат белгілері бола тұра, 27 адамды қонаққа шақырып, нәтижесінде 7 адамға инфекция жұқтырған.

БЕТПЕРДЕ КИЮ – УАҚЫТ ТАЛАБЫ

«Қауіпсіздік шараларын сақтау облыстың бас санитарлық дәрігерінің емес, уақыттың өз талабы», – деді Жеңіс Махмұдұлы. Коронавирус инфекциясы ізсіз кетпейді. Яғни, иммунитетке жасалған ауыр соққы салдары кейін де «бой көрсетуі» әбден мүмкін. Сондықтан, бетперде кию, әлеуметтік қашықтықты сақтау, қажет болса, инфекцияға тест тапсыру әр адамның азаматтық ұстанымы болуы керек.

Тест демекші, алдағы күз айларының соңында вирустың екінші толқыны болуы мүмкін екенін Жеңіс Қасымбек те жоққа шығармайды. Қапы қалмас үшін дайындық қазірден жүргізілуде. Мәселен, маусым айында Теміртауда тәулігіне 1000 тест, ал Жезқазғанда 500 тест алып, талдау жасайтын зертхана ашылады. Бұл үшін «АрселорМиттал Теміртау» АҚ «Олимп» клиникалық-диагностикалық зертханасымен келісім жасаса, Жезқазғанда ашылатын зертхананың жабдықтары «Қазақмыс» корпорациясы есебінен алынды. Ірі кәсіпорын орналасқан Балқашта да осындай жұмыстар жүргізіледі. Одан бөлек облыста инфекциялық қызметті қалпына келтіру мен дамыту шаралары қолға алынған. Ауруханалар мен емханаларда инфекциялық бөлімшелер ашу үшін қайта жоспарлау жүргізіліп, төсектер саны артады. Ол үшін облыстық бюджеттен 905 млн. теңге бөлінсе, 400 млн. теңге инфекциялық бөлімшелерді жабдықтауға жұмсалады. Бұдан тысқары, аймақ эпидемиологтары кәсіби біліктілік деңгейін арттырады.

БІРҚАТАР НЫСАН ЖҰМЫСЫН БАСТАЙДЫ

Қаржылық проблемамен бетпе-бет келген рестораторлардың билікке жазған хатын оқығанын, жақын арада «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасымен бірлесе отырып, бұл мәселені де қарастыратынын айтты Жеңіс Махмұдұлы. Демек, карантин кезінде табысынан айырылған қоғамдық тамақтану орындары өз проблемаларымен жалғыз қалмақ емес. Оның үстіне, 30 адамға дейінгі шектеумен 29 мамырдан бастап мейрамханалар мен дәмханалар, жазғы терассалар, сондай-ақ қонақүйлердің қызметіне рұқсат бар. Дәл сол күні сауда орталықтары да ашылады. Ол үшін аталған нысандар жергілікті жерлердегі тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармаларына жұмысты бастайтыны жөнінде хабарлама беріп, талаптарға сәйкес, дайындығы туралы акт алады. Бірақ, осы ғимарттарда орналасқан балалар алаңдары мен кинотеатрлардың қызметіне әзір рұқсат жоқ. Аймақ басшысы коронавирус инфекциясын жұқтыру көрсеткіші төмендер болса, карантин шараларын одан әрі жеңілдету қарастырылатынын мәлімдеді.

Сондай-ақ, 1 маусымнан облыстағы балабақшаларда кезекші топтар ашу – жоспарда.

Вирус жұқтыру жағдайы өршіп кеткендіктен, әкімдері мен бас санитарлық дәрігерлері сөгіс алған Теміртау мен Бұқар жырау ауданындағы жағдай да апта соңында қарастырылады. Егер эпидемиологиялық жағдай жақсарса, олар да келесі аптадан жалпы облыстағыдай режимге көшеді.

АНТИВИРУС ДАҒДАРЫСТЫ ЖЕҢЕДІ

Сауда мен көлік саласы өткен жылмен салыстырғанда кенжелеп тұрғанымен, облыс экономикасында өсім бар. Бұл, әсіресе, металлургия, құрылыс саласында байқалады. Бұған дейін қабылданған әлеуметтік бастамалар жалғасын табуда. «Жұмыспен қамтудың жол картасына» бөлінген 63 млрд. теңгеге облыстың әр ауданы мен қаласында балабақша, мектеп, аурухана нысандары бой көтереді. Жаңадан ашылатын 40 мыңнан астам жұмыс орнына жұмыспен қамту орталықтарында тіркеуде тұрғандар тартылады.

Бұлардан бөлек, қала көшелері, жолдары, үйлердің қасбеттеріне де күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Облыс орталығында 450 аула жөндеу жоспарына енгізілген.

Карантинге қарамастан, аймақта зауыттар да ашылды. Нәтижесінде, облысқа 800 млрд. теңгеден астам инвестиция тартылады.

Төтенше жағдайға байланысты түрлі спорттық және мерекелік іс-шаралардың өткізілмеуі де облыс бюджетіне үнем болды. Бұл қаражат вируспен күрес жұмыстарына жұмсалуда. Сондай-ақ, Қарағанды, Жезқазған қалаларындағы бассейн құрылысына да осы қаржыдан бөлінді. Біраздан бері жөндеу көрмеген «Шахтер» стадионы да күрделі жөндеуден өтеді.

43 АДАМНАН COVID-19 АНЫҚТАЛДЫ

26 мамырдағы мәлімет бойынша бір тәулікте облыста коронавирус инфекциясын жұқтырудың 43 оқиғасы тіркелді. Дертке шалдыққандар бұрын коронавирус жұқтырғандармен жақын қарым-қатынаста болған адамдарды тексеру кезінде және скрининг барысында анықталған. Оның ішінде 18 қарағандылықтан, Теміртаудың 19 тұрғынынан, Саранның 2 тұрғынынан және Абай мен Шет аудандарының әрқайсында екі адамнан шыққан.

Сырқаттанғандар – инфекциялық стационарда. Денсаулық жағдайы қанағаттанарлық, ем-дом жасалуда.

– Дертпен күрестің өзектілігін насихаттау – маңызды. Бұған дейін 200-ден аса брифингке облыс әкімінің орынбасарлары, денсаулық сақтау басқармасының өкілдері, облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері ғана қатысса, енді аудандар мен қала әкімдері апта сайын халыққа ақпарат жеткізетін болады, – деді Жеңіс Қасымбек.

Салтанат ІЛИЯШ

Басқа материалдар

Back to top button