Ашық, өткір һәм өзекті

          Облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВТЫҢ халық алдындағы есепті кездесуі сенімді серпілткен сәт болғанын газетіміздің өткен санында қысқа хабар арқылы жеткізгенбіз. Үш телеарна, облыс әкімдігінің ресми сайты тікелей көрсетілім жасап, барлық өңір ашық пікір алаңына онлайн желісі арқылы қосылғандықтан, біз ұсынып отырған кеңейтілген ақпараттың маңызы да қалмаған сияқты. Оның сыртында, бұқара мен биліктің жұма күнгі жүздесуі әлеуметтік желілерде де кеңінен талқыланып жатыр. Асығыс пікір айтып, ұшқары түйін жасап жатқандар да бар. Ал, біздің мақсат – аймақ басшысының есепті кездесуінен түйген ойымызды салмақтап, оқырманмен бөлісу. Әлеуметтік желіде әлекке түскен әлгілерге ой салу да – маңызды біз үшін. Қалай болғанда да, таспадағыдан тасқа басылған дүние құнды екенін жақсы білесіздер.

Сонымен…

Қайталап естеріңізге салайық, аймақ басшысының бұқара алдындағы бүкпесіз әңгімеге негіз болған кездесуі облыс орталығындағы Кеншілер мәдениет сарайында өтті. Өткенді саралап, ертеңгінің еңселі жоспарын салмақтауға арналған жиынға ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан САҒАДИЕВ, ҚР Парламент Сенатының депутаттары Рысқали ӘБДІКЕРОВ, Сергей ЕРШОВ, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Нұрлан ДУЛАТБЕКОВ, «Нұр Отан» партиясының хатшысы Ғабидулла ӘБДІРАХИМОВ, ҚР Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Сәлімгерей БАҚБЕРГЕНОВ қатысты.

Көңіл көншіткен көшелі көрсеткіш

Биылғы есеп берудің ерекшелігі – бұқараның билікке бұйымтай жеткізуінде мүмкіндік мол болды. Мәселен, есепті кездесуге дейін Н.Әбдіров атындағы спорт сарайында бір апта бойы «Ашық есік» күні ұйымдастырылып, атқарушы биліктің барлық атқамінерлері халықтың мұң-мұқтажы мен талап-тілегіне құлақ асты. Сондай-ақ, биыл тұңғыш рет облыс аумағында 100 нүктеге сұрақ қабылдау жәшіктері қойылды. Тіпті, кездесу өтіп жатқан сәтте де Кеншілер мәдениет сарайында тұрғындардың жазбаша өтініш-тілегі қабылданып жатты.

Ерлан Жақанұлының аймақ басшылығына келгеніне 11 айдан сәл асты. Яғни, есепті кезеңдегі жетістік те, олқылық та – өндірісті өлкенің екі тізгін, бір шылбырын жылға жуық ұстаған басшы іскерлігінің еншісінде. Айталық, көшелі көрсеткіштермен көш бастап, кемшіліктеріміз көмескіленген екен. Оған жинақы һәм салмақты шыққан әкім есебі арқылы көз жеткіздік. Жалпы, қоғамдық санасы сергек әрбір тұрғын аймақ тынысындағы ілкімді ілгерілеуді әкім есебін күтпей-ақ, күнделікті көзбен көріп, бағамдап жүрсе керек-ті. Қоғам өміріндегі қозғалыс халық назарынан тыс қалуы мүмкін емес. Ендеше, баяндамада баяндалған жәйттің барлығы – жыл бойы көңілімізді көншіткен көшелі көрсеткіштер.

Өткен жыл қазыналы Қарағанды үшін мерекелі де, берекелі жыл болды. Дала дипломатиясының данагөйі Қаздауысты Қазыбек бабаның 350 жылдығын, «Алашорданың» 100 жылдығын абыроймен атап өттік. Сонымен қатар, алты құрлықтың назарын Астанаға аударған «ЭКСПО-2017» Халықаралық көрмесіне белсене қатысып, Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруға сүбелі үлес қостық. Облыс басшылығы осынау тарихи сәттерге толы болған жылды табысты қорытындылап, ел игілігі жолында еңселі істерге ұйытқы болған екен.

Аймақтағы атқару органдарының есепті кезеңдегі барлық жұмысы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Қазақ­стан-2050» Стратегиялық бағ­дарламасында, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында және «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында қамтылған міндеттер мен тапсырмаларды орындауға бағытталды. Біз барлық саладағы резервтерімізді саралай отырып, тәуекелдерді нақтылау арқылы жоспарлы жұмыс жүргіздік. Нәтижесінде аймақ экономикасы 4,1 пайыздық өсімге қол жеткізді, – деп, сөзін салмақты бастаған Ерлан Жақанұлы өткен жылдың өрелі істері мен қомақты жетістіктеріне кеңінен тоқталды. Ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктеріміз бен еңселі істеріміз бола тұра, облыс әкімі жиынға жиналғандардың алтын уақытын құрғақ есепке зая қылған жоқ. Шындығында, әкім есебі «қызыл сөздің қырманынан» алшақ кетіп, нақты істерге шолу жасады. Баяндама ықшам әрі жүйелі шықты.

Әкім есебінің толық нұсқасы облыстық газеттерде алдын ала жарияланғандықтан болар, аймақ басшысы экономиканың жетекші салалары бойынша бағындырған мерейлі межелерге ғана тоқталып, кездесу уақытының денін бұқара бұйымтайына арнайтынын жеткізді.

Сіздердің сауалдарыңыз таусылғанша осы жерде боламыз. Мейлінше ашық болыңыздар. «Дұрыс шешім қашанда – егесе жүрген елде емес, кеңесе білген жерде» деген қанатты сөз бар қазақта. Олай болса, Сіздер мен біздер бұл жерге аймақтың, айнала жүрген ортамыздың бүгіні мен келешегі жайында кеңес құруға жиналып отырмыз, – деп емеурін танытқан әкім сөзінің астарында батпандай салмақ жатыр еді. Өйткені, қоғамдық жауапкершілік – билік пен бұқараға ортақ құндылық.

Сонымен, тауық жылында қол жеткізген табысымыз, бағындырған межеміз қандай болды? Көлгірсуден аулақпыз, аймақ тынысында ілкімді ілгерілеу бар. Бюжеттік түсім жоспардың 105 пайызын құраған. Сәт сайын еселенген жауапкершілік тұтас аймақ экономикасының өрлеуіне жол ашты. Аймақ тұрғындарының өмір сүру қажеттілігін қанағаттандыру жолында облыс экономикасының барлық бағыты облыс әкімінің жіті бақылауында болды. Соның нәтижесінде, өндіріс ошақтарында күн сайын 100 мың тонна көмір, 75 мың тонна мыс және 45 мың тонна темір кенін игеру мүмкіндігіне қол жеткізілді. Өңір экономикасына күн сайын орта есеппен 1 млрд. теңге инвестиция құйылып, бюджетке 933 млн. теңге салық түсті. Сондай-ақ, бір күнде 371 тонна ет, 183 тонна нан өнімдерін өндірген өңір көш соңында қала ма?

Аймақтың жалпы өнім көлемі 2,3 млрд. теңгені еңсеріп, жүйеқұрушы кәсіпорындар өндіріс қуатын еселей түскен. Әрине, мұның барлығы – мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде мүмкін болған игілік. Аймақ бойынша өндіріс мазмұны шикізаттық сипаттан бас тартып, өңдеуші салаға бет бұруда. Есепті кезеңде аса ірі 8 өндірістік жоба іске қосылды. Бұл табысты жобалардың ішінде екі ірі жобаны ерекше атап өтуге болады. Оның біреуі – автокөлік қалдықтарын өңдеу зауыты, екіншісі – отқа төзімді материалдар өндірісі. Биылғы жылы дәл осындай мазмұндағы тағы 5 жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр. Жаңа жобалар – мыңдаған жаңа жұмыс орындары. Яғни, өнеркәсіп саласы мен әлеуметтік саланың қанаттаса дамуына қол жеткізетін боламыз.

Өткен жылы Қарағанды облысы экономикасын инвестициялаудың жаңа Стратегиясы бекітілді. Бұл Стратегия «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағына кең тыныс әкелетін болады. Үстіміздегі жылы «Сарыарқа» АЭА-да жаңадан 6 зауыттың құрылысы басталмақ.

Шетелдік ірі компаниялармен ынтымақтастық аясы сәт сайын кеңейіп келеді. Мәселен, швейцариялық «Гленкор Интернешл» компаниясы Жәйрем кентінде жалпы құны 100 млрд. теңгені құрайтын заманауи байыту фабрикасының құрылысын бастады.

Қазіргі таңда бельгиялық инвесторлар Осакаров ауданында әктас өндіретін зауыттың жобасын әзірлеу үстінде. Нақтылап айтсақ, шетелдік инвесторлармен әріптестік жасау нәтижесінде жалпы құны 1 млрд. АҚШ долларын құрайтын 20 белсенді жобаны жүзеге асыруды көздеп отыр өңір басшылығы. 2017 жылдың қорытындысы бойынша облыс экономикасына 359 млрд. теңге инвестиция құйылған. Бұл көлем – өткен жылғы межеден 10 пайызға артық. Осы жылдың соңына дейін инвестиция көлемін 386 млрд. теңгеге жеткізу көзделіп отыр.

Елбасы Жолдауы –

сенім мен серпіннің

самғауы

Алдағы күннің жоспарлары да Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты биылғы Жолдауынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыруға бағытталатын болады. Яғни, экономиканың жетекші салаларында сандық форматта жұмыс жүргізуді қолға аламыз, – деді Ерлан Жақанұлы.

Бұл бағыттағы негізгі жобалар нақтыланып, бірқатар өндіріс орындарында цифрлық жүйе енгізуге қызу дайындықтар жүріп жатыр. Мысалы, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-да өндірістік желіні басқарудың цифрлық жүйесі әзірленді. «Қазақмыс» компаниясында да мыс өндірісінің барынша тиімді технологияға негізделген жаңа жобасы енгізілуде. Бүгінгі таңда екі байыту фабрикасының жұмысын цифрландыру жұмысы басталып кетті. Бұл – сандық жүйенің сан алуан тиімділігін дәлелдейтін болады.

Аталған жобалардың барлығы «Сандық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасына еніп отыр.

Сонымен қатар, Шұбаркөл көмір разрезінде «Ақылды карьер», алтын кенін өндіруші «Алтын Алмас» кәсіпорнында «Сандық кеніш» жобалары әзірленуде.

Қазыналы Қарағандының өнеркәсіп саласындағы бұл өзгерістердің барлығы өндіріс тиімділігін арттырып, шығынды қысқартып, бәсекеге қабілеттілік деңгейін көтеретін болады.

Кәсіпкерлік нысандарында және әлеуметтік салада да сандық жүйені кеңінен енгізу жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Қазірдің өзінде медициналық мекемелерде «Даму Мед» жобасы енгізіліп, тұрғындар үшін дәрігерлерді үйге шақыру, қабылдауға жазылу, рецептер мен талдама қорытындыларын алу мәселесінде көптеген тиімділіктерге жол ашылды. Тіпті, бұл қосымша арқылы медициналық мекеме әкімшілігіне қызмет сапасы бойынша шағым, ұсыныс жолдауға да болады.

Міне, Елбасы Жолдауынан ел көрген игіліктің мазмұны осындай. Бұл – өңір тынысына сандық технология енгізудің алғашқы кезеңі ғана. «Төртінші өнеркәсіптік революция» жағдайында төрге озуға мүмкіндігіміз бар. Оған облыс басшылығы ұйытқы болып отырған ілкімді жобалар – кепіл. Өнеркәсіптік өңірдің цифрлық өркениетті өгейсінетін жөні жоқ. Замана талабын зияткерлікпен игеруге деген құлшыныс – бекем.

«Жол қадірін

жүрген білер»

«Жаман жолда атан да сүрінеді, атаң да сүрінеді» дейді атам қазақ. Жасыратыны жоқ, Қарағанды жолдары сын көтермейтін жағдайға түсіп, атам да, атан да сүрініп жүрген. Ерлан Қошанов облыс тізгінін қолға алған сәтте облыс аумағындағы жолдарға назар аударды. Облыс әкімі ретіндегі жұмысын жол жөндеуден бастады десе де, болады.

Салалық министрліктің табалдырығын тоздыра жүріп, өңірдегі жолдарды жөндеуге қаржы сұрады. Ниеттенген басшының мұратқа жетпей тынғаны жоқ. Ретін тапты, аймақ жолдарын ретке келтірді.

Нәтижесінде облыс аумағындағы 863 шақырым жол жөнделіп, оған 33,5 млрд. теңге қаржы жұмсалды. Жезқазғанға көлікпен жету Меккеге жаяу барғанмен пара-пар еді. Қарағанды-Жезқазған, Қарағанды-Қарқаралы бағыттарындағы жолдың барынша тозығы жеткен тұстары қалыпқа келтірілді. Биыл бұл бағыттағы жолдарды жөндеу жұмыстары толық аяқталады. Сонымен қатар, облыстағы Қарағанды, Жезқазған, Балқаш, Теміртау секілді ірі қалалардың ішкі жолдары (барлығы – 237 шақырым) жөнделді.

Биылғы жылы да жол жөндеудің осы көлемі, осы қарқыны сақталатынын айтты аймақ басшысы. Қарағанды-Теміртау бағытындағы алты жолақты жолды жаңғырту аяқталады. Сондай-ақ, Қарабас-Жартас бағытындағы жолға жасалып жатқан күрделі жөндеу жұмыстары тиянақталып, Ақтоғай-Балқаш тас жолындағы қарқынды жұмыс жалғасады.

Тәулігіне 22 мыңнан астам өткінші көлік Қарағандыны қақ жарып өтеді екен. Бұл дегеніңіз – ауаның ластануы, жүйке жұқартар кептеліс және қауіпті жол қозғалысы. Кеншілер шаһарын осы проблемадан құтқару үшін Солтүстік және Шығыс айналма жолдарының құрылысы басталды. Бұл жобаның құны – 34 млрд. теңге.

Мұның барлығы – алыс жолдың азабын тартқызған проблема. Ал, қала ішінде қос аялдамалық жерге ара қонып барғандай азап тартқызып жүрген келеңсіздік – жолаушы тасымалының сапасы еді. Білесіздер, облыс әкімі бір емес, бірнеше рет елеусіз ғана қалаішілік автобустарға мініп, проблеманы өз көзімен көріп, кінәлілерді қолымен ұстаған. Кондукторлардың бірі таныды, бірі танымады әкімді. Танымағаны тәуір болып, жолаушылар мехнатын көзімен көрді аймақ басшысы. Шұғыл шара қолдану нәтижесінде жолаушы тасымалдау қызметінің сапасы жақсарып, автобустарға маршрут жиілігін бақылауға мүмкіндік беретін «GPS» қондырғылар орнатылды. Ендігі кезекте автокәсіпорындар табысының ашықтығын қадағалау тұр. Ол үшін мамыр айынан бастап билет сатудың электрондық жүйесін енгізу көзделіп отыр.

«Қарағанды-Жезқазған» бағытында күнара қатынайтын теміржол маршруты қалпына келтірілді. Оған облыс қазынасынан 236 млн. теңге қаржы бөлінді.

Сонымен бірге, биыл Қарағанды теміржол вокзалын түбегейлі жаңғырту жұмысы басталады.

Теміртау тоңа бере ме, қара қар жауа бере ме?

Кездесу барысында өңірдің экологиялық ахуалы кеңінен талқыланды. Әсіресе, Елбасына тұғыр болған Теміртаудың жағдайына халық та, билік те – алаңдаулы. Осы мәселеге қатысты облыс әкіміне залдан сұрақ та қойылды.

Теміртауда екі өзекті мәселе бар. Бірі – ТЭЦ-2, екіншісі – қаланың экологиялық ахуалы. Осы екі мәселенің түйінін шешу үшін біз барынша мазмұнды жұмыс жүргізіп жатырмыз, – деді облыс әкімі.

Арнайы жұмыс тобы құрылды. Сондай-ақ, бұл екі мәселе бойынша бар кінәні қала әкіміне арта салуымыз да – артық. Қала тұрғындарының өмір сүру деңгейі мен тұрмыстық жағдайын жақсарту бағытында қала басшылығы аянып жатқан жоқ. Жылу орталығының әбден тозығы жеткен. Ал, «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына қарасты комбинаттың домна пештері қала билігіне Ғалым Әшімов келгелі ғана жанып, содан бері ғана түтін будақтатып жатқан жоқ. Екеуі де – жылдар бойы қордаланып, өзегі енді ғана жарылғалы тұрған ескі жара.

Теміртаудың экологиясы бойынша құрылған жұмыс тобы екі бағытта, бірінші – шұғыл шаралар қолдану, екінші – жүйелі шаралар қолдану бағыттары бойынша жұмыс жасап жатыр. Шұғыл шара дегеніміз – мәселенің түпкі салдарын анықтау. Мысалы, комбинаттағы домна пешінің мұржаларында ауаға таралатын зиянды қалдық мөлшерін анықтаушы 19 қондырғы бар. Бұған дейін сол қондырғылардағы көрсеткішті хатқа түсіру компанияның өз құзырында болған. Қазір бұл құқықты жергілікті атқарушы билік өз қолына алды. Яғни, нақты көрсеткішті бұрмалай алмайды. Ал, жүйелі шаралар – ол қала көшелерін көгалдандыру, қаланы жасыл желекке айналдыру. Осы тұрғыдан алғанда, тұрып жатқан қаламыздың экологиясына әрқайсымыз – жауапты екенімізді түсінуіміз керек. Әрине, өндіріс қалдықтарының зардабы – орасан. Жұмыс тобы сараптамасының қорытындысы бойынша тиісті шара қолданып, өндіріс қалдықтарының қоршаған ортаға таралу мөлшерін шектейтін боламыз, –деп нақтылады Ерлан Қошанов.

Ал, Теміртаудағы жылу тап­шылығы бойынша станцияны толық жаңғырту жұмыстары жүргізілетін болады. Оның ішінде қосымша 7-ші қазандықтың құрылысы осы жылы басталмақ. Алдағы қыста Теміртау тоңбайтын, қара қар жаумайтын болады.

Сауалы – жан-жақты,

жауабы – салмақты

Небәрі 35-40 минутта түйінделген әкім есебінде кешегіміз де, бүгініміз де, ертеңіміз де бар. Тізбелей берсек, атқарылған жұмыс – ауқымды, нақтыланған жоспар – нанымды. Нақтылық сәттілікке бастайды. Атқарушы билік есебіне жүк болған көрсеткіштің барлығын көшіріп басу мүмкін емес. Ендеше, мейлінше ашық пікір жағдайында өткен кездесудің диалог алаңына ауысалық. Дау-дамай жоқ. Билікті өлгенше мінеп, өкірте сынағандар да кездеспеді. Залдан сөйлегендер де, аймақтардан аманат айтқандар да Қошанов билігінің берекелі ісіне байыпты баға беріп, лайықты пікір айтып жатты. Өткір сауал болмады деп өтірік айтудан аулақпыз. Болды. Барлығы өтімді жауаппен қауышты. Кейбір мәселелер бойынша тиісті лауазым иелеріне нақты тапсырмалар беріліп, облыс әкімі мұның барлығын өз бақылауына алатынын ескертті. Орнынан көп қозғалған басшы – Қарағанды қаласының әкімі Нұрлан Әубәкіров. Залдан жолданған проблемалық сұрақтың дені – Қарағанды қаласының олқылықтары. Жасыратыны жоқ, «Сонда Н.Әубәкіров мырзаның қала тұрғындары алдындағы есептік кездесуінде не айтылған?» деген сауал көкейімізде тұрып алды. Әлде, қала әкімінің кездесуін ұйымдастыру «аса жоғары деңгейде» өткен бе? Сұрақ қоятындар сұрыпталып, сынап кететіндерге залдан орын берілмеген секілді. Билікке алғыс айтқандардың да көпшілігі әсіресе Әубәкіровке риза болып шықты.

«Сырт көз – сыншы». Басшы беделін түсіретін айналасындағы «іскер ұйымдастырушылардың» шектен тыс «шеберлігі» екені аңғарылып қалды. Әйтпесе, жиналғандарды барынша ашық, мейлінше жақын әңгімеге тартқан аймақ басшысының айыбын іздеген ешкім болған жоқ. Халыққа етене жақын келіп, сонша ашық сұхбаттасқан әкім осындай-ақ болсын. Тыңдады. Жауап берді. Кейбір күрделі мәселелерді шешу жолдарын кеңесе отырып нақтылады. «Ұлттық ат спорты кенжелеп қалды, атшабар алаңы жоқ» деп дабыл қаққан жерлесіміздің ұлтқа ортақ проблеманы көтергеніне ризашылық білдіріп, алаңдуының орынды екенін және ипподром құрылысы бойынша бір кәсіпкерден ұсыныс түскенін, жуық арада мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы бұл мәселе оң шешім табатынын жеткізді. «Қаланың Михайловка, Пришахтинск тұрғын аймағында мешіт жоқ. Сәждеге бас қойғандардың дені – жасы ұлғайғандар. Оларға анау Оңтүстік-Шығыстағы орталық мешітке бару қиынға соғады» деген ақсақалдың сауалы да жауабын алды. 2015 жылғы су тасқынынан зардап шеккен көпірлердің төртеуі биыл жөнделетінін және оған 535 млн. теңге қаржы бөлінгенін білдік. Баға саясатына байланысты кешенді жұмыс жүріп жатқанын естідік. Ерлан Жақанұлының әсіресе, мүгедектер проблемасына байсалдылықпен үңіліп, оларға деген мемлекет қамқорлығын шынайы сезіндірудегі азаматтығы әрқайсымызға ой салды. Балқаштағы Саяқ кентінің ауыз су мәселесі де оң шешімін тапқалы тұр. Жезқазған қаласында дарынды балаларға арналған мектеп ашу жоспарда бар. Әзірге – құрылыстың жобалау-сметалық құжаттары дайын болғанша қала мектептерінде дарынды балалар үшін арнайы сыныптар ашылды. Ал, Сәтбаев қаласында оқушылар сарайы салынады. Ет өнімдерінің сапасы – қатаң бақылауда. Ветеринарлық бақылауды күшейту және қала базарлары мен ет дүкендеріне зертханалық қондырғылар сатып алу үшін облыс бюджетінен 800 млн. теңгеден астам қаржы бөлінді.

Октябрь ауданына Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның есімін беру мәселесі облыс әкімін толғандырмай жүрген жоқ. «Ұлы бабаның есімі – жүректерде сақтаулы. Ал, жүректегі есімнің түбі бір қағазға түсеріне күмәнім жоқ. Бұл мәселе әкімнің өкімімен бір-ақ сәтте беки салатын шешім емес. Оның артында сол ауданның 200 мыңнан астам тұрғынының пікірі тұр. Дегенмен, бұл бағытта лайықты жұмыс жүргіземіз» деген жауаптың өзі түпкі шешімнің жақын қалғанын аңғартса керек-ті.

Осының барлығы – бұқарадан сауал болып жолданып, облыс әкімінен жауап болып қайтқан ашық диалогтың қысқаша сипаттамасы. Жан-жақты сауалдың салмақты жауабы.

Не керек, микрофонға иек артқан жерлестеріміздің барлығы қанағаттанарлық жауап алды. Микрофонның төңірегіндегі ұзын-сонар кезектің жағдайын көріп, өзіне мүмкіндік тумайтынын сезгендер көкейіндегі көп сауалды хатқа түсіріп, арнайы жәшікке жолдап жатты. Ауызша, жазбаша түскен барлық сауал хаттамаға тіркеліп, бақылауға алынды. Кездесу төрт сағатқа созылды. Төрт сағат бойы аяғынан тік тұрып, халықпен келелі кеңес құрған облыс әкіміне риза болып тарқастық. Диктофонымды сайлап, қаламымды қайрап, талай әкімнің кездесуіне қатысып едім. Дәл бүгінгідей ашық әрі белсенді жағдайда өткен кездесуді бірінші көруім…

Тобықтай түйін  немесе сұрақ қоя білдік пе?

Төрт сағат. Осынша уақыттың тура үш жарым сағаты сұрақ-жауапқа кетті. Залдан да, онлайн желісінен де сұрақ қарша борады. Алайда, осынша сұрақтың басым көпшілігі облыс әкіміне қойылатын сұрақ емес еді. «Әпкем күйеуімен ажырасып кеткен. Жездем алимент төлемей жүр. Осыған кім жауап береді?». Биылғы есепті кезеңдегі «ең өзекті мәселе» осы секілді. Әрине, сауал авторы үшін. Ойлаңызшы, осы облыс әкіміне қойылатын сұрақ па? Бірақ, Ерлан Жақанұлы «Сіздің отбасылық проблемаңызға менің қатысым қане?» деген жоқ. Жауап берді. Облыстық Әділет басқармасының басшысын орнынан тұрғызып, тура осы кездесуден кейін мына кісіге кеңес беруге тапсырма жүктеді.

Сұрақтың көбі – «тисе – терекке, тимесе – бұтаққаның» кебі. Жолданған сауалдың 80 пайызының облыс әкіміне қатысы жоқ екендігін қоғам белсендісі Айтқожа Фазыл ағамыз ғана өткір айтты. Оны да елең қылмадық. Түкке тұрмайтын сұрақ жолдаумен өзгенің де, өзіміздің де алтындай уақытымызды ұрладық.

Түйіндей айтсақ, керемет олжалы кездесу болды. Тек қана мүмкіндікті мүлт жіберіп, ашықтықты бағалай білмеген – өзіміз. Әйтпесе, «Ашық әңгімелесейік» деген әкімнің жазығы не?

…Ел тарқап жатқан. Киім ілгіш маңында бір қария кейіп тұр. «Апыр-ай, әкімге обал болды-ау. Төрт сағат бойы аяғынан тік тұрып, болмайтын сұрақтарға жауап берумен болды. Сұрақ дейтін сұрақ жоқ. Айналып келіп айтқанымыз – Қарағанды қаласының проблемасы. Бұл кісінің орнына қала әкімін тұрғызып қою керек еді» дейді ішіндегісін сыртқа ақтарып. Әбден күйіп кетіпті.

Ойланып қалдым. Ақсақал дұрыс айтты ма? Әкім дұрыс істеді ме? Меніңше, облыс әкімінікі – орынды. Ешкімнің бетінен қаққан жоқ, ешкімнің аузын жапқан жоқ. Ешбір сауалды жауапсыз қалдырмады. Шыныдай мөлдір шынайылық! «Халық қаласа – хан түйесін сойған» күн болды. Аманатқа адалдық танытқанның арқасы жауыр болмайтынына көзіміз жетті.

Ерсін МҰСАБЕК.

Суреттерді түсірген  Д.КУЗМИЧЕВ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.