Ашық пікір айтылды

Аймақ басшысының елмен кездесіп, есеп беруі — атқарушы органға сындарлы сынақ. Онда ағымдағы қызметтің көлеңкесінде қалған небір өткір мәселе көтеріледі. Жергілікті билік пен жұртшылық арасындағы мұндай ашық пікір алмасу жауапкершілікті арттырады. Жуырда жұртшылықпен жүздескен Сәтбаев қаласының әкімі Асқар ЫДЫРЫСОВ аймақтың өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуына назар аударып, алда тұрған міндеттерге тоқталды. Ал, тұрғындар айтқан ашық пікір, қойған өткір сауалдан соң, байыпты баяндамадан алған әдемі әсерден айырылып қалдық.

Қаланың Құрметті азаматы Жайық Мұңсызбаев елді елеңдеткен газ қалаға қашан келетінін көлденең тартты, қалалық мәслихат депутаты Шолпан Мұхамедғалиева: «Орны әлдеқашан дайындалған еуроүлгідегі контейнерді қашан көреміз?» деген сауал тастады. Қала тұрғыны Айнаш Төлеубайқызы көпбалалы аналарға қамқорлық көрсету мәселесін көтерсе, Сұлтан Жақсылықов қала тазалығына нұқсан келтіріп, тұрғындардың тынысын тарылтқан кәуап пісірушілерді тәртіпке шақыруды сұрады. Ал, Светлана деген жас келіншек баланың бос уақытын тиімді өткізуіне тиісті қамқорлық қарастырылмағанын, қайда барсаң да қызмет ақылы екенін тілге тиек етті.

Бірнеше жылдан бері кені алынған қауіпті аймақтың тұрғындары кезең-кезеңімен қалаға қоныс аударуда. Бағдарлама бар, бірақ, соның орындалысы бапты емес. «Мен әлі Весовая елді мекенінде отырмын. Жылу жүйелі берілмейді. Жарық жиі сөнеді. Қатынас қиын. Өкпем қабынып, бір жылда екі рет ем-дом қабылдадым. Біз қоныс аудару үшін енді қанша миллиард теңге қаражат қажет?» деп Татьяна Павловна деген тұрғын сауалды төтесінен қойды. Үй салып, бірақ, айлап ақысын ала алмай жүрген құрылысшылар да бар көрінеді, оны «Доскенов» жеке кәсіпкерлігінің өкілі ашына айтты. Ал, жатақханада тұратындар да қатты алаңдаулы екені айқын аңғарылды.

Осыдан кейін қала әкімінің есебінде екшелген: «Жаңа «Нұрлы мекен» шағын ауданының құрылысы аяқталды. Былтыр жалпы ауданы 77,8 мың шаршы метрлік 25 көпқабатты үй (1 150 пәтер) салынды. Сондай-ақ, №8 шағын ауданда жаңадан коттедж қалашығы қалыптасты, 18 960 шаршы метрлік екі пәтерлі 107 үй қатарға қосылды. Таяуда №7 шағын ауданда 3 380 шаршы метрлік 2 жатақхана пайдалануға беріледі» деген деректегі сан-сапалақ саннан салмақ қалмағандай сезілді. Қысқасы, қоныс аудару қияметі — жеке журналистік зерттеуге сұранып тұрған толғақты тақырып!

Жезқазған – Ұлытау аймақтық ақсақалдар алқасының мүшесі Ә.Молақовтың: «Жасалған жұмысты жоққа шығармаймыз. Ал, аспандап тұрған жылу тарифін қалай төмендетеміз? Жылуы жоқ жылтырағанға жұмсаған қыруар қаражатты осындай мәселені шешуге неге жұмсамаймыз?.. Егер денсаулық болмаса, қалғанының құны — «көк тиын». Жуырда бір зейнеткер жарты миллион теңгеге ота жасатты. Бізді «Жедел жәрдемнің» де қызметі қанағаттандырмайды. Қаладағы 15 мектептің біреуінде ғана тіс емдеу кабинеті бар көрінеді. Жекеменшік стоматологияға апарсаң, уыз тісі түспеген баланы емдеу ақысына әкесінің құнын сұрайды. Масқара емес пе?.. Әкімдікке барсаң бірінебірі сілтейді, ешкім ештеңе шешпейді. Әсіресе, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің қызметі ақсап тұр» деген сөзі көпшіліктің көкейінде жүргенді дөп басқанын дүркірете соғылған шапалақ айғақтады.

Қойылған сауалдың жауапсыз қалғаны жоқ. Тек баланың бос уақытын өткізуі мен медициналық мәселеге келгенде қала әкімі Асқар Ыдырысов пен облыстық денсаулық сақтау басқармасы Жезқазған аймақтық өкілдігінің басшысы Ләззат Ранованың жауабы жұртшылықты қанағаттандырмай, қатты қарсылыққа тап болды. Ақыры, комиссия құрып, көтерілген мәселені тексеруге келісті.

Жалпы кеншілер қаласы өткен жылды оң нәтижемен қорытындылады. Экономика тұрақтанып келеді, әлеуметтік мәселелер шама-шарқынша шешімін табуда. 48 миллиард теңгенің өнеркәсіп өнімі (бұрнағы жылғыдан 2% артық) өндірілді. Алты мыңға жуық адамды қамтыған үш мыңдай кәсіпкерлік субъектісі 5,1 миллион теңгенің өнімін шығарып, қызметін көрсетті. Негізгі капиталға 38,3 миллиард теңге немесе бұрнағы жылғыдан 6% артық инвестиция салынды.

Жергілікті билік өз қызметінде алты стратегиялық бағытты бағдар етіп ұстанды. Есепті баяндамасына соны негіз етіп алған Асқар Ыдырысов экономикалық тұрақтылық, бизнес пен жеке қаражат салу үшін қаланы тартымды ету, қолайлы қоныс, әлеуметтік әлеуетті арттыру, қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіп, тұрғындармен тұрақты байланысты қамтамасыз ету бағытында атқарылған жұмысты нақты мысалға сүйене отырып, «жіліктеп» жеткізді. Өкінішке орай, көпшіліктің көңіл-күйі қалыптасқан жағдай кемшіліктен де кенде емес екенін көрсетті.

Әлібек ӘБДІРАШ