Бас тақырыпРуханият

Ашкөз

Әулие Мәшһүр Жүсіп Көпей атамыздың әлеуметтік желіде жүрген бір тәмсіліне көз тоқтатып, көңіл қойдым. Мәшекең екі құсқа – жарқанат пен байғызға назар аударыпты. Жарқанат он жұмыртқа тапқанымен, тек екеуінен ғана балапан басып шығарады екен. «Себебі, құс өзін және қос балапанын асырау үшін түнде жолы болса, бір тышқан әкеледі, болмаса аш өмір сүре береді» дейді Мәшекең. «Сонда да құстың семізі болады. Себебі, қанағат қылғаннан. Адам қанағатты содан ғибрат алса керек» деп әулие атамыз бір түйіп тастайды.

«Байғыз деген құс бар. Кәріптікті, бейшаралықты мойнына алып, таста жатады. Су ішпейді, бидай, тары жемейді. Аузына көлденең тістеген қылданда жіңішке жалғыз шөп болады. Оны да жемейді, құр тістеп жүрсе керек… Сүлеймен пайғамбарға барша құстар қызметкер құл болғанда, ол келмеген…

Мен жалған дүниеден ешбір керек қылған нәрсем жоқ. Сенен не іздеп келейін? – деген.

Осы сөзімен құлдықтан халас болған. Адам мұны ойлап, пікір қылуы керек. Ұшқан құсты торға түсіретін, жүйрік аңды орға түсіретін тамақ екен. Жұтқын тамағына ие болған адам торға да түспейді, орға да түспейді. Осы күнгі адаммын деп жүрген адамдардың жауы иегінің астында болып кетті. Ол жау не десеңіз, жұтқан тамақ. Жалғанда мазаққа, ақыретте азапқа түсіретін тамақ. Артық тамақтан тартынған бәрінен халас болады» депті Мәшекең.

Осы тұста аттың басын бір тартып, бүгінгі тірлікке қарай ауайық.

Қазір әлемге әмірі жүріп тұрған валюта – доллар. Бұрын, СССР кезінде атын естігеніміз болмаса, қолымызға ұстап көрмедік. Бүгін теңгеміздің құны 1 долларға шаққанда, 380 теңге. Төл теңгемізді әбжыландай жұтып барады. Осы 1 доллардың дизайнында пирамида бар. Пирамиданың ұшар басына көз орналасқан. Неге? Әркім әртүрлі болжам жасайды. Пирамида – белгілі. Мәңгілік символы. Біздің астанамызда да тұр. Перғауындар мәңгі өмір сүреміз деп өлген соң мәйіттерін бальзамдап, пирамидаларға қойғызған. Ал, доллардағы пирамиданың да не үшін бейнеленгені айтпаса да түсінікті. Мәңгілік валюта болады деген ишара. Көз неге салынған? Біреулер массондардың символы дейді. Өз ойым айтады – адам долларға тоймайды деген мағына беретін сияқты.

Біздің бала күнімізде үлкендер ортаға қойылған асқа тойған соң, «қанағат» деп дастарханнан сәл кейін ысырылып отырып, әңгімелерінің тиегін қайта ағытатын. Қазақ бабаларымыз Мәшекеңнен де бұрын айтқан: «қанағат қарын тойдырады», «тарта жесең тай қалады, қоя жесең қой қалады». Мәшекең айтқан иегіміздің астындағы жау әбден меңдеп алды. «Өзі тойса да, көзі тоймайды» деп алып, қабаттап сарай сатып алу, үсті-үстіне қымбат көлік

міну, қысқасы, жалғанды жалпағынан басу – әдет-ғұрпымызға айналып барады. Жемқорлықтың жегі құрты – осында. Сананы тұрмыс әбден билеп-төстеп алды. Философ Кантты оқымаса да, Абайды оқу керек қой. Оқыса да, тоқығысы келмейді (жетінші, сегізінші қара сөзі).

Қазақ «кедей бай болам, бай Құдай болам дейді» деп айтқан. Қазір тура осы дертке шалдыққан сияқтымыз. Дәл осы қиын-қыстау кезде ұлтқа жол көрсететін зиялыларымыз да «алтын көрсе, періште жолдан таятын» Абай атамыз сынаған көрсеқызарлыққа ұрынған. Атақ алу, соның азын-аулақ сыйлығына малдану етек алып барады. Осы өз облысымызда берсе, дәрігерлерге тағайындалған сыйлықты алып жіберуден тайынбайтын шығармашыл әріптестеріміз бар. Айтуы мүмкін, дәрігерлер адамдардың тәнін емдесе, мен рухын емдеймін деп.

Бәрі айналып келіп көзге үйіріліп тұр. Ұлы Абайдың «Ескендір» поэмасына осындайда тағы жүгінесің. Жарты әлемді жаулап алған Ескендір патшаны ұстазы Аристотельдің қу бастың көзіне топырақ шашып жіберіп, райынан қайтаратынын оқу керек.

« – Бұл адам көз сүйегі – деді – ханға,

Тоя ма адам көзі мың мен санға?

Жеміт көз жер жүзіне тоймаса да,

Өлсе тояр, көзіне құм құйғанда.

Кәпір көздің дүниеде араны үлкен,

Алған сайын дүниеге тоя ма екен?

Қанша тірі жүрсе де өлген күні

Өзге көзбен бірдей-ақ болады екен».

Абай атамыз поэмасын осылай түйіндейді. Бәрі түсінікті емес пе?

Ал, доллардағы көз – нағыз ашкөз. Жұтылып кетпейік!

Мағауия СЕМБАЙ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Басқа материалдар

Back to top button