Жаңалықтар

Асқар тау алыстаған сайын асқақтайды

Жақында ғана фәниден бақиға баз кешкен мемлекет және қоғам қайраткері Қамза Бижанұлы Жұмабековтің көзі тірі кезінде қағаз бетіне түсірген бұл дүниесін оқырман назарына ұсынудың орайы бүгін келіп отыр. «Өсер елдің баласы бірін бірі батыр дейді» деген нақылдың өміршеңдігін нақтылай түсер жазбада кейіпкердің келісті болмысы мен ел мүддесі жолындағы нәтижелі еңбек жетістіктері боямасыз қалыпта көрсетіледі. Әсерлі әңгіме-сөздің астарынан автордың адамдар мен өмір құбылыстарына қатысты өзіндік көзқарасы мен бұлжымас ұстанымдары да айқын аңғарылады… Мағыналы ғұмыр кешкен марқұмдардың өнегелері өздерінен кейінгі ұрпақтың бойына молынан дарығай, лайым!..

Редакциядан.

Мен бұл тіркесті осынау жүрекжарды жазбама тақырып етіп бекер таңдаған жоқпын. Өйткені, бұл – ақылман ата-бабаларымыздан қалған, өмірдің өзінен алынған, астарында зор мән-мағына бар қанатты қағида. Расында да, байқап тұрсаң, ұшар басы көкпен таласқан асқар таулар өзің сол таулардан алыстаған сайын асқақтап, толағай тұлғасы зорая түскендей әсер қалдырады.

Өмірде осы айбынды да асқар тау тектес, жаратылысы ерек, болмысы бөлек жандар болады. Олар да, шын мәнісінде, тау секілді. Неге десеңіз, ерекше бітімді мұндай адамдар бейнесі уақыт тозаңымен көмескіленіп қалмайды. Керісінше, жылдар жылжып өткен сайын, олардың өз көңіліңдегі онсыз да тау тұлғасы бұрынғыдан бетер биіктеп, нұрлы бейнесі айшықтала түседі. Уақыт, шіркін, сені олардан қаншалықты алыстата түссе, сенің оларға деген қылаусыз қадір-құрметің мен ризашылығың соғұрлым еселене бермек. Міне, менің бұл жазбама «Асқар тау алыстаған сайын асқақтайды» деген тақырып қоюымның себебі осы. Өйткені, мұның кейіпкері – тау тектес, нар тұлғалы, өзім үшін және көзін көрген барша замандастары үшін ерекше қадірлі бауырым Тұрсын Мұқашұлы Жәкешов. Яғни, бүгінгі сөз – көзден тайса да көңілден кетпейтін, жарық та жарқын жүзі жадымнан өшпейтін, ардақты да абыройлы ел азаматы туралы.

Ең әуелі айтарым, Тұрсын бауырымыздың саналы ғұмыры туған елі, өз халқы үшін тер төге, аянбай еңбек етумен өтті. Бойына Тәңір дарытқан қуатының арқасында өзіне жүктелген қай міндетті де тыңғылықты атқарып, зор беделге бөленді. Ауыл шаруашылығының әр саласында еңбек етіп, бұрынғы Ақадыр ауданына қарасты Өспен кеңшарының Еркіндік бөлімшесін көп жыл басқарды. Оның өз табиғатына тән, болмысына сіңген адами қасиеттерінен қол үзбей, қоңыржай тірлігінен айнымай, айналасындағыларға шуақ нұрын шашып, Отанымыздың дамуына аянбай үлес қосқаны барша ел-жұрттың жадында.

Бауырымыздың өткен өміріне көз жіберсек, қиын да қызықты болғанын аңғарамыз. Қуанышты, сәтті күндері де аз болмаған тәрізді. Нардың жүгін көтерер атпал азаматтың өзін қайыстырар ауыртпалықтарды да бастан аз өткермеген секілді.

Иә, бұл өмірде тағдыр шіркіннің кім-кімге де арқалатар ауыр жүгі, азаматтығы мен қажыр-қайратын сынға салар сәттері болмақ. Бұл сыннан жұмыр басты пенденің ешқайсысы сырт қала алмайды. Мәселе – сол тағдыр арқалатқан ауыр салмақ пен жауапкершілік жүгін қайыспай көтеріп, қиындыққа мойымай, азамат деген атқа шын мәнісінде лайық екеніңді дәлелдей білуде. Осы тұрғыдан келгенде, Тұрсын бауырым – өзінің кемел азамат екенін әр қырынан, сан түрлі қасиеттерімен дәлелдей білген дара болмыс иесі.

Алғаш кездескенде жүзі күнге тотыққан қараторы жігіттің көзінен төгіліп тұрған мейірім шуағына айрықша тәнті болғанмын. Мұндай адаммен жүздескен кез келген жанның жанарында жарқыл, көңілінде ықылас оянбауы еш мүмкін емес. Содан ба екен, Тұрсекең жүрген орта әрдайым жайраң, әрдайым жадыраңқы сезілетін.

Мен онымен талай жыл етене жақын жүріп, көпшіл, қоғамшыл, бауырмал екенін айқын сезіндім, ақылды, ілтипатты, орынды ой салатын іні тұттым. Ол қашанда өз қабілетін дәлелдеп, қандай жағдайда да адалдық пен адамдықтың ақ жолынан айнымай, орта жолда шаңдаққа аунатып кеткісі келгендердің екпініне де төтеп беріп, бар зейінін ізденіс пен еңбектенуге жұмсады. Әріптестерінің арасында табанды маман ретінде танылды. Қай мәселеде де істі насырға шаптырып алмауға тырысты.

Тұрсынның бойындағы ерекше бір қасиет – алға қойған мақсатына, көздеген межесіне жетпей тынбайтын. Қандай да бір жағдайлардың аңысын алыстан аңғарып, сол жолда болмай қоймайтын қиындықтардың алдын алуға ұмтылатын.

Басты ерекшелігі – халқының қадірін білді. Халқы да оны қадірлеп, құрметтеді. Қай жерде, қандай қызмет атқарса да, оның есімін ізетпен атап, жақсы лебізін аямаған жандарды көп кездестірдім. Артының сұрауы, аузының дуасы бар, абыройлы азамат дегеннің айқын бір мысалы осы болса керек!

Ол өзі де жауапты қызметтер атқарып, қаншама адамдарға жан жылуын арнап, ақылшы әрі қамқоршы болып жүргенімен, ешқашан астамшылық пиғыл танытып көрмеді. Керісінше, талай жақсы-жайсаңдармен жанаса жүріп, өзінің солардан тәлім-тәрбие алғанына марқаятын. Олардың көрегендігін, қызметтегі тазалығын, әділет пен шындық жолын берік ұстанған үлкен қабілет иелері екендігін паш етіп, айтып та жүретін. Меніңше, бұл да – екінің біріне бұйыра бермейтін игі қасиет. Ал, белшеден кешкен бейнетін ешкімге бұлдамағаны, айтарын аянбай, ойын тартынбай айтқаны, ешқашан шен-шекпен, лауазым-дәреже дәметпегені, сыйлық-марапат дегендерге қызықпағаны, тағы да басқа тамаша қасиеттері – кім-кімге де сөзсіз үлгі-өнеге.

Тұла бойына Тәңірдің қалауымен осындай талай-талай тамаша қасиеттер тоғысқан Тұрсекеңнің қоғамға, елге, Отанға деген патриоттық сезімі ерекше еді. Қандай қысылтаяң жағдай мен сындарлы сәттерде де жан мен ар тазалығын абыройлы сақтай білген, кісілігі мен кішілігі бірдей жарасқан нар тұлғалы азаматтың мерейі әркез үстем болатын.

Мен оны оңайдан олжа тапқысы келетін, орайлы сәттерде жақсы жағынан көрініп қалуға бейім жандардан мүлде бөлек, түсінігі төмен кейбір пенделерден барша бітім-болмысымен биік тұрар біртуарым деп бағалаймын. Түренді тереңге, тыңға салатын тегеурінді ізденістің адамы еді деп қорытынды жасаймын. Кісінің ала жібін аттамаған, адал еңбегінің жемісімен ғұмыр кешкен, ел-жұртын еңбекке бастаған, береке-бірліктің ұйытқысы бола білген, кең ойлап, кемел пішкен кемеңгерім деп түйемін.

«Тұрсекең өмірге ғашық көзбен қарайтын, ел үшін жаратылған, Алла берген несібені қанағат тұтатын жан еді», – деп әріптестері, достары ұдайы айтып отырады. Бұл пікірге мен де толық қосыламын. Тұрсын бауырымдай ғажайып жаратылыс иесі бұл өмірге сирек келеді.

Тұрсын Мұқашұлы отбасының ұйытқысы, келініміз Күләнда Шабанбайқызы бұл өмірден тым ерте аттанды. Алайда, Алланың берген сол өлшеулі жасын отбасының берекелі болуына арнап, Тұрсекең екеуі өмірлерін сәнді де мәнді өткізгендері ел жадында. Амал не, Тұрсынның өз ғұмыры да келте болды. Тек көңілге жұбаныш етеріміз бір-ақ нәрсе. «Орнында бар оңалар» демекші, олардың ұл-қыздары әке атына әбден лайық перзенттер болып есейді. Еркіндік ауылында асқақтай бой көтеріп, Тұрсын қожа атымен аталған еңселі мешіт үйі – сол ұлағатты ұрпақтың әке рухына арнаған сүбелі істерінің бірегейі. Сонымен бірге, бұл игі істер – олардың әке тағылымын көңілге түйіп өскенінің белгісі. Олай болса, осындай өрелі ұрпағы және есімін есте ұстар елі бар Тұрсекеңнің нұрлы бейнесі ешқашан ұмытылмақ емес, жұртшылықтың жады мен жүрегінде сақтала бермек.

Қамза ЖҰМАБЕКОВ,

бұрынғы Жезқазған облыстық атқару комитетінің төрағасы.

Елордадағы «Кәусар» баспасынан жарық көрген Тұрсын Мұқашұлы туралы «Нар тұлға» кітабының тұсаукесері бүгін, яғни, 7 желтоқсанда сағат 15.00-де Н.Гоголь атындағы облыстық кітапханада өткізіледі.

Марқұмның рухына арналған ас 9 желтоқсан күні сағат 12.00-де Шет ауданы, Өспен ауылдық округіне қарасты Еркіндік ауылындағы Тұрсын қожа атындағы мешіт асханасында беріледі. 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button