Асқар Мамин «Қарағанды-Балқаш» тасжолындағы жөндеу жұмыстарының барысымен танысты

Үкімет басшысы «Нұрлы жол» және «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламаларының орындалу барысын тексерді. Биыл облыс аумағында «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 800 шақырым жол жөнделеді. Соның бір тармағы – «Қарағанды-Балқаш» тасжолы.

Туристік өңірге жеткізетін жолды жөндеу жұмыстары былтырғы жылы басталған еді. Жоспар бойынша, жыл соңына дейін пайдалануға берілуі тиіс. Биыл елдегі төтенше жағдай режиміне байланысты жол-құрылыс жұмыстары кеш басталды. Әйтсе де, мердігерлер жаз бойы қарқынды жұмыс істеп, құрылыс жұмыстарын межелі уақытында аяқтамақшы. 

Жолдың жалпы ұзындығы – 363 шақырым.  Ол үш ірі учаскеге бөлінген. Мұнда 297 су өткізу құбыры, 17 көпір, көлік айрығындағы екі жол өтпесі және ауыл шаруашылық техникаларына арналған 33 өткел салынады. Қазір жолдың барлық учаскелеріне 900-ге жуық техника мен 1 800 жұмысшы жұмылдырылған.  

Премьер-Министр жол-құрылыс жұмыстарының қарқынын күшейтуді тапсырды және көлік инфрақұрылымының сапасын қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті.