Руханият

Арзу Анталья төріндегі нақышты Наурыз байрам


Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мейрамы, 20-23 наурыз күндері Анталья қаласында Түркия Республикасының Мәдениет және туризм министрлігі мен Экономикалық даму және әлеуметтік зерттеу институтының (IKSAD) ұйымдастыруымен Халықаралық Наурыз саммиті болып өтті. Оның жұмысына жер жаһанның әр қиырынан арнайы келген түбі бір түркі тілдес халықтардың өкілдері көптеп қатысты.

Сандаған тарихи ескерткіштер мен мыңдаған мінәжатханалардың мекені, әлемнің барлық елдерінен жыл бойы ағылып жататын миллиондаған туристердің әйгілі демалыс орны, қашан да гөзал Анталья шаһары қандас бауырларды құшақ жая қарсы алды. Өркениет көшінде аты озған түрік ағайындар бұл жолы да биік мәдениет пен қошеметтің үлгісін көрсетті. Қапысыз дайындығымен, қалтқысыз қызметімен тәнті етті, риза етті.

Халықаралық Наурыз саммиті – 7 тәуелсіз академиялық симпозиумнан тұратын көп ұлтты, сан салалы зияткерлік іс-шаралар кешені. Саммитте әлеуметтік ғылымдар, оның ішінде тіл, тарих, әдебиет, мәдениет, өнер және әлеуметтану тақырыбында жазылған түрлі таңдаулы шығармалар талқыға түсті. Саммит аясында ұйымдастырылған симпозиумдар Түркі әлемінің түрлі елдерінің аталған салада жинақталған бай іс-тәжірибесін біріктіру, теоретик ғалымдары мен практик мамандарының ілім-білімін үйлестіру, шығармашылық тұлғаларының елеулі еңбектерін паш етуге бағытталған екен. Осы тараптағы білікті, озық үлгілі жұмыстар көптеп таныстырылған академиялық сессиялар мен ой-талқы отырыстарға қосымша, саммиттің тағы бір тағылымды мақсаты тамыры бір тарихи және мәдени байланыстарымызды бұдан да берік бекемдей түсу болып табылады.

Саммит аясында мынадай симпозиумдар ұйымдастырылды: Дада Қорқыт атындағы түрік, Абай атындағы қазақ, Шыңғыс Айтматов атындағы қырғыз, Әлішер Науаи атындағы өзбек, Бақтияр Вахабзаде атындағы әзірбайджан, Мақтұмқұлы Фраги атындағы түркімен, Мифтахетдин Ақмолла атындағы башқұрт тарихы, мәдениеті мен әдебиетіне арналған іс-шаралар. Пленарлық мәжілістер барысында өз топырағында сұрыптан өтіп келген салиқалы баяндамалар сарапқа түсті, жылы шырайлы отырыстарда кең ауқымды әңгімелер өрбіді. Ғалым-мамандар емен-жарқын пікір алмасты, ой бөлісті. Ежелден ежеттес халықтардың бірлігін бағалау, ынтымағын нығайту тұрғысындағы ұсыныс-тілектерін ортаға салысты.

Саммит жұмысына Ресей Ғылым академиясының академигі, философия ғылымдарының докторы Вахид Хумидұлы Ақаев (Ресей, Шешенстан), ғылым докторы, ғалым, жазушы Рашид Шавхатұлы Хакимов (Ресей, Татарстан), ғылым докторлары Айман Ақынбекова (Қырғызстан), Сенрана Хасими (Әзірбайжан) белгілі ғалым мамандар Надежда Канзычакова (Хакасия), Лейсян Ахмадуллина (Башқұртстан), Салтанат Төлегенқызы Айбергенова (Қазақстан) сынды есімі елге кең танымал тұлғалардың қатысуының өзі оның жоғары деңгейін көрсетсе керек.

Қазақ тілді симпозиумға еліміздің жоғары оқу орындарынан отыздан астам ғалым мамандар ат салысты. Үш күнге созылған шаралар шеңберінде «Қазіргі қазақ прозасындағы Алаш идеясы», «Абай және әдебиеттегі «көлеңке» архетипі», «Қазақстандық студент жастардың жаңашылдық сапасын қалыптастырудың педагогикалық негіздері», «Қазақстан Республикасындағы инклюзивтік білім беру», «Білім сапасын арттыруға жаңа технологияларды қолдану» сияқты бүгінгі таңда аса өзекті, проблемалық мәселелер талқыға түсті.

Түркі тілдес халықтардың басын біріктірген алқалы басқосуға қазыналы Қарағандыдан мұндай мазмұндағы іс-шаралардан қашанда қалыс қалмауға тырысатын «Болашақ» академиясы ғана үн қосқан екен. Симпозиумда академия ректоры, философ-ғалым Құралбай Меңлібаевтың «Бұқар жырау шығармаларындағы әлеуметтік-философиялық ой-толғамдар» және ғалым Елеужан Серімовтің «ХІІ ғасыр ғалымы әз Замахшари және оның «Мұқадиммат әл-адаб» сөздігі жайында» атты баяндамасы жоғары бағаланды. Әсіресе, биылғы жылы көмекей әулие, ұлы жырау Бұқар Қалқаманұлының 350 жылдығы кең көлемде аталып өткелі жоспарланып отырғанын ескерсек, оның өмірі мен шығармашылығының осындай жоғары деңгейде, оның үстіне Ұлыстың ұлы күніне орай арнайы сөз болуы аса қуанарлық, құптарлық қадам болды деп білеміз. Спикердің сөз түйініндегі: «Қазақ халқын ұлттық жолға салған, ұлт-азаттық күресінің дабылын қағып, туын қолында ұстаған, біртұтас қазақ мемлекеттігінің рухани көсемі болған бабамыздың теңдессіз толғаулары, ғибратты өсиеттері егемен ел болған мына алмағайып кезеңде де аса құнды, өз мәнін жойған жоқ. Бұқар жыраудың сөздері – ХVІІІ ғасырдағы қазақ тіршілігінің энциклопедиясы. Бұл күнгі стратегиялық мақсат – Ұлт көшбасшысы Н.Назарбаев айтқандай, егемен ел болу, тәуелсіздіктің саяси, рухани, экономикалық негіздерін нығайту. Демократия күшімен, елдің жасампаз ісімен алға баса беруіміз керек» – деген толғамды сөзі көпшілік көңілінен шықты. Сондай-ақ Е.Серімовтің баяндамасы да бұрын ешкім түрен салмаған тың тақырып ретінде қызығушылық туғызып, зерттеушінің бұл тараптағы ілкімді ізденісі лайықты бағасын алды.

Бір айта кетерлігі, Наурыз мейрамын түрік ағайындар біздегідей кең көлемде атап өтпейді екен. Тіпті, мерекелік қызыл даталар санатына да енгізілмеген. Есесіне мұнда Құрбан айт ерекше тойланады, халыққа 10 күн демалыс беріледі екен.

Осы олқылықтың орнын жер-жерден жиналған түркі тілдес ағайындар толтырды. Саммит бағдарламасына сәйкес «Наурыз байрам» да өз мәнінде атап өтілді. Алдымен жиналғандар алдында белгілі ғалым Афаг Садыгова (Әзірбайжан) «Наурыз мейрамының спецификалық ерекшеліктері» жайында баяндама жасады. Содан соң әр ұлт өкілдері кезегімен сөз алып, ойға ой қосты, мерекелік тілектерін білдірді.

Қазақ Африкада да қазақ! Той-думан десе бір бүйрегі бұрылып тұратын біздің ағайындар, әсіресе алматылық азаматтар тас түйін дайындықпен келген екен. Ақылдаса, бірлесе келіп, осынау көл-көсір мерекені ұйымдастыруға ұйықты болған Мұстафа бейағзам бастаған бірнеше түрік азаматының иығына қазақы жолмен шапан жаптық. Бір бұрышқа ұлттық дәм-тұзға толы дастарқан орнап қалған екен. Қонақтар өздері үшін таңсық жұқа нан, бауырсақ, қазы-қарта, жал-жая, құрт, ірімшік, тағы басқа ас мәзірлерінен дәм татып, қымыз, шұбатпен сусын басып, кәні болды да қалды. Бірнеше халық әні шырқалып, мерекелік көңіл-күй орнады. Қиуадан қиысып, «Қара жорға» ортаға шықты. «Қызыл өрік» те қалыс қалмай, баршаның қанын қыздырды. Бауырлардың бұл бастамасы мен бірлігіне осы толайым іс-шараның басы-қасында жүрген Бауыржан Ботақараев, Қалдыгүл Әділбекова бастаған Түркия жеріндегі ағайындарымыз дән разылық танытты.

Жыл бойы қызуы бір басылмайтын Жерорта теңізінің жағалауы, бес күн бойы ғажайып сәулеті мен сән-салтанатына таңдай қағудан жалықтырмаған Анталья төрі түбі бір түркі бауырлардың ортақ қызық-қуанышына шомылып, ерекше нұрланып тұрды.

Сөз жоқ, түркі тілдес халықтар арасында Түркия елінің сарабдал мемлекеттік саясаттың арқасында оқ бойы озып кеткені еріксіз мойындатады. Қайда барсаң да, қайда болсаң да тәртіп пен мәдениет, кішіпейілділік пен ілтипат андағайлап алдыңнан шығады. Бір еркіндікті, кеңдікті, жылы шырайды жақсы сезінесің. Барлық пен байлықтың баршасы қалың бұқараның игілігіне, байыпты тыныс-тіршілігіне жұмсалып жатқаны анық көрініп тұр.

Дүниеде түптес туыстар мен мұраттас достардың кездесуінен өткен не ғанибет бар?! Біз Ел Түріктің де, Ер Түріктің де ежелгі бесігі – кіндік Азиядан барған едік. Баршамызға ортақ мүбәрак Қорқыт Атамыз бен Қожа Ахмет Яссауи данамыз жатқан киелі топырақтан келген едік. Жалпы қуанышқа ізгі тілегіміз бен ыстық сәлемімізді қалыпты жеткізе білдік.

Мұндай басқосулардың беретін әсері, алатын тағылымың мол. Көңілге түрлі ой салады. Міне, ширек ғасырдан астам уақыт өтті – біз тәуелсіз елміз. Азаттықтың дәмін таттық. Тәуелсіздігімізбен бірге келген демократия, өркениетті экономика мен рухани дамудың арқасында алыс-жақын шет елдерге еркін шыға бастадық. Соның ішінде тарихы тамырлас, келешегі мұраттас түркі жұрттарының біз үшін орны ерекше. Оған осы басқосу барысында көзіміз әбден жетті. Бір туған Әзірбайжан, Қырғыз, Түркімен, Өзбек, Қазақ елдері ұзақ жылдардан бері жұптарымыз жазылмай, бірге келеміз. Ақыл қосысып, күш біріктірудеміз. Түркі мемлекеттері мен қауымдастықтарының достық, туысқандық және ынтымақтастығын паш еткен мына саммит те соның айқын куәсі болды. Жыл өткен сайын сарапқа салар мәселелеріміз салиқаланып, ұйғарымдарымыз ұтқырланып келе жатқаны байқалады. Саясатта да, экономикада да, тіл мен мәдениетті дамытуда да бірге талқылайтын күрделі мәселелер бар. Сол тұрғыда бұл жиынның да ұйтқымызды күшейтіп, қатарымызды нығайтқаны кәміл. Әрі тәуелсіз мемлекетіміздің мерейі үстем бола түскен сайын жалпы түркі әлемінің абыройы аспандай түсері анық. «Төсекте басы, төскейде малы қосылған елдердің ордалары көбейген сайын одақтастығы нығая түскей, жаратқан өзара жарастығымыздан, өзгелерге шарапаттылығымыздан айырмағай!» – деген ортақ мәмілеге келіп, баталасып тарастық. Саммиттен біз түйген түйін де осы.

Жомарт ОСПАН,

Қазақстан Журналистер

одағының мүшесі, өлкетанушы.

Қарағанды – Анталья – Қарағанды.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button