Басты тақырыпОблыс әкіміТұлға

Арысын аттандырды Алаш жұрты

Тамыз айының екінші жұлдызында Қарағанды жұртшылығы К.Станиславский атындағы Қарағанды облыстық орыс драма театрында қазақ ұлтының біртуар қайраткері – Сұлтан ДОСМАҒАМБЕТОВТЫ ақтық сапарға шығарып салды. Қазақ халқының біртуар перзентінің қазасына байланысты Президент Н.НАЗАРБАЕВТЫҢ көңіл айтқан хатын облыс әкімі Нұрмұхамбет ӘБДІБЕКОВ оқып берді. Қаралы жиынға сонымен қатар, мемлекет және қоғам қайраткері Оралбай ӘБДІКӘРІМОВ, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Ералы ТОҒЖАНОВ, тағы басқа жоғары лауазымды тұлғалар қатысып, қалың елдің қайғысын бөлісті.

Қарағанды аспаны қайғыдан түнерді де тұрды сол күні. Халқының да қабырғасы қайғыдан сөгілгендей еді. Аспан асты, жер үстінде арысын жоқтап, аза тұтты. Облыстық орыс драма театрының іші-сырты қаралы жиынға жиылған халықтан көрінбей кетті. Қабырғалы қайраткердің қара жамылған отбасы мен жақын-жуығына көңіл айтып, қайғысына ортақтасты. «Біреудің кісісі өлсе – қаралы ол» дейтін ұлы Абай мұндайда. Өліп жатқан біреудің ғана кісісі емес, бірақ. Алаштың аманатын арқалаған арыстың өзі. Халқының қадіріне жетіп, өле-өлгенше қалтықсыз қызмет етіп кеткен қабырғалы қайраткер оғлан. «Өлді деуге сыя ма, ойлаңдаршы?» немесе «Арттағыға сөзің мен ісің қалса, өлсең де, өлмегенмен боласың тең» дейді, тағы да хакім Абай. Мәңгілік сапарға аттанған біртуар ұлдың бақилық жолына осы екі сөз де сыятын сияқты көрінді маған.

Халқының бақытына бола туған арысты ақтық сапарға аттандырар жолда Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқы мен марқұмның отбасына көңіл айтқан хаты оқылды.

«Есімі елге мәлім қайраткер азамат Сұлтан Досмағамбетовтың дүниеден өткенін естіп отырмын. Ауыр қайғыларыңызға ортақтасып, көңіл айтамын. Сұлтан Қапарұлы ұзақ жылдар бойы Қарағанды облысының басқару органдарында жауапты қызметтер атқарып, осы өңірдің өркендеуіне мол үлес қосып еді. Облыстық партияның екінші хатшысы, атқару комитетінің төрағасы, пединститут ректоры, мәслихат хатшысы лауазымдарын атқара жүріп, зор ұйымдастырушылық қабілеті мен жоғары адамгершілік қасиеттері арқылы жұртшылық арасында үлкен абырой-беделге ие болды. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де қоғам өмірінен қол үзбей, ел тәуелсіздігінің нығаюы, халқымыздың бірлігін арттыру жолында аянбай қызмет етті. Еңбегі жоғары мемлекеттік наградалармен атап өтілді. Бірнеше рет мәртебелі органдардың мүшесі болып сайланды. Ол кісінің есімі мен еңбегі оны білетіндердің жадында әрдайым сақтала береді деп ойлаймын. Марқұмның топырағы торқа, жаны жәннатта болсын!», – делінген онда.

Өз кезегінде сөз тізгінін алған аймақ басшысы Нұрмұхамбет Қанапияұлы белгілі қоғам қайраткері, еңбек ардагері, ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері, көптеген медальдар мен ордендердің иегері, Қарағанды қаласының Құрметті азаматы, профессор Сұлтан Қапарұлының Қарағанды облысына сіңірген өлшеусіз еңбегін атап өтті. «Сұлтан Қапарұлы еңбек жолын қатардағы мұғалімнен бастап, мемлекет қайраткері деңгейіне көтерілді. Тарихшы, заңгер, саяси экономист ретінде тау-кен саласының экономикасын, оның мәні мен ерекшелігін терең зерттеді. Одақтық масштабтағы мәселе – Қарағанды көмір бассейні, оның экономикалық проблемаларын тиімді шеше білді. Қарағанды облысы – аумағына Латвия, Литва, Эстония, Грузия, Армения, Әзірбайжан, Молдавия мемлекеттері сыйып кететін еліміздегі ең ірі аймақ. Сұлтан Қапарұлы осы аймақты басқарып қана қоймай, барынша дамытты. Партия комитетінің хатшысы бола жүріп, облыстағы білім беру мекемелерін, оның ішінде жоғары оқу орындары мен ғылыми мекемелерін, мәдениет ошақтарын, денсаулық сақтау саласы нысандарының және басқа да әлеуметтік сала ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға күш салды. Соның арқасында қазіргі көптеген нысандар бой көтерді. Осы тұста Қарағанды облысы Кеңестер одағының үздік он аймағының қатарына енді. Ал, бүкілодақтық кеңестік социалистік республикалар одағы халық шаруашылығы байқауында алты мәрте бас жүлдені жеңіп алды. Сол еңбегі үшін Сұлтан Досмағамбетов халық шаруашылығын көтерудегі жетістігі үшін Алтын медальмен алты мәрте марапатталды. Кеншілер даңқы төсбелгісінің толық кавалері аталды. Өмірлік тәжірибесі мен ел билеу ісіне талантты жастарды тарту арқылы көптеген қоғам және мемлекет қайраткерлерін тәрбиеледі», – деді облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков.

Жақсының артынан жақсы сөздер айтылды. Құран оқылып, дұға бағышталған соң, арысын ақтық сапарға шығарып салды елі. Артында қалған халқына амандығын берсін, Алла.

Жәнібек ӘЛИМАН

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button