Арыстық балалар – Қарқаралыда

Арыстық отыз балдырған Қарқаралыға келді. Олар ҚарМТУ-дың «Политехник» демалыс базасында бір маусым демалады.

Балалардың Сарыарқаның інжу-маржаны саналатын Қарқаралыдағы демалысын Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті ұйымдастырып отыр. Оқу орны сапардың барлық шығынын көтеріп, «Политехник» демалыс базасында жанға жайлы жағдай қалыптастырды.

  • Әзірге, Арыс қаласындағы оқдәрі қоймасының жарылысынан кейін тұрғын үйлер қалпына келтірілуде. Біз балалардың «Политехник» демалыс базасында демалып, сауығуына мүмкіндік беруді қажет деп шештік. База Қарқаралы ұлттық табиғи паркінің көркем жерінде орналасқан. Балалар лагерьге 25 шілдеде келді. Он бес күнді осында өткізеді. Олардың бос уақытын тәлімгерлер, аниматорлар мен экскурсия өткізушілер ұйымдастыруда, – дейді ҚарМТУ аппаратының жетекшісі Гүлназ Мусина.

Балаларға арналған бағдарлама ауқымды. Кураторлық қызметті «Жас Орда» жастар ұйымының белсенділері мен университеттің жастар саясаты департаментінің өкілдері өз мойнына алған. Шеберлік-сыныптары мен тренингтер балалардың білімі мен қабілет деңгейін арттыруға мүмкіндік береді. Бүлдіршіндер туристік серуендерге барып, түрлі байқаулар мен ойындарда, зияткерлік және спорттық жарыстарға қатысып, уақыттарын көңілді өткізуде. Экскурсия кезінде табиғи саябақтың қызықты жерлерін аралап, тарихы бай Қарқаралы қаласымен жан-жақты танысуда.

Өз тілшімізден.