Бас тақырыпБасты тақырып

Арыстық балалар – Арқа төрінде

Жарылыстан соң қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатқан Арыс қаласының балалары Қарағанды облысында жазғы демалыстарын өткізуде. Осыған дейін бір топ бала жарты ай бойы Қарқаралы ұлттық табиғи паркіндегі демалыс базасында демалған болатын. Жақында екінші топты Ақтоғай ауданында қарсы алып, Бектауата шатқалындағы Сарыарқаның «марсиандық» пейзаждары бар киелі жеріне алып келді.

Осыған дейін жазғанымыздай, еліміздің білім беру ұйымдарының арасында алғашқылардың бірі болып Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің оқытушылары мен қызметкерлері Арыстағы оқ-дәрілердің жарылысы кезінде зардап шеккен қала тұрғындарына материалдық көмек көрсету мақсатында ашық шотқа бір күндік жалақыларын жедел аударды. Одан кейін Қарқаралы ауданында 30 балаға демалыс ұйымдастырған болатын. Жас қонақтарды «Политехник» демалыс базасына орналастырып, оларға экскурсиялар мен туристік жорықтар, спорттық жарыстар мен зияткерлік ойындары бар мазмұнды бағдарлама ұйымдастырды. Мәдени бағдарламада балалар ұлттық табиғи саябақтың тартымды орындары мен бай тарихы бар Абай Құнанбаев тоқтаған үйге барды. Сондай-ақ, Құнанбай қажы мешіті мен Мәди Бәпиұлының ескерткішіне, Қарқаралы тарихи-өлкетану мұражайына экскурсия жасады. 6 жастан 14 жасқа дейінгі әрбір оқушыға естелік сыйлықтар (спорттық костюм, аяқ киімдер және тағы басқалары) берілді. Балаларды алып жүретін жауапты педагогтерге ҚарМТУ логотипі бар кәдесый және жарнамалық өнімдер жиынтығына (буклеттер, бейсболкалар, қаламдар, блокноттар) естелік сыйлықтар берілді. Жазғы лагерьде болған соң барлық қатысушылар университетке келіп, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың мұражайында, ҚарМТУ-дің тарих мұражайында болып, инновациялық жобалар көрмесін тамашалады. «Армандастар ордасы» тұрғын үй кешенінде, «Жастар әлемі» Жастар сарайына экскурсия өткізді. Университет ұжымы Сарыарқаның інжумаржандарымен танысқан балаларды үйлеріне шығарып салды.

Келесі күні Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошановтың бастамасымен Арыстан 200 бала Ақтоғай ауданының Бектауата шатқалында орналасқан қала сыртындағы «Факел» сауықтыру лагерінде қабылданды. Кішкентай қонақтарды Сарышаған станциясының теміржол вокзалында Ақтоғай ауданының әкімі Салтанат Әбеуова, Приозерск қаласының әкімі Қайрат Қамзин, Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты Айман Түкбаева, педагогтер мен ата-аналар қауымы қарсы алды. Автокөліктердің колоннасы жол полициясы қызметкерлерінің бастауымен Бектауата шатқалына бет алды.

«Факел» лагерінің қызметкерлері ұжымы командасы алдағы уақытта балаларға жарқын әсер сыйлау үшін барлығын жасайтынын айтады. Бір ай бойы олар экологиялық таза тау аймағында демалатын болады. Арыс оқушыларын таза ауада спорттық-бұқаралық ойындар, робототехника және қолмен модельдеу шығармашылық зертханаларындағы танымдық сабақтар, туристік жорықтар күтіп тұр.

Айта кеткен жөн, балалар лагерьде алты рет тамақтанады және қымыз ішіп, ем алады. «Мектепке жол» республикалық акциясы аясында Арыстан келген балалар өз үйлеріне Қарағанды облысының әкімдігі атынан табыс етілген сыйлықтармен оралады.

Аяулым СОВЕТ

Басқа материалдар

Back to top button