«Ару Балқаш, әнім менің!»

БҰЛ – АҚЫН-САЗГЕР ҚУАНДЫҚ СӘДЕНОВТІҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ КЕШІНІҢ ТАҚЫРЫБЫНА АРҚАУ БОЛҒАН ӘНІ. 1987 ЖЫЛЫ МЫСТЫ ШАҺАРДЫҢ 50 ЖЫЛДЫҚ МЕРЕЙТОЙЫНА АРНАП ЖАЗЫЛҒАН. СОДАН БЕРІ ЕЛІМІЗДІҢ ТҮКПІР-ТҮКПІРІНДЕГІ САХНАЛАРДА ШЫРҚАЛЫП ЖҮР. ҚАЗАҚ РАДИОСЫНЫҢ АЛТЫН ҚОРЫНДА САҚТАУЛЫ ЖӘНЕ ӘУЕ ТОЛҚЫНЫНАН БЕРІЛІП КЕЛЕДІ.

Жуырда М.Хамзин атындағы Мәдениет сарайында ақын-сазгер, әріптесіміз Қуандық Сәденовтің шығармашылық кеші өтті. Балқаш қаласының құрылған күніне, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының 2 жылдығына және «Жастар жылына» орайласқан шараға жиналған халықтың қарасы қалың.

Қазақстан Жазушылар одағы Қарағанды облыстық филиалының директоры Серік Сағынтай және Мүсіркеп Сейдахмет, Бақытжан Әрінов, Ілияс Мұқай, Нұрдос Кәрім сияқты ақындар кеш қонақтарының қатарынан табылды. Қуандық Сәденовпен шығармашылық байланыс орнатқан, әндеріне сөз жазған ақындар. Республикалық ән байқауларының жеңімпазы, дәстүрлі әнші, ҚР мәдениет қайраткері Дәуренбек Әркенов, шәкірті, Тәттімбет атындағы өнер колледжінің студенті Нұрболат Ұзақбай да кешке арнайы келіп, сазгердің әндерін нәшіне келтіре орындады. Ал, Абай атындағы №2 лицей оқушылары Қ.Сәденовтің өлеңдерін жатқа оқыса, аталмыш білім ордасындағы «Шұғыла» ақындар үйірмесі жас шайырларының сөзіне жазылған «Мәңгілік Ел жастарымыз» әні де көптің көңілінен шықты.

Кеште сазгердің «Қызылтас» (Жалаңтөс батырдың рухына арналған), «Тоқырауын толғауы», «Аяулы Жәмші мекенім», «Туған жер», «Баһадүр бабам, Жидекем», «Жан әкем», «Алтын анам» және «Вокзалдағы ару» сияқты әндері де қала өнерпаздарының орындауында тыңдарманға жол тартты. «Рухани жаңғыру» туындысы мен «Балқаш қаласының гимні» де шараның мазмұнын толықтырғандай.

– Бұл – менің үлкен көлемде өткен алғашқы шығармашылық кешім. Шараны ұйымдастыруға қол ұшын берген Балқаш қаласының әкімдігіне, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне және білім ошақтарына шексіз алғыс айтамын. Ыстық ықылас танытқан халыққа ризашылығымды білдіремін, – дейді Қуандық Мақсұтұлы.

Қуаныш АМАНҚҰЛ