Жезқазған

Қарсақбайдан бастау алған

Халқымызға ықылым заманнан бері белгілі жездің тарихы тым әріге кеткенімен, Жезқазған жерінде өндірістік негізде мыс өндіру 1928 жылы басталғаны белгілі. Қазақстандағы түсті металлургияның қарашаңырағы – Қарсақбай мыс зауытында алғашқы мыс алынғанына биылғы 19 қазанда 90 жыл толады. Тоқсан жыл – ғасырға жуық кезең. Ойлап отырсаңыз, содан бергі уақытта өндіріс көлемінің өсуі мен технологиялық жаңару жағдайының мүлдем жаңа белеске көтерілгенін көруге болады.

Қарсақбай мыс зауыты
Жезқазған кеніштерінде өндірілген кен 45 жылдай Қарсақбайда өңделіп, мысқа айналған айтулы кезең ел есінде. Оның да тарам-тарам тарихына үңілер болсақ, өткен ғасырларға қарай жетелей береді. Өңірдегі алғашқы өндірістік мыс кәсіпшілігін 1847 жылы орыс көпесі Н.Ушаков ашқан. Кейін орыс көпестері бай кен орындарын иеліктеріне алғанымен жиырмасыншы ғасырдың басына дейін өңірде мыс өндіру дамымады. Ағылшын геологы Х.Болл Жезқазған қойнауындағы қазба байлықтарына зерттеу жүргізіп, мыс қорының мол екеніне көз жеткізсе керек. Ағылшын миссионерлері де осы өңірдің кен байлығына қызыға қарағаны белгілі. Лондонда 1904 жылы ағылшын-француз іскерлерінің ынта білдіруімен құрылған «Атбасар мыс кентасы» акционерлік қоғамының қолына көшкеннен кейін ғана Жезқазған қазба байлықтарын игерудің алғашқы қадамы басталды. Қарсақбайдың іргесі 1911 жылы қаланған еді. «Спасск мыс кені» АҚ-ның 1912 жылғы желтоқсан айындағы жалпы жиналысы Жезқазған кені негізінде мыс қорыту зауытының және байыту фабрикасының құрылысын бастау жөнінде қаулы қабылдайды. Ағылшындар 1907 жылдан бастап алғашқы шахталарды қазып, одан соң 1913 жылы Қарсақбай зауытын салуға кіріседі. Олардың балқытуға дайындаған мыс кенінің көлемі сол уақытта 37500 тонна болған екен. Алайда, олар кен көзінің тереңіне бойламай, жер бетіне жақын мысы мол жерлерді ғана игерген. Жезқазғанның мол байлығын тереңдеп зерттеп, болашағын толық көрсете білу Қаныш Сәтбаев пен оның шәкірттерінің үлесіне тигені белгілі.
Қазан төңкерісінен кейін істен шығып қалған бұл өндіріс орнын қалпына келтіруді Кеңес өкіметі 1926 жылға қарай кеңінен қолға алды. Сол кезде Томск технология институтын бітіріп келіп, «Атбасартүстіметалл» тресінде инженер-геолог, бас геолог және Қарсақбай комбинаты жанынан құрылған геологиялық барлау бөлімінің бастығы болған кездің өзінде-ақ Қаныш аға Жезқазғанның таңғажайып зор болашағын дәл болжап, батыл да байсалды ғылыми шешімдер жасайды. «Қарсақбай – Үлкен Жезқазғанға апаратын сара жолдың алғашқы баспалдағы ғана, ал Жезқазған-Ұлытау өңірі кешікпей-ақ, Сарыарқа төсіндегі белді индустриялы өлкеге айналады», деген еді көреген ғалым. Айтса айтқандайын, Жезқазған кенін игерудің және қанат жаюының бұдан былайғы өсу баспалдақтары тікелей Сәтбаев есімімен тығыз байланысты болды. Ол кезеңде бұл жердің болашағына сеніммен қарайтындар аз, күдікпен қарайтындар көп еді. Алайда, данышпан ғалым көптеген құнды зерттеулер жүргізіп, өз тұжырымдарын Одақ ғалымдары алдында дәйектілікпен дәлелдей білді.
Сәтбаев 1934 жылы Ауыр өнеркәсіп халық комиссары С.Орджоникидзенің қабылдауында болған соң тоң жібігендей болып, Үлкен Жезқазғанға деген көзқарас өзгере бастайды. Бірақ, әртүрлі ведомстволық кедергілер салдарынан іс барысы созбақталып, Жезқазған комбинатын салу туралы қаулы 1936 жылғы 25 наурызда қабылданады. Байыту фабрикасы, жылу-электр орталығы салынатын болды. Үкіметтің қаулысына сәйкес Нілді-Жезқазған теміржолының құрылысы 1936 жылы басталды. КСРО Түсті металлургия министрлігінің бұйрығымен 1943 жылы Жезқазған мыс комбинаты құрылғанда оның құрамында Қарсақбай мыс зауыты мен Байқоңыр көмір ошағы және 17 шахта мен 3 карьер болды. Үлкен Жезқазған кенті 1954 жылы қалаға айналып, 1966 жылы жаңа мыс зауытының құрылысы осында басталды. Қарсақбайдан бастау алған мысты өңірдің Алғашқы мыс балқымасына — 90 жыл құлашы осылайша кеңейе түскен болатын.
Қарсақбай мен Жезқазған – бұл екеуі егіз ұғым. От ойнатып, мыс балқытқан металлургтер әулетінің барлығы қарашаңырақ Қарсақбайдан шыққандар мен солардың ізбасарлары. Жезқазған мыс қорыту зауытының бірінші кезегі 1971 жылы іске қосылып, 23 ақпанда тұңғыш мыс балқымасы алынды. Ал, осыдан тура екі жылдан кейін 1973 жылы 21 ақпанда электр пеші іске қосылып, бірінші штейн конверторға құйылды. Зауыт тарихында алғашқы катод мысы В.Азановтың ауысымында алынса, қара мысты Ж.Ыбыраевтың ауысымында аға конверторшы С.Елемесов балқытқаны мәңгі жазылып қалды. Негізінде, Жезқазған мыс қорыту зауыты Қазақстан түсті металлургиясы алыптарының бірі саналады. Құрамында штейнге бай кремнийлі мыс концентратын электр қуатымен балқытуға негізделген зауыттың технологиясын кезінде «Гипротүстімет» жобалап, оның құрылысына Кеңес одағының түсті металға қатысты көптеген ғылыми ұйымдары мен кәсіпорындары атсалысқан болатын. «Қарсақбайдан келгендер осы күрделі мыс балқыту үдерісін алып кете алар ма екен» деген күдік білдірушілер де болмай қалмады. Қарсақбай зауытында Мұзафар Жүсіпов, Қозыкен Жанпейісов, Еркөз Елеукенов сынды атақты металлургтер болған. Солардың мектебінен тәлім алған балқытушылар жаңа технологияны да жатсынбады. Оразалы Мейрамов, Қойшыбек Доспанов, Смағзұм Салқауов және басқа да мыс өндірісінің өрендері қалыптасты. Сонымен қоса, жергілікті кадрлардың көпшілігі күрделі технологияны игеру үшін Норильск, Алмалық, «Печенганикель» кен-металлургия комбинаты, Пышма мыс-электролит зауыты сияқты КСРО түсті металлургиясының салалас кәсіпорындарына барып оқып үйреніп, іс тәжірибе жинақтап келген еді. Қарсақбайдан бастау алған металлургтер мектебінің жақсы дәстүрлері бүгінге дейін жарасымды жалғасын тауып келеді.
Қарсақбай десе, еске Қадыр Мәткенов ағамыз түседі. Сонау Көкше жерінен өрімдей жас кезінде келіп, түсті металлургияның қарашаңырағында жарты ғасырға жуық еңбек етсе, соның 33 жылында басшылық қызметте болды. Нарық заманы келген қымқуыт кезде металлургия зауытын тоқтатып, көне өндірісті біржола жауып тастау мәселесі көлденеңдегенде жоғары жаққа барып жүріп, сақтап қалған Қарсақбайдың кейінгі иесі де, киесі де осы Қадыр марқұм болатын. «Ат тұяғын тай басар» демекші, зауыттың қазіргі директоры Қадекеңнің баласы Мұрат Мәткенов. Қарашаңырақтан бастау алған осындай өнеге тұтар үрдіс көп мұнда. КСРО-ның Құрметті металлургі, «Қазақмыс» корпорациясының» Құрметті еңбек ардагері Тағанбай Салқауов өмірінің 45 жылын металлургия цехында өткізген адам. Соның 20 жылында ол Қарсақбай зауытында еңбек етіп, мыс өндірісіндегі үлкен технологиялық тізбектің бастауында тұратын шихта дайындаудың шеберіне айналған. Қарсақбай зауытының негізгі жұмысын тоқтатуына байланысты 1975 жылы Жезқазған зауытына келіп, шихта күйдіруші, балқытушы болып еңбек абыройына бөленді. Ардагерлер кеңесінің кейбір іс-шаралары кезінде ақсақалмен жиі кездесіп қаламыз. Сондай сәтте Тәкең қарашаңырақ Қарсақбайда еңбек жолын бастағанын үлкен мақтанышпен сүйсіне айтатыны бар. Міне, осындай ардагер металлургтер үшін қарашаңырақтың орны бөлек екені даусыз. Еңбек жолын Қарсақбайда жұмысшы, ауысым шебері болып бастап, 1963 жылы сол зауыттың директоры болған Төлеген Әбдірахманов: «Қарсақбай зауытының түтіні көкке бойлап, атағы жер жарған шағында жылына 5 мың тонна көлемінде ғана мыс өндіретін», – деп еске алады. Аса қуатты Жезқазған зауытының жылына орта есеппен 250 мың тонна сапалы мыс өндіру мүмкіндігі бар екенін алға тартқан кәнігі маман уақыт талабына сай корпорациясы» технологиялық жабдықтарды жаңарту үшін жыл сайын қыруар инвестициялық қаржы бөліп келеді. «Kazakhmys Holding» ЖШС баспасөз қызметі жақында хабарлағандай, жаңа күкірт қышқылы цехын салумен қатар бұрын тоқтап тұрған екінші кен-термикалық пешін іске қосу көзделіп отырған көрінеді. Мыс қорыту зауытын толық қуатына көшіру өнім өндіру көлемінің ұлғаюына және қосымша адамдарды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етуге жол ашпақ. Бұл қадамды Елбасы алға қойған Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамуға лайықты үлестің бірі деп бағалауға әбден болады.
Тәуелсіз елімізбен бірге түлеп, өркен жайған «Қазақмыс» бүгінде Қазақстандағы алдына жан салмайтын ең ірі мыс өндіруші болып табылса, әлемнің осы саладағы көшбасшы он компаниясының бірі. Алып компаниядан енші алып, жеке құрылымға айналған КАZ Minerals екі жыл бұрын іске қосылған Бозшакөл, Ақтоғай сынды кен өндірісіндегі жаңа жобаларды қарамағына алды. Ал, «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС негізінен Қарағанды облысындағы мыс өндірісі құрылымдарына басшылық жасауда. Қазірде оның қарамағында 10 кеніш, 5 кен-байыту фабрикасы, 2 мыс қорыту зауыты және 2 көмір разрезі бар. Кейінгі жылдардың көрсеткіші бойынша корпорация өздері өндірген кеннен жылына орта есеппен 220,8 мың тонна шақпақ мыс, 3323 кило құйма алтын алуда. «Қазақмыс» сонымен қатар, әлемдегі ірі күміс өндіруші болып табылады. Кен қорын алдағы 30-40 жылға жеткізу үшін барлау жұмыстарының аясын кеңейтіп жаңа кен көздерін ашу, байыту фабрикасын салу сияқты игілікті жобалар да бар. Қарт Қарсақбайдан басталған жарқын жол жаңғырып, жаңарып осылайша жалғаса бермек.

Амандық РАХҰЛЫ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button