Арман Бердалин: «Жемқорлықты жеңуге болады»

Соңғы 3 жылда электронды түрде ұсынылатын мемлекеттік қызметтер саны – 21%-ға, мемлекеттік корпорация арқылы ұсынылатын мемлекеттік қызметтер 12%-ға артқан. Бұл, өз кезегінде, мемлекеттік органдарда қағаз түрінде ұсынылатын мемлекеттік қызметтердің қысқаруына мүмкіндік берді. Бұл туралы ҚР 2015- 2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы Стратегиясының жүзеге асырылуын бағалау жөніндегі республикалық бақылау тобының өкілдері айтты. Сейсенбі күні бақылау тобы облыстың Теміртау қаласы, Абай және Осакаров аудандарында болды. Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында БАҚ өкілдеріне баспасөз мәслихатын өткізді.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жұртшылықпен байланыс жөніндегі департаментінің директоры Арман Бердалиннің айтуынша, қазіргі таңда халыққа көрсетілетін 746 мемлекеттік қызмет бар. Соның 60 пайызы – электронды үлгіде халыққа қолжетімді. Мәселен, азаматтар бұрын бір қағазды алу үшін аудан орталығына барып, уақыт жұмсап, ақшасын шығындап, қала орталығына келуге мәжбүр болатын. Ал, қазір кез келген құжатты үйден шықпай-ақ, 10-15 минут аралығында алуға мүмкіндік бар. «Бармақ басты, көз қысты» болмас үшін электронды жүйенің қызметі арқылы жүзеге асады. Жүйе жемқорлықтың азаюына бірден-бір мүмкіндік.
Мысалы, «Қоғамдық бақылау картасы» – азаматтарды жұмылдыратын жоба. Кез келген азамат ауылда салынып жатқан жолдың немесе тартылып жатқан су құбыры секілді мемлекет қаржысына атқарылып жатқан жұмыстың сапасыздығын көретін болса, департаментке хабарласа алады. Ол «Қамқор» мобильдік қосымшасы және жедел желілер арқылы жүзе асады. Осыған облыстағы арнайы өкілдіктер де жұмылдырылған екен. Агенттік бірден араласып, тиісті шешім шығарады.
Республикалық бақылау тобы аталған электронды мүмкіндіктердің жүзеге асуын қадағалау мақсатында Қарағандыға арнайы ат басын бұрыпты.
«Жемқорлық жойылған әлем елдерінің тәжірибесіне сүйене отырсақ, негізгі күш азаматтық қоғамда екенін көреміз. Бұған азаматтарды белсенді араластыру саясаты жүргізілген. 
Сондықтан, осы бастама қоғамның белсенді азаматтарын жинайды деп ойлаймыз. Осы мақсатта ел аралап, жұмысты жандандырудамыз. Стратегия құрылған кезде осындай ұсыныс енгіздік», – деді сыбайлас жемқорлыққа қарсы республикалық арнайы бақылау тобының мүшесі Мұсағали Дуамбеков. Бақылау тобы мүшесінің айтуынша, арнайы мониторингтік топ жұмысы Қазақстан бойынша жүргізіліп отыр. Аймақтарды аралап жүрген топ мүшелері түрлі мекемелер мен ұйымдардағы жұмысшы халықпен келелі әңгіме жүргізіп, қоғамдағы құбылыстарға адамдардың жеке пікірлері мен көзқарастарын біледі. Бақылау тобының құрамында қоғам қайраткерлері, Мәжіліс депутаттары бар. Стратегияның негізі мақсаты – азаматтық қоғамды жемқорлықпен күреске тарту.
Топ мүшелері заң бұзушылықты анықтаған кез келген адамды тыңдап, сәйкесінше жауап беруге даяр. 

Жиын барысында бақылау тобы халықпен тығыз қарым-қатынас орнату кезінде оң нәтижелерге қол жеткізгенін атады. Мәселен, сыбайлас жемқорылыққа қарсы «Transparency International» халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және зерттеу үкіметтік емес ұйымының 2016 жылдың қорытындысы бойынша, Қазақстан 180 ел ішінде 131 орынға тұрақтаған. Ал, өңірлер бойынша анықталған нақты сандық мәліметтер, жылдың қорытындысын шығарғанда белгілі болмақ.
Арман БЕРДАЛИН, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жұртшылықпен байланыс жөніндегі департаментінің директоры:

– Елбасының бастауымен жемқорлыққа қарсы күрес мемлекет саясатының басым бағыттарының
қатарына кірген. Агенттік қоғаммен тығыз байланысқа, азаматтармен тікелей қарым-қатынасқа үлкен мән береді. Осындай кездесулер мен шаралар біздің өңірлердегі тұрғындармен әңгімелесуге, толғандыратын мәселелерді көтеруге сеп. «Батпандап кірген ауру, мысқалдап шығады» дегендей, біз қоғам болып бірігіп, бірлесе жұмыс жасаудың нәтижесінде ғана жеңіске жете аламыз. Агенттік әрқашан халықпен ашық диалог жүргізуге дайын. Республиканың кез келген тұрғыны Агенттік төрағасының «Facebook» және «Telegram» желілерінде жеке парақшасына тікелей байланыс орната алады. Арнайы мониторингтік топ облыстарға сапарын қорытындылап, тиісті министрліктерге, мекемелерге халықтың ұсыныстарын жеткізеді. Көп жұмыс жасалды. Көзге көрінетін айқын нәтижелерге жеттік.

Департамент директорының айтуынша, сыбайлас жемқорлықпен күрес бір күннің жұмысы емес. Көп болып жұмылса, шешіледі. Алайда, кейбір өңірлерде жемқорлыққа қарсы жұмыстар толықтай жүзеге аспай отыр. Қағазбастылықтан арылу мақсаты орындалғанымен, кейбір ауылдарға интернет желісі әлі тартылмаған. Мемлекет тарапынан жеңілдіктер жасалғанымен, халық оны толық пайдалана алмай отыр.
Сол күні осы топтың қатысуымен «Достық» үйінде дөңгелек үстел өтті. Жиынды Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің басшысы Жандос Сәрсенов жүргізді.
Облыстағы арнайы мониторингтік топ мүшелері, ҚХА мүшелері, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, мемлекеттік қызметшілер және «Қоғамдық келісім» мекемесінің қызметкерлері, кәсіпкерлер қатысқан жиында халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтің сапасы жөнінде сөз болды.

Комментарии:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.