Жаңалықтар

«Armanǵa jol» – спорт мерекесі

Биыл үшінші жыл қатарынан «Armanǵa jol» жартылай марафонының жалауы желбірейді. 19 мамыр күні 8.00-де бастау алатын жаппай жүгіруге онлайн түрде тіркелу аяқталуға жақын. Н.Әбдіров атындағы спорт сарайында жартылай марафонға арналған пакеттерді беру 18 мамырдың кешіне дейін жалғасады. Бұл туралы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Дмитрий КАРПОВ баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

«Armanǵa jol»

– Біздің жартылай марафон – спорт және денсаулық мерекесі. Игі шара қала орталығында өтеді. Сондай-ақ, жартылай марафонға қатысу жалпы бұқара үшін тегін. Жарна қатысушы 21 шақырымды құрайтын толық қашықтықты жүгіріп келген жағдайда ғана талап етіледі. Қалған жүгірулер үшін ақшалай жарна төлеу қажет емес. Мақсатымыз – жеңіл атлетика халықтың әлеуметтік статусына қарамастан қолжетімді спорт түрі екенін дәлелдеу. Жүгіру үшін жейде, шолақ шалбар (шорты) және кроссовки болса жеткілікті.

«Арманға жол» жартылай марафонының қатысушылары өздері үшін төрт қашықтықтың бірін таңдай алады: «Арманға жол», «Спутник», «Достық» немесе «Балапан». Ең ұзыны – «Арманға жол», оның ұзындығы 21 шақырымды құрайды. «Спутник» дистанциясы – 14 шақырым, «Достық» – 7 шақырым. Ұзындығы 2 шақырымды құрайтын «Балапан» дистанциясы 8-ден 14 жасқа дейінгі балаларға арналған.

Биылғы жылдың бір жаңашылдығы – «скандинавиялық жүруді» ұнататындар үшін арнайы 7 шақырымдық қашықтық қосылған. Бастапқы пакетте жылдамдық пен уақытты оқуға арналған чипі бар қатысушының нөмірін, пайдалану жөніндегі нұсқаулықты, сақтау камерасына арналған төрт түйреуіш пен стикер болады. Әр қатысушы жартылай марафон логотипі бар спорттық рюкзакты сыйлыққа алады. Жалпы жарысты ұйымдастыру мен өткізуге бөлінген қаржы қоры 8 миллион теңгені құрайды, – деді Дмитрий Карпов.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, өткен жылы аталған жартылай марафонға 5 мыңға тарта адам қатысқан. Биыл жүгірушілердің саны да бұдан көп болады деген болжам бар. Қазіргі таңда жарысқа қатысуға Ресей, Қырғызстан және Белоруссия елдерінен көптеген адам өтінім беріп отыр.

Жүгірушілер Тәуелсіздік алаңынан додаға қосылады. Шара басталмас бұрын алаңда семсерлесушілердің, таэквондошылардың, балуандардың көрсетілімдері мен фитнес-клубтардың жаттықтырушыларымен бірлескен жаттығулар өткізіледі.

Спорттық шараның ұйымдастырылуына байланысты, 19 мамыр күні сағат 07:00-ден 12:00-ге дейін Бұқар жырау даңғылының бір бөлігі (Н.Әбдіров даңғылымен қиылысар тұстан бастап, Ленин көшесінің қиылысына дейін), Ленин көшесі (Бұқар жырау даңғылының қиылысынан бастап, Терешкова көшесінің қиылысына дейін), Ғ.Мұстафин көшесі Н.Әбдіров көшесімен қиылысар тұсқа дейін, Н.Әбдіров даңғылының бір жақ бөлігі және Нұрсұлтан Назарбаев даңғылының бір бөлігі (Бұқар жырау даңғылының қиылысынан бастап, С.Ерубаев көшесінің қиылысына дейін), С.Ерубаев көшесі (Н.Назарбаев даңғылының қиылысынан бастап, Әлиханов көшесінің қиылысына дейін) жабылады.

Нұрдос КӘРІМ

Басқа материалдар

Back to top button