Ғибрат

Қарлығаш үш пайғамбардың батасын алған

Діни аңыздарда қарлығаш үш пайғамбардың батасын алған делінеді. Өзін Құдай санаған Намұрт патша Ыбырайым пайғамбарды отқа өртеуге әмір береді. Нөкерлер орманнан отыз арба отын жинайды. Есекті арбаға жегіп айдағанда, ол жығылып жатып алады. Сосын арбаға атты жегеді. Ол да қозғалмайды. Болмағасын түйені әкеледі. Ол шөгіп тұрмай қояды. Өгізді жекпек болғанда, ол нөкерлерді сүзіп, маңына жолатпайды. Кезек қашырға келгенде, ол арбаны қуана-қуана тарта жөнеледі. Ыбырайым қашырға нала болады. Жау жағына өткені үшін ұлық Алла қашырды ұрпақсыз қалдырыпты.


От тұтанып, жалын көкке жеткенде Жебірейіл келіп:
Ей, Ыбырайым, не көмек сұрайсың? Қызметіңе әзірмін, дейді.
Сонда пайғамбар:
Хасби-рабби жәл алла! дейді. Мағынасы: «Тәрбие етуші бір Алла маған жетерлік!» деген сөз екен. Осы сөзді айтқан кезде Алла отқа:
Ей, от, досымды саламат сақта! Еш жері күймесін! Жатқан жерін гүлзәр бақ қыл! деп бұйырады. Сонда оттың іші Ыбырайым үшін салқын саябаққа айналып сала беріпті. Осы оқиға қарлығаш Құдай досына болысып, қанатымен су себеді. Қарлығаштың ниетін көріп, пайғамбар риза болған екен.
Келесі бір аңызда қарлығаш адамзатты жыланнан құтқарды делінеді.
Кеме Қазығұртқа тоқтаған соң, жылан Нұхқа келіп:
Кеменің тышқан тескен тесігін құйрығымен бітедім. Сол кезде «дүниедегі қаны ең тәтті мақұлықты қрегің етемін» деп уәде бергенсің. Уәдеңді орында, дейді. Пайғамбар келіседі.
Бірақ ненің тәтті екенін қалай білемін? дейді.
Масаны жұмсайық. Сол тауып келсін. Қан соратын сол ғой, дейді жылан.
Пайғамбар масаны жұмсайды. Маса бар мақұлықтың қанын сорып көреді. Ең тәтті қан адамның қаны екен. Іздегенін тауып, кері қайтады.
Жолда қарлығаш:
Ей, маса, қайда асықтың? дейді.
Ең тәтті қанды таптым. Соны жыланға айтпаққа асықтым.
Иә, кімнің қаны тәтті екен?
Адам баласының.
Маған да дәмін татқыз, байқап көрейін, деп өтінеді.
Мақұл, деп маса тілін шығарғанда, қарлығаш тілін жұлып алады.
Тілінен айырылған маса ызыңдап, Нұх пен жыланға келеді.
Тәтті қан таптың ба? дейді пайғамбар. Маса ызыңдап тұра береді. Ешкім тілін түсініп болмайды. Сол кезде қарлығаш келіп:
Маса маған кездескенде құрбақаның қаны тәтті деген. Бұл соны жеткізе алмай тұр, дейді. Жылан бір қулықтың болғанын іштей сезеді.
Қарлығашқа:
Маса неге сөйлемейді? Оған не болды? деп сұрайды.
Бақа қанының тәттілігі сондай, маса қомағайлықпен өзінің тілін жұтып қойған, –дейді қарлығаш. Пайғамбар уақытты созбай:
Жылан, сенің қорегің құрбақа болсын, деп дұға жасайды. Сол кезде жылан ызаланып, қарлығашқа тап береді. Ол жалт береді. Құйрығы жыланның аузында кетеді. Содан бастап қарлығаштың құйрығы айыр болып қалыпты.
Нұхтың дұғасы қабыл болып, жылан бақаны азық етіпті. Нұх қарлығашқа риза болып:
Ұрпағымды жыланның ауызынан сақтадың. Бұдан былай көктемнің жаршысы бол! Мамыражай мезгіл сенімен бірге келсін! деп бата берген екен.
Ел аузында сақталған тағы бір аңызда қарлығаш Сүлеймен пайғамбарға жәрдем етіпті. Сүлеймен пайғамбар жүзігінен айырылып, бір күнде диуанаға айналыпты. Бір күні жолда келе жатқанда, оны бір топ маса талайды. Кезінде Сүлеймен халықтың қанын ішкен бір мыстан кемпірді өлтіріп, өртеп, күлін суға шашқан екен. Оның күлінен маса пайда болыпты. Масадан қашып Сүлеймен бір ағашты паналайды. Сол сәтте қарлығаш көмекке келіп, оған араша түсіп, масаларды қуады. Сүлейменге су тасып, шөлін қандырады. Қанатымен желпіп, самал жел тұрғзыпты. Қарлығаштың пайғамбарға жасаған жақсылығы үшін ел оны қадір тұтыпты.
Құранның «Піл» сүресінде баяндалатын «абабил» деген құсты қарлығаш екен деген де деректер бар. 570 жыл Йеменнің патшасы Абраха Меккені қоршайды. Сол кезде көктен қарлығаштар келіп жауға тас жаудырыпты. Тастан шошынған пілдер өз әскерін таптап, Абраха шығынға ұшырайды. Бұл кезде Әзіреті Мұхаммад с.ғ.с ана құрсағында жатыр екен. Пайғамбардың шарапатынан Мекке аман қалады. Халық қарлығашты қадірлеп, қаситетті құстардың қатарына қосқан екен. Оның ұясын бұзбайды, өзіне тиіспейді. Қарлығаш босағаға ұя салса, құт-береке келеді деп сенеді.

Салт-дәстүр сөйлейді кітабынан.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button