Жаңалықтар

“Қариялар азайып бара жатыр…” немесе ностальгия

…Мен әжемді сағынып жүрмін. Аузынан Алласын тастамаған, бес уақыт намазын қаза қылмаған, отыз күн оразасын ұстаған, жеті атамды жетеме жасымнан құйған, Алпамыс, Қобыланды, Қамбар батыр жырларын жатқа айтқан, ертегіcі ертелі-кеш сарқылмаған, бесік жырын айтудан жаңылмаған, тоқсанның біріне келіп, бақиға аттанған Әжемді. Кәдімгідей сартап сағыныш жүрегімді сыздатады. Жүрегіңізді тырсылдатып толтырған сағыныш, күлпаршасын шығарып, жарып жібере жаздайды. Бала күнімізде қадірін біле бермеппіз. Қырықтың қырқасына шыққанда, кимешекті әже, қазыналы ата қат болатын заман келерін кім білген?! Кимешекті, камзолды, мәсісі бар әжем қазақтың соңғы Әжесі екен ғой… Атамызды көргеміз жоқ. «Халық жауы» боп кеткен… Бірақ, сол атамыздың отын өшірмей, шежіресін, тарихын түгел баяндап беретін Әжем, бақсам, тұнған энциклопедия, қазына-құт… Бүгін сол әжем секілді әжелерді, ақсақал қарияны көзім көріп, қуанғысы келеді. Бірақ қуана алмайды… Өйткені, жоқ. Тек ностальгия бар…

Қазір қария қат, Шал көп. Бір ауылдың қазынасы атанар қарттардан ақсақалдық таба алмай жаның жұртта қалған күшіктей ұлып-ұлып қоя береді. Бата бере алмайтын қарт, ертегі айтпайтын, немере тәрбиелемейтін әжелер бұл әлеуметтік институтты құртты. Бір ақсақал бір ауылға ие болатын уақыт келмеске кетті. Ауылдың үлкендері майда-шүйде, кәкір-шүкірді әңгіме қылады. Шежіреңізді сорғалатып айтып беретіні некен-саяқ. Содан «Бір ұрты – май, бір ұрты – қан» (Абай) елдің жасы қайсы, жасамысы қайсы, кәрісі қайсы, баласы қайсы айыру – қиын. Әттең-ай, әттең…

…Біздің түсінігіміздегі ақсақал қандай-ды? Береке мен бірліктің ұйытқысы. Дәстүр мен салттың алтын көпірі. Ұлағат пен ұлылықтың бастауы. Тіпті, сонау бір бағзы кездерде ақсақалдардың даналығымен ел мен ел татуласып, табысып жатқан. Қазір табыстырмақ түгілі, отының басында отырып, жібі түзу сөз айта алмайтындар көп. Қарныңыз ашады. Бір кем дүние екенін ішіңіз сезіп, білген сайын, бет алысымыздың сиқынан шошисыз. Өзінің дәстүрінен ажыраған ұлт пен ұлыстың қайбір қағанағы қарқ еді? Дүбәра аталардан бастау алған дүмбілез ұрпақ өсіп келе ме? Ойланып көріңізші.

«Ауылыңда қария болса, жазып қойған хатпен тең» дейді қазақ. Бізде сол «хат» жоқ. Жоғалды. «Кәрі – кәрінің ісі дәрі» дейді тағы. Мына қоғамның дерттеріне дәрі болар дана әр ауылдан табылса, осы күнгі қоғам індеттерінен айығар едік қой. Тіпті, індет, дертіңіз бізден безе қашпас па еді?! Ал, бұл күні кәріңіздің өзіне дәрі керек боп тұр-ау…

Бауыржан Момышұлы жасы үлкен қарттарды: «шал, қария, ақсақал және абыз деп төртке бөлген. Отбасы, ошақ қасынан ұзап шыға алмай, түтін аңдып, үй аралап, саяси өсек айтатын қарт – шал. Өз әулетін шашау шығармай уысында ұстап, билік жүргізген қартты қария деп, тұтас бір ауылдың жыртығын бүтіндеп, айбынын асырып отырған қартты ақсақал деп, елдің дау-дамайын шешіп, арғы-бергі тарихтан әңгіме қозғап, тұла бойына ұлттық рух, ізгі қасиеттерді молынан сіңірген қартты абыз деп атаған» екен. Ал, жолы жіңішке қауымға қатысты былай дейді: «Біріншіден, бесік жырын айтатын келіндер азайып бара жатқанынан қорқамын, екіншіден, немерелеріне ертегі айтып бере алмайтын әжелердің көбейіп бара жатқанынан қорқамын, үшіншіден, дәстүрді сыйламайтын балалардың өсіп келе жатқанынан қорқамын. Өйткені, бесік жырын естіп, ертегі тыңдап, дәстүрді бойына сіңіріп өспеген баланың көкірек көзі көр бола ма деп қорқамын…»

Батырдың қорқынышы өңге айналды. Сол өң мен түстің арасында ұлттық құндылықтарымыздан қол үзіп қалғанымыз – сорымыз. Өзімізге тән дәстүр-салтымыз, ұстанған өмірлік қағидаттарымыз бізді әлемнің кір-қоңынан, ласынан аластап тұратын кие секілді-тін. Сол кие кеткелі түп тамырымыздан айырылдық. Тамырына құрт түскен бәйтерек түбі құлайды. Оңбайды. Осыны ескерткің келеді қоғамға. Мынау қоғам – меңіреу қоғам. Ата-әжеміз батыстанып, жастарымыз жаһанданып, жасамысымызда бас бар, ми жоқ, бетіміз ауған жаққа кетіп барамыз. Ақыры жақсы болғай…

… Қалампыр иісі аңқыған әжемді сағындым… Могиканның соңы – әжем…

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button