Қария тарих – дәрия қазына

    Тәуелсіздіктің ширек ғасыры артта қалған сәтте Ұлы Қазақстан – Мәңгілік Ел болуға бет түзеді. Қасиет тұнған, құт қонған даламыз Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласына өзек болғанын көріп, қалың ел шын қуанды.

Арқадағы тарихы бай өлкенің бірі – алтын бесік Ақтоғай. Жуырда осы өңірдің мұражайы облыс орталығын бетке алды. Қоржыны – қомақты. Қола дәуірінің бұйымдары, әскери олжалар және «Алаш» партиясының құжаттары сияқты құнды дүниелер бар. Тарихтың тәбәрігі Облыстық өлкетану мұражайында көрсетілетін болады.

«Таста сақталған тарихымыз» атты археологиялық бөлім, «Ел тарихы – рухани қазына» тарихи-өлкетану бөлімі және «Ата мұра – асыл қазынамыз» атты этнография бөлімі көрменің мазмұнын толықтыра түскен.

Археологиялық бөлімде академик Әлкей Марғұланның 1952 жылы жасаған экпедициясында табылған Бегазы-Дәндібай мәдениеті заманындағы заттарды көруге болады. Экспозицияда ыдыстар, еңбек құралдары және оқтардың ұштары ұсынылған.

Сондай-ақ, Ақтоғай ауданынан тұрмыстық заттар да арнайы алып келінген. Олардың ішінде, ең көзтартарлығы – жартылай бағалы тастармен және жезбен көмкерілген ер тоқым дерсіз.

Бұл тоқым қолдан жасалған. Өздеріңіз көріп тұрғандай, ол сәл қажалған. Демек, жиі қолданылған, – дейді Облыстық өлкетану мұражайының директоры Ержан Нұрмағамбетов. – Мұндай ер тоқымдар, тек, дәулетті ақсүйектерге ғана тиесілі болған. Оны үздік, танымал шеберлерге ғана тапсырыс беру арқылы жасатқан. Бұл тоқымдарды пайдалану адамның жоғары дәрежелі, ақсүйектер әулетінен екендігінің белгісі іспеттес болған. Бәлкім, қазіргі тілмен айтсақ, қымбат көлік мінумен пара-пар шығар.

Көрмеге «Алаш» партиясы хаттарының, бұйрықтарының және құжаттарының көшірмелері де қойылған. Олардың арасында партияның жиналыстары туралы хабарландырулардан бастап, «Алаш Орда» қозғалысының көшбасшыларына, оның ішінде, Әлихан Бөкейхановқа да қатысты жарияланған үкімдер мен жазалар бар.

Ең маңызды құжатты атап өту қиын, – дейді мұражай директоры. – Маңдайша жазулар да, қазалы қағаздар да осында. Алайда, олардың тарихи маңыздылығы өз құнын жоймақ емес. Бұл құжаттар Тәуелсіздік алған соң көпшілік назарына ұсынылған. Оған дейін мұрағаттарда «өте құпия» грифімен сақталған.

Соғыс жылдарындағы жәдігерлерді де көрмеден көруіңізге болады. Мәселен, «Mercedes» фирмасының баспа машинкасы Ұлы Отан соғысы уақытының олжасы болғанға ұқсайды. Жәдігерлер арасында солдат формасы, ордендер мен медальдар да бар.

Сонымен қатар, Облыстық өлкетану мұражайына Ақтоғай ауданын мекендеген жануарлардың терілері де жеткізіліпті.

Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, «Қызыл Жұлдыз» және «Құрмет белгісі» ордендерінің иегері Сахи Романовтың суреттері де – көрермен назарында.

Қуаныш АМАНЖОЛОВ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.