Бас тақырып

“Қарияға қарасаң аяныш бар, кезің келер сенің де таяқ ұстар…”

Алдымен, бөлмесіне кірмей тұрып, көз сүзіп қарап едім, жетпісті еңсерген ана көзінің майын тамызып, газетке шұқшиып жатыр екен. Жылы шырай танытып, а м а н д а с т ы м . Көңілі – пәс. Жанары – жабырқау. Аздан соң, көз жасына ерік берді де, бөлмеден шығып кетуімді өтінді. Сол сәт бөлме сұрланып кетті. Өзімді кінәлі сезіндім. Иә, бұл қарттар үйіндегі мен келместен бір күн бұрын түскен ананың шерлі күйі, өртке оранған өзегі, төрт қабырға – соңғы аялдамасы…

Мәселенің мәнісі

Қазаққа жат қарттар үйі өткен ғасырдың 60-70 жылдары еңбекке жарамсыз, қараушысынан айрылған жандар үшін жұмыс істептімыс. Жылдар жылжи келе бала-шағасы, туыстуажатына керексіз болып қалған жандар да еріксіз мекендей бастаған. Деректерге сүйенсек, соңғы жылдары елімізде мүгедек жандар мен қарттарға арналған интернаттардың саны 90-ға жуықтаған. Ондағы тұрғындар саны – шамамен 35 000.

Ал, облысымыз бойынша осындай 4 мекеме бар. Оның ішінде, Қарағандыда орналасқан қарттар үйіндегі тұрғындардың саны – 229, Жезқазғанда – 240, Шахтинскіде – 108 және Абай ауданында 96 қарт паналайды. Бұл – 2018 жылдың қорытындысы.

 Қарттар үйін мекендейтін жандардың күнделікті тірлігі қамсыз болуының жолдары жанжақты қарастырылған. Қарағанды облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы әлеуметтік мекемелердің қызметін үйлестіру бөлімі басшысының міндетін атқарушы Бекжан Құсайынов былай дейді: «Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің бұйрығына сәйкес, 2016 жылдан бастап Қазақстан Республикасында мүгедектiгi бойынша, асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша және жасына байланысты берiлетiн мемлекеттiк әлеуметтiк жәрдемақылар туралы, ҚР зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңдарының негізінде, қызмет алушының (қарттар немесе мүгедектер) зейнетақы мен жәрдемақы төлемдерінен әлеуметтік мекеменің жеке банктік шотына немесе қолма-қол ақшаның бақылау шоттарына 70 % көлемінде аударылады». Ол қаржы қызмет алушының қосымша санитариялық гигиена заттарына, дәрілік заттары мен медициналық қызметтерге жұмсалады екен.

«Тағдыр тақсіретін тартып…»

Қарағандыдағы №1 қарттар мен мүгедектердің медициналық-әлеуметтік мекемесіне бас сұқтық. Кіріп барғанымда есік жаққа елеңдеген 2-3 қария қарсы алды. Алдымен, мекеме басшылығынан рұқсат алдым. Не керек, біраз қарияны әңгімеге тарттым. Көбісі ашылып әңгіме айтқанымен, ішіндегісін бүгіп қалып жатты. Ол әрине – балалары барлары. Бары дейміз-ау… Мекеме қызметкерлерінің айтуына қарағанда, көбісі «баламыз жоқ» деп келгенімен, артынша анықталып жатады екен. Бірақ, балаларымыз әкеп тастады деген ешкімді кезіктірмедім. Көбісі кінәсін өздерінен іздейді. Мәселен…

– Мен – Өзбекстанның қазағымын. 1990 жылдары Қазақстанға көшіп келдім. Себеп, кезінде өзім бұрын тұрған елден көші-қон мәселесі бойынша туған елге келген делегация құрамында болып, сол кездегі Президент Нұрсұлтан Назарбаевпен емен-жарқын әңгімелескенмін. Ондағы мақсат – отандастарымыздың елге оралу мәселесі. Содан, отбасымды қалдырып, өзім елге оралдым. Уақыт өте келе Сәлия есімді қазақ қызын жолықтырып отау құрдым. Өкінішке орай, сәби сүймедік. Сөйтіп, Қарағандыдағы орталық базардан жеміс-жидек сататын дүңгіршектер ашып, саудаға бет бұрдық. Кәсібіміз өрге домалап, Ермеков көшесінен және қаланың Оңтүстік-Шығыс бөлігінен екі бірдей 3 бөлмелі пәтер алдық. Кейіннен күтпеген жайт орын алды. Жұбайым теріс ағымға тап болып, арада жанжал туындады. Тосыннан болған бұл жайт мені жүрек талмасына ұшыратты, ота жасаттым. Аздап қалпыма келіп, үйіме оралсам, біреулер біздің пәтерге жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр екен. Мен «Сәлия мені қуантқысы келген екен ғой» деп мәз болып есіктен ене бергенімде, «бұл үйді біз сатып алғанбыз. Міне құжаттары» деді де есіктен шығарып жіберді. Осылайша, баспанасыз қалып, бірнеше ай көше кездім. Әйелім ұшты-күйлі жоқ. Содан, бір жігіттердің нұсқауымен осында тап болдым. Кезінде, төрт тілде білім беретін мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқардым. Каратэден спорт шеберімін. Қазіргі жағдайым, міне… Бірақ, бірінші әйелімнен үш ұлым бар. Олар Өзбекстанда тұрады. Телефон арқылы хабарласып тұрамыз. Менің оларға баруға намысым жібермейді, – деп қапа болады Мұқтар Мадалиев ақсақал.

Көзім еңселі ақсақалға түсті. Амандықтан соң, әңгімеге көштік. Қария 30 жылға жуық қойшы болған екен. Қойшы болғанда да атақты, пәленбай төл алып, тонналап ет өндіріп еңбек еткен екен бала-шағаның қамы үшін. Жалғыз ұлы болыпты. Қыршын кеткен көрінеді. Әйелінен де ерте айырылған. Қария – Кеңгір ауылынан. Қызы тұрмыста. Бірақ, қызын көрмегелі 2 жылдай уақыт болғанын айтты. «Қолына алып бақпаса да, келіп амандығымды білуге болады ғой» деген өкінішін жеткізді. Ұзатып, той-домалақтарда жолынан жығылмай ат атағанын да есіне алды Сәрсенбай ақсақал. Бұл жерге ағасының ұлы орналастырыпты. Жақында келіп «Толып алыпсың ғой. Саған жаққан ғой. Осы жерден шықпа» деп «басу» айтып, амандығын біліп кеткен сыңайлы. Міне, қам-көңіл қарттардың кейбірінің тағдыры осы.

Бір қуаныштысы, мен барған күні бір қазақ қарияны Балқаштан туыстары келіп, шығарып алып жатыр екен. Ол кісіні жолықтыра алмадым. Қағаз жұмыстарымен сыртқа шығып кеткен көрінеді. Дегенмен, бұл мекемеде әлі де 48 қазақтың бары жанымды жабырқатты.

«Қарияны қадірле!»

 Қиырда бір қауқары жоқ қария өмір сүріпті. Ел-жұрт оны ғұмырының көп бөлігін бала-шағасының қамына арнап, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған еңбекқор болған деседі. Көзі көруден, құлағы естуден қалған ақсақалдың буындары мен тізесі қалтырайды екен. Буындарының әлсіздігі соншалықты, қасықты да дұрыс ұстай алмайтын және тамақтанарда дастарқанды жиі былғайтын болған. Кейде аузына барған ас, байқаусызда түсіп қалады екен. Ұлы мен келіні қарияға жиіркенішпен қарап, ауыр сөздер айтады. Уақыт өте келе, оны пештің түбіне отырғызып, қалған-құтқан тамақты алдына қоюды шығарады. Ақсақал жанары жасқа толып, жүрегі қарс айырылардай күй кешеді. Күндердің күнінде тамақтанып отырған кісінің қолдары дірілдеп, қолындағы ыдысы түсіп кетеді. Ыдыс сынады. Жас келін аузына келген балағат сөзді айта бастайды. Қария үндемейді, жай ғана терең күрсінеді де, іштен тынады. Келіні мен ұлы ағаш ыдыс сатып әкеледі.

Осылайша, күндер өтіп жатты. Отағасы мен әйелі дастарқан басында отырғанда, бөлмеге ағаш кесіндісін ұстаған 4 жасар ұлдары кіріп келеді.

Әкесі:

 – Балам, мұны қайтпексің? – деп сұрапты.

Сонда ұлы атасына қарап:

– Мен бұл ағаштан ыдыс жасаймын. Сендер анам екеуің де қартайған соң, осы ыдыспен тамақ беремін, – деп жауап қайтарған екен.

«Атаңа не қылсаң, алдыңа сол келер» деген сөз осыдан қалса керек-ті.

«Бабалар сөзі – өсиет»

Үлкенге құрмет, кішіге ізет білдіру – қазақтың ықылым заманнан бері бұлжытпай, қаймағын бұзбай сақтап келе жатқан ата дәстүрі, танымы. Қазыналы қартын «жазып қойған хатына теңеген» халықпыз. Үлкенді сыйлаудан көп елден озықпыз. Тәубе! Бірақ, әлгі мекемедегі балалары бар қарияларды көріп, көңілге күмән ұялары анық.

Мекке менен Мәдине – жолдың ұшы,

Алыс сапар дейді ғой барған кісі.

 Ата менен анаңды құрметтесең,

 Мекке болып табылар үйдің іші, – деген Шал ақын ата-анаға тірісінде қамқор болып, мейірім танытуды өсиет еткен.

Қазақ «қонақ күтпегеннің ырысы өшеді, қариясын сыйламағанның тынысы өшеді» деген.

Дана Абай жиырма тоғызыншы қара сөзінде деген: «Ата-анадан мал тәтті, алтынды үйден жан тәтті» дейді. Ата-анасынан мал тәтті көріне-тұғын антұрғанның тәтті дерлік не жаны бар? Бұлардың бәрінен де қымбат атаанасын малға сатпақ ең арсыздың ісі емес пе? Ата-ана шамасы келсе, михнаттанып мал жиса да, дүниелік жиса да, артымда балаларыма қалсын дейді. Ол ата-ананы малға сатқан соң, құдайға дұшпандық іс емес пе?».

«Әкең жынды болса, байлап бақ» деген сөздің байыбына бара алсақ ғой, шіркін!

«Құранның сөзі – қасиет»

Ата-анаға құрмет етудің сауабы мен маңыздылығы туралы ислам дінінде де көптеген хадистер бар. Мәселен, Абдулла ибн Ғамрдан жеткен хадисте Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді: «Алланың разылығы – әке-шешенің разылығында, ал, қаһары – әке-шешенің ашуында» деген.

 Сондай-ақ, Құран Кәрімде Ісра сүресінің 23 аяттарында: «Раббың, Өзіне ғана ғибадат етулеріңді, ата-анаға жақсылық қылуларыңды әмір етті. Ал егер ол екеуінің бірі немесе екеуі де жандарыңда кәрілікке жетсе: (ол екеуіне) «түһ» деме (кейіс білдірме)» деп жазылған. Шариғатта «ата-анадан бас тартпақ түгілі, қатты сөйлеген пенденің жазасы ауыр» делінген.

Мұхаммед Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) тағы бір хадисінде «Ата-ананың қартайған шағында олардың екеуін, яки, бар біреуін разы етіп, күтпеген перзент қор болсын, қор болсын, тағы да қор болсын!» делінген.

– Мұндай сорақылықтардың алдын-алу бағытында қазіргі мектеп оқушыларына, жастарға рухани тәрбие беруді күшейту керек. Бүгінгі таңда имамдар мен мектептің арасына тосқауыл қойып қойды, яғни, имамдардың мектепке барып, сынып сағатын өткізуіне тиым салды. Ол ертеңгі күні келеңсіз нәтиже беруі ықтимал. Осы мақсатта, «намазды үйрен немесе ораза ұста» деген уағызды шегере тұрып, ата-ананы құрметтеу, көршіні сыйлау, үлкенге құрмет қылу, Отанды сүю, басшыға бағыну, ұстаздарға құрмет көрсету, жалпы алғанда тәртіпке мойынұсыну Һақында сөз етер едік. Қазіргі қоғамдағы сан алуан өзекті мәселелердің алдын-алу үшін мектеп оқушыларына, жастарға рухани тәрбие беру керек. Ол үшін жүйелі түрде жұмыс жүргізуіміз қажет, – дейді ҚМДБ Қарағанды облысы бойынша өкіл имамы Өмірзақ қажы Бекқожа.

Қасымхан ҒАЛЫМ

Басқа материалдар

Back to top button