Қарекетке әрекет сай ма?

Қарғын қапы қалдырмас үшін қарекет күшейді. Соңғы жылдары аймақтың 70 елді мекеніндегі бөгеттерге 186 шақырымнан астам қорғаныш біліктері салынған. Өзендердің 46 шақырымдық арналарында да судың асып кетпеуі үшін жұмыстар жүргізілген. Жазғы және күзгі кезеңдерде инженерлік жұмыс барысында дамбаларда 26,5 шақырымдық қорғаныш біліктері орнатылыпты. Сонымен қатар, қолданыстағы 26,9 бөгеттер күшейтілді. Республикалық, облыстық маңыздағы көлік жолдарының су өткізуі де қамтамасыз етілуде. Гидротехникалық құрылымдарда жөндеу жұмыстары атқарылуда. Қазіргі таңда су тасқынына қатысты жұмыстар жоспарға сай. Бұл жөнінде облыс әкімдігінде өткен аппарат мәжілісінде облыстың төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Ибрагим Күлшімбаев мәлімдеді. Сондай-ақ, мемлекеттік сатып алу, көктемгі егіс, Наурыз мейрамына дайындық та осы жиында талқыланды.

Қызыл су – қатаң бақылауда

Әкімдер елді мекен ішіндегі қарды шығарып, су өткізетін, су жіберетін құрылғыларды жедел тазалауды күшейтуі қажет. Көлік жолдарының ұйымдары су өтетін құбырларды аршу жұмыстарын жеделдетіп жүргізуде. Бүгінде бұл орайда атқарылған жұмыс 47 пайызды құрайды. Су өткізу құбырларын тазалаудағы жұмыс жергілікті маңыздағы жолдарда жеткіліксіз болып отыр. Техникалық құралдар мен қаржы резерві 7 ауданда бар. Ғарыштан бақылау мен мұз жару жұмыстарын атқару үшін келісімшарттар жасалыпты. Мұз жаруды 13 наурыздан бастау жоспарда. Жедел құтқару және апатты жою шараларына 6415 адам мен 2406 техника сақадай сай. 391 су соратын техника да әзір.

Ибрагим КҮЛШІМБАЕВ, облыстың төтенше жағдайлар департаментінің басшысы:

 – Әкімдердің мәліметінше 155 елді мекенде 221-ден астам эвакуацияланған тұрғындарды қабылдау бекеті жасақталған.Бұған қоса, былтырғы жылдан бері ауыл әкімдерін су тасқыны кезінде жедел әрекет ету үшін оқыту жұмысы қолға алынған. Биылғы жылы да әкімдерге сондай дәріс берілді. «Қазгидромет» болжамы бойынша Нұраның жоғары ағысындағы су қоры нормадан 81 пайызға артық. Шерубай-Нұрада 6 пайызға көп.

«Қазгидрометпен» бірлесе қорытынды бақылаулар жүргізілді. Аптаның соңында қанша су қоры бары нақты анықталады.

 Самарқанд су қоймасынан су жіберу секундына 25 текше метр көлемінде жоспарлануда. Ол Ынтымақ су қоймасы арқылы секундына 40 текше метр шамасында жіберілмек екен. Аталған су қоймаларында судың көлемін 20 наурызға дейін барынша төменгі деңгейге жеткізу көзделуде. Жүргізілген талдаулар қардың еруі наурыздың 20-сынан басталады дейді. Осыған байланысты төтенше жағдайлар орын алмас үшін барлық су өтетін құрылымдарды толық тазалап бітіру қажет. Самарқанд су қоймасы 10 елді мекенге қауіп төндіруі мүмкін.

 Төтенше жағдайлар департаментінің мәлімдеуінше, қазіргі қардың тоңы 45 сантиметрден 1 метрге дейінгі аралықта. «Қазгидрометтің» хабарлауынша, жауыншашын көлемінен Самарқанд су қоймасындағы су 9-15 наурыз аралығында ұлғаяды.

Көлік жолдары бойынша облыстық маңыздағы 69 көлік жолы бақылауда. Атап айтқанда, Абай ауданында – 9, Ақтоғайда – 11, Бұқар жырауда – 14, Нұрада – 15, Шетте – 6, Осакаровта – 6, Ұлытауда – 2 көлік жолының учаскесі су тасқыны кезінде қауіпті саналып отыр.

Заңнама сақталуы тиіс

Мемлекеттік сатып алу бойынша 2019 жылы 1795 конкурс өткізу жоспарланған. Оның жалпы сомасы 103 млрд. теңге шамасында. Бүгінгі таңда 89 млрд. теңге көлеміндегі 1595 конкурс жарияланған. Бұл жалпы жоспардың 8,9 пайызын құрайды. 200 конкурс әлі жарияланбаған. Оның үлес салмағы – 13 пайыз. Жалпы, мемлекеттік сатып алу туралы конкурстар жоспарға сай наурыз-қыркүйек айларында іске аспақ. Бұл туралы облыстың мемлекеттік активтер мен сатып алу басқармасының басшысы Мұрат Қадеков баяндады.

Аймақ басшысы мемлекеттік сатып алуға қатысты жұмыстардың да бақылауда болатынын атап өтті. Қала, аудан әкімдері осы бағытта бекітілген заңнамалар аясында әрекет етуі тиіс. Бұл апта сайын қадағалауда.

Көктемгі егіске дайындық қалай?

Облыста биыл дәнді-дақылдар себу көлемі ұлғаяды. 968 мың гектар аумаққа дән сіңірілмекші. Бұл былтырғы жылдан 56 гектарға артық. Дәнді-дақылдар сіңіруде егістік аумағы 52 гектарға артып, 85 мың гектарды құрайды. Майлы дақылдар 1200 гектарға көбейіп, 18,3 мың гектар шамасында сіңіріледі деп күтілуде. Сондай-ақ, картоп 9,6 мыңға, көкөніс 1600 гектарға отырғызылады. Көктемгі егіс үшін қажетті тұқым да тауар өндірушілердің сұраныстарын толық қамтамасыз етеді. Сапалы элиталық тұқымдар алу жұмыстары да мәреге жетуге жақын. Зиянкестерге қарсы шаралар бөлінген қаражат есебінен жүзеге асырылады.

 Көктемгі егіс жұмыстарына 11 мыңнан астам техника тартылады. 160 дән сіңіретін машина мен 6 мыңнан астам себетін құралдар жұмылдырылады. Қазіргі таңда оларды жұмысқа дайындау шаралары қолға алынған.

Жанар-жағармаймен қамтамасыз ету көлемі 18 мың тоннаны құрайды. Бүгінгі таңда тасымалдаушылар анықталған. Дизельді жанармайдың литрі 171 теңге шамасында босатылады. Аталған мәселе де апта сайын әкімдік бақылауында.

Қайырымдылық шаралары іске асуы қажет

 Наурыз мерекесін атап өту үшін жоспарлар бекітілген. Облыстық ішкі саясат басқармасының хабарлауынша, 6 мың көпбалалы анаға, 10 мыңға жуық қария, мүгедек адамдар мен жетім балаларға жалпы сомасы 26,5 млн. теңге көлемінде көмек көрсетіледі. Аз қамтылған, көпбалалы отбасынан шыққан балаларға мереке аясындағы шараларға кіру – тегін.

Жалпы, Наурыз мерекесін тойлау барысында 270 түрлі мазмұндағы іс-шара ұйымдастырылады. Соның ішінде, 80 қайырымдылық ісі де бар. Наурызды мерекелеуге қатысты шаралар 13 наурыздан бастау алады.

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА,
«Орталық Қазақстан»