Руханият

Ардан туған арда жыр

Халықтың болмысы, мінез-қылығы, ойы заманындағы әдебиетінен көрінетінін айтыпты Халел Досмұхамедұлы. Әдебиеттегі ұлттық ділді зерделеген А. Шәріп «… біртұтас мемлекетке біріккеннен бергі бес жарым ғасырға жуық мерзімнің ішінде көшпеліліктен капитализмге шейінгі қоғамдық құбылыстарды көзбен көріп, бостандықта да, бодандықта да күн кешіріп үйренген қазақ ұлтының қаншама ұрпағы жұрттықты сақтау жолында жанын жеп, түн ұйқысын төрт бөлдірген ой орамдарының, сезім мен сана сырларының құпияларын өлең өзегіне өріп кеткен», – деп тұғырлайды [Шәріп А. Әдеби-тарихи үдеріс және дәстүрлі ментальдік // Д. Қамзабекұлы, Б. Омарұлы, А. Шәріп. Ұлттық әдебиет және дәстүрлі ментальдік. Монография. – Алматы, 2013. – Б. 6.].

Мұндай ауыр жүкті бірер ақынның арқалауы мүмкін емес. Дегенмен, халқының қамын қайғы еткен қатепті қара нардай ақындар бұрын да болған, қазір де бар. Солардың ірі өкілдерінің бірегейі – ақын Ғалым Жайлыбай. Оның соңғы шыққан «Есіл ағады» атты жыр кітабы осындай ойға әкеледі.

«Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы». Бұл рас. Өлеңді әркім өреді. Алайда, оны «сөздің сарасы, сөздің патшасы» ету – ілуде біреуге бұйырған бақ. Айтайын деп отырғаным – ақынның болмысты бейнелеу биіктігі мен тереңдігі, кеңдігі сөз қолданысынан көрінеді. Осы тұрғыдан келгенде, «Есіл ағады» кітабындағы жырларды тіл мен діл қазынасы десек, аса артық айтқандық болмайды. Бұл жырларда ұлттық кодтар тұнып тұр, оларды ақын арнайы тоқталып түсіндіріп жатпайды, ұлттық маркер болатын бірер сөзбен түйіндеп тастайды, сондықтан, алаштың ұлттық табиғатын танымаған адамды Ғалым поэзиясы жолата қоймайды. Мәселен, «Көрдім» деген өлеңде бәрін де көрген лирикалық кейіпкер былай дейді:

Даламның жырын дарабоз қылдым,
Өмірімнің шығып өріне.
Шанағы сынған қара қобыздың
Қаңқасын ілдім төріме…
Ақын қазіргі әлемге үйреншікті болып кеткен «дағдарысты» да ұлттық мінезбен қарсы алады:
Көрпе төсеп көнелеу алашаға
Өлеңімді тыңдайды бала-шаға.
Күресінде күлге аунап жатыр, әне –
Қараша үйге құт болған қара саба…
(«Елегізу. Дағдарыс жыры»)
немесе:
Қараша үйдің киесі,
Қарашада тоңғандай.
Қара қазан иесі
Қара күйе…
Сормаңдай.
……………… («Қазанғаптың күйі «Жұртта қалған»).

Ал, «Сынық арба» дейтін өлеңнің тереңіне бойлау үшін ұлттық ділің де терең болу керек, өйткені мұндағы сынық арба көліктің атауы ғана емес, ол заман мен кеңістіктің рәмізіндей. Мұндай жұмбақ сырлы ұлттық бояуды кітаптағы жырлардан молынан кездестіруге болады. Ұлттық бояу дегеннен шығады, кітаптағы жырларда түр-түс атауларын ұлттық ділдің көрсеткішіне (ұлттық кодқа, таңбаға) айналдырып жіберудің сәтті қадамдары жасалған. Бұған орай айрықша көзге түсетіндері – боз, ақ, қара, қоңыр, сары түстер. Ақын поэзиясында бұл түстер күрделі болмысымыздың, тарихымыз бен таланымыздың, табиғатымыз бен талғамымыздың нышанындай қабылданады. Кітаптың бірінші бөлімінің «Бозбеткейлі» деп аталуы тегін емес.

Кімге болса да өз туған жері Жерұйық қой. Ал ақындарға келсек, туған жер – оның рухының сүйеніші, әлемге сол туған жердің көзімен қарайды. Жер ғаламшары ақынның жасампаз жадында «туған жер» деп аталатын сол кіндіктен айналады. Ғалым ақынның өзі айтқандай, ол – «шөлейттеу жердің шөбі», сондықтан да болар, «боз» сөзі ақынның жырларында өзгеше өріс тауып, ғажап қасиетке ие болып отырады, «боз» ол үшін уыз пәктіктің түсі, белгісіндей. Оның көлі “боз көл”, даласы – «боз дала», биігі – «боз төбе», «боз беткей», «боз бел», Айы да бозғылт («Ай астынан Ай көреді» ақын), таңы да «бозала», тұлпары да «боз», құсы да – бозторғай, т.с.с.

Ақын жырларындағы дәстүрлі қолданыстардан өзгеше ақбота бұлт, ақ көкем, ай нұрына шомылған ақ шағала, ақ жейде ақ самал ұл (ақ көйлек, еспе көңіл дегенді еске түсіреді), «Қаратау – қара саба, қара бала, Оты өшпес ошақтағы қара қазан», «Ақ әлемнен іздеп келдім өзімді», «Ақ зер әлем, ақ дүние – жаныма құт», менің аппақ құстарым, «Сағынышын сарнатқан сары белдей» т.с.с. тың тіркестер түр-түске өзгеше өң, мән қосып тұр.

Ақынның бұл жолғы жырларында Астана образы айрықша көзге түседі, оған арналған сөз кестесі тәнті етеді. Астанаға сөзбен соғылған ескерткіштей қабылдайсың.

Көшім келіп көрікті зер қалаға,
Есіл болып есілдім ен далада,
Астананың әз жұртын айналайын –
Ақ тілегі Алаштың сенде ғана!
немесе:
Ай Астана – Алаштың ақ арманы,
Жарығымсың сен менің жанардағы!
Сондай-ақ, Ай қаласы – Астана, Күн қаласы; Арманыма ар болған Астана бұл. Сен алыпсың аспанға иық тіреп, Баласымен қазақтың бірге өсетін; Әппақәппақ түстерді кешіп келем; Ақ бораны әппақ нұр десем бе екен дейтін тармақтардан Астанаға деген іңкәрлік лебі есіп тұр. «Ай нұрына шомылған ақ шағала», «Қараөткел жаққа қарадым (элегия), «Жерұйық іздеу», «Элегия», «Астанада, ақпанда», «Қара нөсер. Қараша» атты өлеңдерде Астананың мінез сипатын көргендей боласың, қала жанды дүниедей болып көз алдыңа келеді. Өзін «дала өзенімен тағдырлас» санайтын ақын үшін Астана Есілмен сыңарласа жүреді. Есілге арналған мына бір сөз орамдары дала өзенімен бірге өзіңді де есілдіретіндей: ақбұйра толқын, Мағжанның жүйрік жырындай, есіле ағады, көсіле ағады толтырған нұрдай арна, ерке толқын; Еділ бол да, Жайық бол – Нұра бол да Есіл бол; Сарыарқаның жүзігі Есіл деген осы өзен; Тәуелсіздік тұрағы деп басталар ұлы әні, Күн сүйеді Есілді, Нұр құшады Нұраны, т.с.с.

Мұндай айғақтарды теорияға салып мынау метафора, мынау эпитет деген сияқты талдауға тарту өлең туралы ойды салқындатып жібереді, ол жағын ғылыми зерттеушілер үлесіне қалдырған жөн.

«Жалғыздық» күйі небір ұлы ақындардың көкейін өртеген: Абайдың, Мағжанның, Мұқағалидың жырларының көңіл тербетер тұстары да осы «жалғыздықпен» байланысты. Ғалым Жайлыбайдың да жалғыздығы драмаға толы: ақын жалғыздықтан құтылар жол да іздемейді, сол жалғыздық кеңістігінде жүреді. Жалғыздық – ақын үшін табиғи күй, содан болар, Жайлыбай «жалғыздығы» табиғатпен етене. Лирикалық қаһарманы Бетпақтың шөлінде, күңгірт әлемде я боз далада жалғыз кезіп келе жатқандай, сезімді ғана серік етеді. Мұндай сезім сәттерін көптеген өлеңінен табуға болады. Хакім Абайдың «Моласындай бақсының Жалғыз қалдым, – тап шыным» дейтіні бар еді ғой, ал ақын Ғалым жапандағы «Жалғыз бейітпен» сыр бөліседі:

Қалғалы қол-аяғы тосын ұйып,
Тұрғандай туған жердің төсі кейіп.
Жалғанның жалғандығын
ұқтыратын
Өмірдің қайырмасы – осы бейіт.

«Жалғыз қарағай», «Ақ сиса» поэмаларында Әсет пен Жаяу Мұса әндері интермәтіндік өзек болып өріліп отырады. Ал «Жаңғырық» өлеңін Абайдағы «жаңғырықты» жаңғырту десе де болғандай. Ғалымның зары да Абайдың зарындай – заманы басқалай. Абайдың «жаңғырығы» жаныңды ызаға толтырып, шемен бітірсе, Ғалымның «жаңғырығы» жаныңды жаһаннамға жібергендей, зәреңді зәр түбіне жібергендей:

Дауысым шықты жаңғырып,
Жан-жағым толған жаңғырық.
Сізден соң өмір-өлеңге
Біз қайдан келдік қаңғырып.
⃰ ⃰ ⃰
Ей, Шыңғыстаудың баласы,
Запыран құстым
Зар қылып.
Қазақтың қайран даласы
Жаңғырықтардан мәңгіріп,

Есімнен кетті таңдырып…
Мұндайда, Ғалым ақынның өзі айтқандай, «Рухани басыңды сүйеп» отырып қалғаннан басқа амал таба алмай азаптанасың.

Қазақтың қайғысы, Адамның азабы – ақынның да азабы, қайғысы. Тағы да Ғалымның сөзімен уайымдасақ:
Қаратаудың басынан көрінген көш
Қайда барып тоқтарын кім біледі?..
Жетегінен құтылып жетіліпті Көшкен сайын бос келген бір тайлағың («Тамакөшкен»).
Бұл – тарихи қалыптың заманға сай интерпретациясы.
Ғ.Жайлыбай жырларындағы ілкі мәтінді еске түсіре тұра жаңа қолданыс, жаңа өзіндік ой ретінде қабылдауға әбден лайық тармақтар жыраулық поэзиямен өзектес:
Керуеннің көшін көр,
Туған жердің төсінде ел.
Еділ бол да,
Жайық бол –
Нұра бол да, Есіл бол!
…………………….
Тұлпарлардың тұрағы ол,
Тұнығынан тұма көр!
Құлазымас құба бел –
Есіл бол да,
Нұра бол!

«Есіл ағады» кітабында кездесетін постмодернизмге тән интертекстуалдылықтың әр түрі көрініс береді, кей тұста келтірінді сөз түрінде болса, кей тұста ілкі мәтіннің жаңғырығы жетеді. «Қаратаудың басынан көш құлады» деп басталатын өлеңде ауыз әдебиетіміздегі ой-образдар оқырман ойын жетелеп отырады, күйге тән ырғақпен жазылған «Қазанғаптың күйі «Жұртта қалған» өлеңіндегі Ей, еңсесі биік ақ Орда, Еңсесі биік ақ Орда… деген қайырымдар 17-18 ғасыр зобалаңының әсерін беріп отырады.

Ей, енесі өлген құлын күн,
Құлыны өлген байтал күн.
Махамбет еске түседі. Бірақ Махамбет күні емес, қазіргі заман күні.
Ғұмырыңды Ай ғып кетсем
деп келдім,
Құлыныңды Тай ғып кетсем
деп келдім,
Көңіліңді жай ғып кетсем деп келдім.
Махабаттың жыры туған өлкеден
Ләйліні іздеп ләйліп кетсем деп келдім («Түркімен саздары»: «Бұлбұл»).

Ақын Түркімен елінің ұлы ақыны Нұрмұхамед Әндіәліптің 350 жылдық тойында осылайша, осылайша болғанда да, Қаз дауысты Қазыбекше толғайды. Бірақ уәж басқа, мәлімдеменің мәні өзгеше. «Есіл ағады» кітабында оқырман ойынан шығатын интермәтіндемелік көріністер аз емес, көрсеткенімізден қалғанын өлеңсүйер оқырман өзі көрер. Ғалым Жайлыбай поэмалары арнайы зерделеп, зерттеуге сұранып тұр. Аталмыш кітапқа енгізілген поэмалардың мазмұны мен композициясы, көркемдік өрісі өзгеше. Лирика, эпика мен драманың тоғысуын осы поэмалардан көресіз. Сондықтан да, бұл поэмалар – жаңа үрдістен туған, жаңа сыңайдағы поэмалар. Ақын поэмаларының мазмұн ауқымы үш ғасырды – ХІХ, ХХ, ХХІ ғасырларды қамтиды. Сырт қарағанда Жаяу мұса өлеңін жаңаша парықтау болып көрінгенмен (бұл да баршылық), «Ақ сиса» поэмасы ХІХ ғасырдағы көрнекті тұлға Жаяу мұса тағдыры арқылы сол заманның болмысы, өнер мен өмір, ел мен жер тағдыры жыр талқысына түседі. Баянауыл жерінің киесін асқақтатады. Тарихи оқиға мен ақын толғанысының драмалық шиеленісі поэма желісін ширықтырып, оқырманға өзгеше ой түйгізеді. Мәселенің мәнісі Жаяудың атын тартып алуда емес, сол кездегі отаршылдықтың қысымынан болған әлеуметтік-экономикалық ахуал екенін түйсінеді.

Заман арын ақын өз арындай қабылдайды. Содан болар, Ғалым Жайлыбай өзі өмір сүрген ХХ ғасырдағы халық басынан кешкен зауалдарды жыр тезінен өткізеді. Тақырып таңдауда да тапқырлық танытады. Бұл күнде сталиндік зұлматтың рәміздік нышанына айналған «Қара орамал» – Қарлагтың, Қарлагтың ғана емес, ХХ ғасыр қаралы уақытының қанын ағыза суреттеген панорамалық драмасы. Бұл поэманың негізінде драмалық спектакль қойылуы – шығарманың осы қасиетін тірек еткен. Поэманың композициялық желісі лиро-драмалық бөлімдерден қатарластыра өрілген: «Қарағанды лагері», «Қарлаг қақпасы» сияқты бөлімдер заман аңғарын аңдатса, «Ахметжан Сармантайұлының «58-статья» күйі», «Қыз жылаған», «Ирина Борхманның «Үзілген сапар» картинасы», «Мамочкино моласы», «Гармоншы. 1973 жыл», «Тас пен ас», «Қарлагтың қара кітабы», «Қоңыртөбе» сияқты бөлімдер сол заманның өзек өртер айғақтарын әшкерелейді, құрбандарды жоқтағандай әсер етеді (Автордың поэманы «реквием» деп айқындауы да осыған орай болар). Әуелгіде поэма бір нысанға шоғырланған өлеңдердің тобындай әсер ететіні рас. Алайда, поэманы түгелдей оқып, ой елегінен өткізіп қорытқаныңызда, әр бөлімді бір-бірімен сабақтастырып тұратын арқау, өзек барын ұғынасыз, тұтас жыр етіп өріп шығасыз.

ХХ ғасырдың ең сұмдығы 32-жылдың ашаршылығы екені бұл күнде көпке мәлім. Әйтсе де, бұл жөнінде көркем әдебиет жалпылай жырлау я жекелеген оқиғаларды баяндаумен шектеліп келе жатқаны жасырын емес. Автордың «Тамакөшкен» поэмасын осы орайда оқшау тұрған туынды деген жөн. Бұл поэма, ең алдымен, тұтастай бір халықтың ар-намысын арашалайды, екіншіден, «парағынан қан саулаған» тарихтың бір ақтаңдақ парағын толтырады, үшіншіден, бір рудың, заман қыспағынан босқан елдің басынан өткен трагедия қазақтың әр руының қайғысындай қабылданады, тіпті әлем қайғысымен шендеседі (Соқпағы сорға айналып дүздің ауыр, Шайқаған шаңырағын күзгі дауыл. … Хиросима қайғысы жайла айтасың – Ал мынау – біздің ауыл!), тарихымыздың «шерлі тарих» екенін жырмен кестелейді. Поэмадағы оқиға желісі, шегіністер өткен мен бүгінгіні шендестіреді. Поэмадағы кейіпкерлер галереясы өзіндік сонылықпен пішімделген. Ақынның оқиғалы сюжетті, қаһармандар әрекетін жан сезіміне орап беруі поэманың трагедиялық табиғатын өткірлей түседі.

ХХ ғасырдың тағы бір трагедиясы – отаршылдар қыспағынан елден ауып, шекара асып кеткен қазақтардың ахуалы. Автор «Жалғыз қарағай» поэмасында Әсет Найманбайұлының шет жердегі трагедиялы тағдыры арқылы өнер биіктігін әспеттейді, атамекеннен алыстағы «жалғыздық» жапасын шектіргендей қылады:

Жапанда жалғыз өскен сол қарағай,
Қазақпен тағдырлас па деп қаламын.
ХХІ ғасырдағы ең көкейтесті жай экология жайы болып тұр. «Киікқашқан» поэмасы – осы жайды ғасыр мәселесі ретінде көтере білген туынды. Мына бір үзінділер – осы сөзімізді дәлелдей түседі:

Маңып, лағып көші кеткен,
Киікқашқан – заманақыр.
Дала жатыр,
есі кеткен
Шала-жансар бала жатыр
……….
Жерге жасын төгеді аспан,
Гептил басқан, уран басқан.
Киік қашқан, неге қашқан –
Судан қашқан, удан қашқан.
……..
Атажұрттың аспаны – елес,
Шытырманға шыдап көрді.
Киікқашқан дастан емес…
Киікқашқан – сұрақ белгі.

Шынында, бұл – киік дейтін табиғат перзентінің басындағы ғана емес, Ұлы даланың ұлы халқының басындағы қатер.
Ғалым Жайлыбай поэмаларын бірер мақаламен тәпсірлеп, парықтап бере алмайсыз, әрине, арнайы талқы мен бағалауға сұранып тұр.
Бұл мақалада біз «Есіл ағады» кітабындағы жырлардың пішіндік көркемдігі, ырғақ пен ұйқас, тармақ пен шумақ сияқты жайттарға да тоқталмадық, ол туралы да бөлек айтылғаны жөн. Бар болғаны – оқып шыққанда менмұндалап тұратын көркемдік айғақтарды алға тартумен тындық.
Қалай десек те, сөз бен сезімнің, ой мен орамның жалғандығы жоқ, ойың мен сезіміңді тұщынтар өлеңдерді оқығанымызға қол қойдық. Академик Зейнолла Қабдоловтың «Әдебиет – ардың ісі», – деген сөзіне әбден сендік, Ғалым Жайлыбай жырларының ардан туған «арда өлең» (ақынның өзінің тіркесі) екеніне көзіміз әбден жетті. Ақын шын сырын жайып тастаған екен:
Ақ қағазға жазғаным жыр ғана емес, Жаратқанның маңдайға жазғаны еді.
Ақын Ғалым Жайлыбайдың «Есіл ағады» өлеңдер мен поэмалар жинағы Мемлекеттік сыйлыққа әбден лайық шығарма.

Жантас Жақып,
Еуразия ұлттық университетінің
профессоры, филология
ғылымдарының докторы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button