Оралды Төреғожин: «Ардагерлер өнегесі – өмірлік азық»

Тұңғыш Президенттің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының жүзеге асырылуы қоғамның әр саласындағы сан алуан адамдар тобын қамтиды. Аймақтағы ардагерлер кеңесінің осы бағыттағы жұмысы кеңес төрағасы Оралды Төреғожинмен сұхбатымызға арқау болды.

Оралды Тұрсынұлы, ардагерлер кеңесі «Рухани жаңғыру» бағдарламасының орындалысына қандай үлес қосуда?

Ардагерлердің қазір қолынан келетіні – жастармен кездесу, ақылын айту, естеліктерімен бөлісу. Тарихтың әр кезеңінен сыр шертіп, адами құндылықтарды жеткізу. Яғни, аға ұрпақ өнегесі – қоғамның қозғаушы күші. Мұндай кездесулер біздің аудандық, қалалық 20 кеңесте, 638 бастауыш ұйымдардың барлығында шама шарқына қарай ұйымдастырылады. Мәселен, осымен қатарынан үшінші жыл білім беру мекемелерінде ұйымдастырылған «Дала поштасы» акциясын айтуға болады. Оқушылар аталарының майдан даласындағы ерліктерін хатқа жазып, олардың есімдерін жаңғыртуда.

Аймақ ардагерлері кеңесінің құрамында неше адам бар?

Бұл ретте мынадай мәселе бар. Біздің елімізде ардагер деген лауазым заңды түрде жоқ. Былайша алып қарасақ, біз зейнеткерлер үйі болуымыз керек. Аймақта жасына байланысты зейнетке шаққан 200 мыңнан астам адам бар. 10 мыңға жуық тыл ардагері мен 90 соғыс ардагері – арамызда. Кеңестің жұмысына белсенді қатысатын ардагерлерді марапаттаймыз. Кейде бұрын-соңды ешқандай жұмысқа араласпаған адамдардың да марапат сұрайтыны қынжылтады.

Жақында өткен ардагерлер кеңесінің кезекті отырысында қандай мәселелер қарастырылды?

Отырыста қозғалған негізгі мәселе – Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығына дайындық. Уақыт деген тез өтеді. Жоғарыда айтқанымдай, біздің облыста бар-жоғы 90 соғыс ардагері қалды. Оларға тиісінше құрмет пен көмек көрсетілсе дейміз. Түрлі деңгейдегі әкімдік өкілдеріне, әлеуметтік қолдау көрсететін органдарға осы бастан бастап айтып, ескерілмей қалмауын тапсырып жатырмыз. Облыстық өлкетану музейінен жаңа деректер алдық. Осыған дейін соғысқа біздің облыстан 45 мың адам қатысты деп келдік. Бұл мәлімет Қарағанды мен Жезқазған өңірлері өз алдына бөлек болғанда жасалған. Осы екеуінің басын қосқанда 60 мың адам соғысқа аттаныпты. Мерейтой қарсаңында соғысқа қатысты барлық ескерткіштер, саябақтардың жағдайын тексеріп, жөндеу, абаттандыру жұмыстарын қолға алу, жастармен бірігіп, ардагерлердің үй-жайына қол ұшын беру, дәрі-дәрмек, қоларба сияқты заттармен қамту, сауықтыру жұмыстарын жүргізуге дайындықты бастадық.

Ардагерлер кеңесі – қоғамдық ұйым. Сіз атап өткен шаралардың барлығы қаражат қажет етеді. Бұл мәселені қалай шешесіздер?

Қоғамдық ұйым болғандықтан, мемлекет тарапынан қаржылай қолдау болмайды. Сондықтан, біз осы аталған жұмыстарды бюджет қаралатын кезден, тендерге қатысудан кеш қалмайық деп қазірден қолға алдық. Қаржылай көмек көрсететін жанашыр жандар да бар.

Кеңестің билік өкілдерімен қарым-қатынасы қандай? Сіздердің ұсыныс, тілектеріңіз қаншалықты ескеріледі?

Билікпен қарым-қатынас – түзу. Ардагерлер елдегі тұрақтылықтың сақталып, берекенің артуын тілейді. Мемлекеттік барлық бастамаларды қолдайды. Бүгінде біз облыстың ішкі саясат, білім, жастар саясаты, мәдениет, архивтер және құжаттама, сондай-ақ, дене шынықтыру және спорт басқармаларымен тікелей жұмыс жасаймыз. Биыл біз Қазбек Нұржановтың 100 жылдығына байланысты батырдың есімін қаладағы жеңіл атлетикалық манежге беру туралы ұсыныс жаздық. Сонымен қатар, «Мәңгілік алау» мемориалдық кешенін жаңғырту туралы ұсыныс жолдадық. Онда қазір Совет Одағының 20 батырының есімдері жазылған. Ал, бізде олардың саны – 34. 14 адам Жезқазған аумағынан шыққан. Осы тізімді толықтыру туралы жергілікті билікке ұсыныс жасадық.

Сіздің ойыңызша, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының ширата түсетін тұстары бар ма?

Осы төңіректің өзінде талай-талай жұмыстар атқарылуда. Жақында ғана Ұлытауда «Көкмайса» фестивалі өтті. Азаматтарымыз, жергілікті кәсіпкерлер өз туған жерлеріне қолдау жасауда. Спорт кешенін ашып жатыр, мешіт салып жатыр, күрделі құрылыстар бастап жатыр деген сияқты. Өткен аптада ғана Боқты көтерілісіне қатысушылардың ұрпақтары жиналып, ас беріп жатыр. Мұндай жұмыстар әлі де болса жүргізіледі. Негізгі басымдық жастармен бірге жүргізілетін жұмыстарға берілгені дұрыс.

Сұхбаттасқан Жансая ОМАРБЕК.