Жаңалықтар

Ардагерлер алғысы

     65-95 жас аралығындағы қарағандылық 45 ардагер Астанадағы «ЭКСПО-2017» Халықаралық көрмесін тамашалауға аттандық. Арамызда тыл, Ұлы Отан, Ауған соғысы ардагерлері бар. Бұл сапарды ұйымдастырушылар – қалалық, Қазыбек би аудандық ардагерлер кеңестерінің төрағалары Ғабит Тұяқов пен Тілеубек Зейнешев еді. Сонымен, автобусқа мініп, Астанаға тарттық.

Астанаға жеткенше автобус іші ән-күйге бөленді. Ардагерлердің қуанышында шек жоқ. Астана көрінісі көз жауын алады. «ЭКСПО» көрмесіне кірер жолда онда келуші елдердің тулары достық пен бірліктің көрінісіндей желбірейді. Келушілер қарасы көп, ине шаншар орын жоқ. Бірден «Нұр – Әлемге» бет түзедік. Биіктігі 100 метрден астам, 20 адам сиятын шар пішіндес лифтімен этаждарға көтеріліп отырдық. Өзімізді басқа ғаламшарда жүргендей сезіндік. Адам айтса нанғысыз, ғылыми жетістіктер! Энергия көздері – күн, су, ауа келешекте адамзат пайдасына қызмет жасайтындығын дәлелді көріністермен түсіндірді. «Нұр – Әлем» нысанынан кейін 115 елдің көрмесін аралап көру мүмкін еместігін ескерген ардагерлер Қазақстан, Ресей, Үндістан, Қытай, Жапония елдерінің өнер туындыларын таңдады. Әр елдің ғылыми жетістіктері, әр ұлттың көрмелері ішінің нақышталуы таңдандырмай қоймады. Шаршау дегенді ұмытып та кеткендейміз. Көрмеден үлкен әсер, рухани азық алған ардагерлер ризашылық сезімде қайттық.

Бұл ашылған халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесі келешек ұрпақ үшін зор мұра болып қалмақ. Бүкіл әлемге Қазақстанның жақсы атын шығарып, Қазақ Елінің намысты қолдан бермейтіндігін дәлелдеді. Елбасы Н.Назарбаев көрегендігімен Астана атап, қазақтың қасиетті жерінің ортасына қаз бастырып әкелгені үшін сөзімді мына өлең жолдарымен қорытындылаймын.

Мақтанышы өзің болшы

Қазақ атты елімнің,

Атын шығар ұлан-байтақ

қасиетті жерімнің.

Ұрпақ үшін Елорданы

қаз бастырып әкелген –

Батылдығы, батырлығы

Нұр-ағамдай ерімнің!

Әли ҚАНАПИЯҰЛЫ,

еңбек ардагері.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button