Бас тақырыпОблыс әкімі

Ардақты мамандыққа – айрықша құрмет

Өткен жұмада облыс әкімінің орынбасары Алмас Айдаровтың қатысуымен Қарағандыдағы Кеншілер мәдениет сарайында Шахтерлер күніне арналған салтанатты шара өтті.

Салтанатты жиын өңіріміздегі шахтерлер тынысы мен көмір өндірісі турасындағы қысқа метражды деректі фильмнен басталды. Мұнда аймағымыздағы көмір өндірісінің жаңашыл тәсілдері мен тың мүмкіншіліктері, қауіпсіздік, цифрландыру сынды бірқатар маңызды мәселелер қозғалды.

– Сіздердің ерен де ерлікке толы еңбектеріңіз үшін алғыс айтқым келеді. Биыл біз «АрселорМиттал Теміртау» басшылығымен маңызды құжатқа қол қойдық. Онда компания үш жыл ішінде өндірістік нысандарға 305 млрд. теңге инвестиция құятындығы қарастырылған. Бұл қаражат шахталарды дамытуға, жұмысшылардың еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жұмсалады. Сіздерді шын жүректен кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын, – деді Алмас Айдаров.

Марапаттау рәсіміне «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының атқарушы директоры Вадим Басин қатысты. Кәсіпорын басшылары атынан ол да құттықтау сөзін жеткізді.

– Бұл күн Қарағанды үшін ерекше күн. Өйткені, бұл өңір индустрия ордасы деуге болады. Қиын да қажырлы шахтерлер еңбегімен көптеген өмір және мыңдаған адамдардың жұмысы байланысты. Бұл қандай болсын құрметке лайық. Облыстың өркендеуінде сіздердің ерен еңбектеріңіз бен өндірістік тәжірибелеріңіз бар. Ардагер кеншілерге ерекше алғыс білдіргім келеді. Сіздердің арқаларыңызда бізде еңбек дәстүрі қалыптасып, істеріңізді жалғастырушы майталман мамандар бар, – деді Вадим Басин.

Қарағанды кеншілері өз саласында ертеден келе жатқан еңбек дәстүрін бұзбай сақтап, әрі қазіргі заманауи технологияларды меңгеріп, өндірісті кеңейту жолында жаңашылдыққа ұмтылып келеді.

– Бүгінгі біздің кездесуіміз атқарылған іске көз жүгіртіп, алдағы ауқымды жұмыстарға зер салумен ерекшеленбек. Осы күні біздің кәсіпорын да талай жылды бастан өткеріп, кемеліне келіп тұрған жайы бар. Сондықтан, бір мезетте әлем таңқаларлық шыңға шыға қою қиын. Бірақ, біз еш жерде үлгісі жоқ қауіпсіздік жүйесін, кен байлығын бақылау жұмысын жүргізе аламыз. Қазіргі күнгі қайталанбас адам ресурсы, инженерлік құрам, білікті мамандардың болуы, шахта қорын тиімді ұйымдастыру – кәсіпорнымыздың іргесін нығайта түсіп, қолданыс мерзімін ұзартпақ, – деді «АрселорМиттал Теміртау» АҚ көмір департаментінің директоры Андрей Черномаз.

Сөйтіп, шара барысында ардақты маман иелері түрлі марапаттарға да ие болды. Мәселен, І дәрежелі «Шахтер даңқы» белгісін 8 кенші иеленсе, солардың қатарында «Тентек» шахтасының конвейерлік көлігі учаскесінің бастығы Раис Валеев, тазарту кенжарының таукен жұмыскері Геннадий Виговский (В.Ленин атындағы шахта), Леонид Котов («Шахтинск» шахтасы), Балташ Махамбетов (Абай шахтасы) және Сергей Чернышев (Т.Күзембаев атындағы шахта), үңгушілер Олег Проскурнин (И.А.Костенко атындағы шахта) мен Калый Мурумбаев (Қазақстан шахтасы) және жерасты электр темір шебері Игорь Свиридов (Саран шахтасы) бар.

ІІ дәрежелі белгімен 17 шахтер, ал ІІІ дәрежелі белгімен 25 кенші марапатталды.

 І дәрежелі «Еңбек даңқы» белгісі 12 адамға берілді. Оның ішінде «Шахтинск» шахтасы жерасты учаскесінің тау-кен жұмыскері Евгений Воложенко, «Энергоуголь» өндірістік басқармасының электр-газбен дәнекерлеушісі, Ренат Дүйсебеков, Қарағанды жүк тиеу-көліктік басқармасы локомотив депосының негізгі өндіріс бригадирі Оразғали Жұртыбаев, «Саран» шахтасының жерасты электр темір шебері Бағдат Макаримов, учаске басшысының орынбасары Андрей Михайлюк, Т.Күзембаев атындағы шахтаның электр темір ұстасы Игорь Первой және колонна көлігінің жүргізушісі Александр Попов бар.

ІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» белгісімен 12 кенші марапатталды, ІІІ дәрежелі белгімен де 12 шахтер ұлықталды.

Сонымен қатар, кеншілер Қарағанды облысы әкімінің Құрмет грамотасын да иеленді.

Салтанатты шара мерекелік концертке ұласып, сахнада халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары, Тәттімбет атындағы ұлт аспаптар академиялық оркестрі, «Мерей» ансамблі және Алматыдан арнайы шақырылған белгілі әнші Әли Оқапов өнер көрсетті. Мерекелік кешті Марат Бекішев «Шахтер» әнімен аяқтады.

Рауан ҚАБИДОЛДИН,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button