Қаражалда қолға аларлық істер бар

  Жұмыссыздық салдарынан құтылу үшін әрекет жасаудан мемлекет құралақан емес. Әр жылдары өзінің маңыздылығын көрсеткен мемлекеттік бағдарламалар сөзімізге – дәлел. Мемлекет тарапынан қолға алынған бағдарламалар бұқараның әлеуметтік-экономикалық ілгерілеуін көксейтіні сөзсіз. Биылғы жылдың басында жарияланған «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының» да қолға алынуы, аты айтып тұрғандай, жұмыссыздықты жою, кәсіпкерлікті ел ішінде дамыту.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен тікелей дайындалған бұл бағдарламадан кеншілер аймағы да сырт қалмақ емес. Облыстың қала, аудандарындағы Халықты жұмыспен қамту орталықтары бағдарламаның табыстылығына бірден-бір себепкер ұйым. Бүгінде бұл орталықтар іске білек сыбана кіріскен.

Айталық, Қаражал қаласында 2017 жылға бағдарламаның үш бағытына 71,6 млн. теңге бөлініпті. Ал, осы биылғы жылдың алты айында 445 тұрғын бағдарламаға қатысушы ретінде танылған. 408 адам Халықты жұмыспен қамту орталығында тіркелген.

Кәсіпкерлікті дамыту арқылы жұмыс орындарын құру бағыты бойынша 39,1 млн. теңге қарастырылса, 3 жобаны шағын несиемен қаржыландыру көзделуде.

Ал, қайта даярлықтан өткізу және кәсіби оқытуға 11 адам жіберілді, жоспар бойынша 12 адам. Оқудың мерзімі – үш ай. Бұл бағдарлама қатысушылары үш айдан соң Қарағанды технология және қызмет көрсету колледжінен «Шаштараз және декоративті косметика» мамандығын меңгеріп шығатын көрінеді.

Жұмыссыздықпен күресте әлеуметтік жұмыс орындарымен қамтудың да мәні зор. Мәселен, республикалық бюджеттен 20 адамға мақсатты трансферттер қарастырылған. Бүгінгі таңда 11 жұмыс берушіден өтініш келіп түсті. Бағдарламаның 38 қатысушысына әлеуметтік жұмыс орындарына жолдама берілді.

Сонымен қатар, жастар арасындағы жұмыссыздықты жоюға жастар тәжірибесін ұйымдастырудың да септігі айтарлықтай екенін атап өткен жөн. Жастар тәжірибесіне республикалық бюджеттен 11 азаматқа қаражат жоспарланды, бұған қоса қаланың жергілікті бюджетінен 5 тұрғынға қаражат бөлінген. Қазір бағдарламаның 4 қатысушысы жастар тәжірибесінен өтуге жолдама алып отыр.

Қаражал қаласының тұрғыны Меруерт Мұхамедиярова бағдарламаның қатысушысы. Бұған дейін өзінің жеке кәсібін ашқан Меруерт Асқарқызы бизнесінің өрісін кеңейту мақсат тұтқан. Сондықтан, «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасына» жүгінген тұрғынның бірі. Бүгінде Меруерт 3 айлық курс бойынша Қарағанды облысы техника және сервис колледжінде дәріс алуда. Бағдарламаның қайта даярлықтан өту бағыты арқылы «Шаштараз» мамандығын игермек.

Бес жылға межеленген бағдарламаның биыл алғашқы жылы. Осы кезең аралығында бағдарлама өзінің тиімділігін көрсетеріне сенім күшті. Жұмыссыздықты жүгендеп, бұқараны кәсіпкерлікке бет бұрғызатын бағдарламаға Үкімет те, жергілікті билік те, жұртшылық та үкілі үміт артады.

ҚАРАЖАЛ қаласы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.