Бас тақырып

Қарасорға қамқорлық қажет

Қарқаралы ауданына қарасты Қояндының іргесіндегі Қарасор көлі жыл санап ұлғайып келеді. Бұл мәселе «Орталық Қазақстанның» назарына басылым басшылығы аталған ауылға жұмыс сапарымен барғанда іліккен-ді. Көл ұлғайғаны жақсы, әрине. Судың молаюынан балық пайда болып, ел ырысы еселеніп отыр. Алайда, таяқтың екі ұшы болатындай, осы жерде бірнеше мәселенің құлағы қылтияды. Біріншіден, көл суы жыл өткен сайын кемерінен асып, маңайдағы темір жол, көлік жолдары мен тұрғын үйлерге қауіп төндіріп тұр. Екіншіден, мұндағы балық аулау ісі құзырлы мекемелер назарынан тыс қалуда. Су – тілсіз жаудың бірі. Бақылау жоқтықтан, балықшылардың айдынға шыққандағы қауіпсіздігі де алаңдатады. Егер, осы және өзге де мәселелер реттеліп, көл басында шаруашылық ашылса, ауылдағы азаматтар үшін кәсіп көзі, жаңа жұмыс орны болар еді.

 

«Қарасор бертінге дейін шағын аумақты алып жатқан сор еді. Адам тұрмақ, мал да барып су ішпейтін» дейді ауыл тұрғындары. Тек, балшығын маңайдағы шипажайлар емге пайдаланып келген. Балшығы – буын ауруларына таптырмас ем. Тіпті, ат арытып, алыстан келетіндер де бар.

– Мен 1940 жылы осы жерде дүниеге келдім. Ес біле бастағанымда, бұл жерде Әбүйір әулие мен жәрмеңкенің қоймасын күзететін шалдың үйі ғана болды. Кейін МТС тұрғызылып, іргесі кеңейе түсті. Қар қалың түсетін. Үйлердің мұржалары ғана көрінетін еді. Ал, Қарасорға адам түгілі мал да бармайтын. Себебі, аса тұзды. Көлге Талды, Қарасу, Қордабай, Жандар деп аталатын төрт өзен құяды. Бірақ, ешқайсысы сыртқа ағып шықпайды. Тұйық көл. Ауданда алғаш қатты су тасқыны болған уақытта сордың көлемі ұлғайды. Сол жылдары балық пайда болды. Бұл жерде өмірі балық болған емес, – дейді ауыл қариясы Серік Набиянов.

«Қарасорға балық келіпті» деген хабар алыс-жақын аймаққа тарайды. Суы молығады. Көлемі бірнеше шақырымға дейін ұлғаяды. Ауыл тұрғындарының айтуынша, қазір жағалаудың ұзындығы – 110120 шақырым.

Көлдің ортасында арал бар. Көктемгі тасқын кезінде, тіпті, ауыл іргесіне дейін су келеді екен. Жоғарыда аталған төрт өзеннен бөлек, сай-сала, даладан ағып келетін су қоры көлдің жайылып кетуіне әкеліп отыр. Ауыл тұрғындары «алдағы уақытта көл көлемі ұлғая берсе, ауылды басып кетеді» деп қауіптенуде. Бұрын көл мен ауыл арасы 6-7 шақырым болатын. Қазір 3 шақырымға жуық.

Көл көктем кезінде ауыл маңындағы инфрақұрылымға зиян тигізіп отыр. Мәселен, «Қазақмыс» корпорациясы мен «Алтайполиметалл» ЖШС-нің кен орындарынан кен тасымалданатын темір жолды су басты. Нәтижесінде, өндіріс орындарының жоспары орындалмай қалды. Биылғы жылы Саумалкөл-Бүркітті аралығындағы темір жол бойының 9 шақырымын су басқан. Салдарынан ұзақ уақыт бойы жөндеу жұмыстарын жүргізуге тура келді.

Аудандағы республикалық маңызы бар Қарағанды-Аягөз-Бұғаз бағытындағы көлік жолы да су астында қалды. Бұл – қатарынан екі жыл қайталанып отырған жайт. Тонналап кен тиеген жүк көліктері Қарқаралы мен Матақ елді мекені арасындағы жолмен жүріп, асфальттың ойдым-ойдымын шығарды.

Алдыңғы жылы су астында қалған темір жолды көтеріп, қайта жөндеу мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылды. Алайда, мұнда төгілген қиыршық тас суға сіңіп, жоқ болды. Жұмсалған қыруар қаражат биыл тағы су астында қалды. Келер жылы да су басу қаупі сейілер емес. Егер, қар қалың жауса, жағдай қайталануы мүмкін.

Балықшылардың қызығушылығын тудырып отырған Қарасорда мөңке, тұқы, алабұға, сазан сынды балықтар бар. Орташа салмағы 3-4 келі болатын балықтың кейбірі 16 келіге дейін басады.

– Ауыл тұрғындары мұнда күнкөріс қамымен жүр. Ау құрады. Аудың ұзындығы 100 метрге дейін барады. Мол олжаға кенеледі деп айта алмаймын. 5-6 балық түседі. Азаматтар апталап жинап, сатуға апарады. Әсіресе, жаз мезгілінде түсім көп. Қыста да ау құрады. Ортасына дейін бару мүмкін емес. Тереңдігі 5-7 метрге дейін кетеді. Бір ғажабы, балық мол. Көл бетіне балықшылар қайықпен шығады, – дейді ауыл тұрғыны, Мейрам Әлімжанов.

Ауыл тұрғындарының басым көпшілігі балық аулауды кәсіп еткен. Бірақ, қауіпсіздік шаралары сақталмайды. Бір қынжылтатыны, балық ауланғанымен, ешқандай орынын толтыру, азықтандыру жұмыстары жүргізілмейді. Яғни, шабақтар жіберілмейді. Тіпті, уылдырық шашатын мезгілде де балық аулау тоқтатылмайды. Егер, бұл қарқынмен жалғаса берсе, балықтың келешекте құрып кету қаупі тұр. Жауапты өкілетті орган дер уақытында жұмыс жүргізбесе, болашақта Қарасордың балығы мен балшығы да қатар түгесілетіні анық.

Жергілікті балықшылар өз ауылдарына жақын жағалауға бөтен балықшыларды кіргізбейді. Бұл – жазылмаған қағида. Қарасор құжат жүзінде Қоянды аумағындағы сор болып тіркелгенімен, балықшылардың ешбір рұқсаттама құжаттары жоқ. Яғни, салық төлемейді. Арнайы орган қадағаламайды.

Сонымен қатар, Қоянды жері – тарихымен құнды. Көлдің тағы бір қасиеті – ортасындағы ащы су мен жиегіндегі тұщы су қосылмайды. Әрі көл түбінде бағалы артемия құрты бар. Аталмыш жәндіктің жұмыртқалары әлемдік нарықта зор сұранысқа ие. Бұдан дәрідәрмек пен косметикалық бұйымдар жасалады.

Осылайша, Қарасор көлі маңайдағы аумаққа айтарлықтай әсер етуде. Ендігі, міндет – құзырлы органдар тарапынан көлге қатысты кешенді жұмыс жүргізілуі тиіс.

Сағыныш ӘБІЛ

Басқа материалдар

Back to top button