Қарашыл

Тұлпар мінез – тұғырдан

Жылқы мінезді қазақпыз ғой. Жігіттің жақсысын көрсек, Қамбар атаның тектісіне балап, азаматты қазанатқа теңеп жатамыз. Тектілігі тегеурін танытып тұрғанын – тұлпарға, ептілігі енжарын – қойшының ерсоқты болған шабан атына теңеп жібереміз. Не керек, исі қазақтың жылқымен тегі – бір. Сол қазақтың жарау ат пен жауыр атты кермеге қатар байлаған кезі жоқ.

Менің бүгінгі кейіпкерім – һас тұлпардың нақ өзі! Нағыз қанатты тұлпар! Желден жүйрік. Бір айыбы – қарашыл. Елін сүйеді, халқының ортасында жүргенді қалайды. Ат жарысын талай тамашаладық қой. Шу дегенде ойнақтап ала жөнеліп, негізгі топтан оқ бойы озық кеткен жел жүйрігің бірінші айналымның соңғы иірімінде жанкүйер топтың ортасына кіріп кетуші еді ғой. Қиқу күшейіп, атбегілер әрең деп созыла шапқан сәйгүліктердің соңынан ілестіріп жіберетін. Қою шаңға енген бетінде дүбірге ілесіп, екінші айналымда тағы өзі көш бастап келе жатады. Бұл жолы ат иесі алдынан тосып алып, қақпайлап, ел ішіне кіргізбей, сәйгүліктерден оқшауландырмауға тырысады. Қарашыл жарықтық қоя ма?! Ел ішіне енеді де кетеді. Соңғы айналымда ақ көбік терге малшынған сәйгүліктер теңселе шауып өткенде біздің қарашыл жанкүйер елдің ортасында ойқастап жататын-ды. Қиқуға басып, тағы да ілестіріп жіберіміз. Ақыры, мәреден де дара шауып өтетін сол қарашыл.

…Сан қарашылды көргенбіз. Қарашыл аттың сөреден мәреге дейінгі дүбірін мен Қарқаралының қадірлісі, Сарыобалының саңлағы Разақ Әлиннің тағдырына қатты ұқсатамын. Кезінде партия анда жұмсады, мында жіберді. Ауданға шақырып, үлкен қызмет те берді. Місе тұтпады емес, мінсіз атқарды. Бірақ, аңсары ауылға ауды да тұрды. Ауылдар жекешеленіп жатқан тұста да облыс орталығынан жіліктің майлы басындай қызмет ұсынып, қолқа салғандар болды. Бас тартты. Қарашыл аттай қарайлап, ел ішінде қалғанды жаны қалады.

Тұлпардың қарашылдығы осалдығы емес, тектілігі. Әйтпесе, киіз көзілдірік жасап, ел жақ жанарын тұмшалап қойғанына қарамай, топты аңсап, дүниенің дүбірін дүйім елдің мейманасына айырбастап жіберу қалай осалдық болсын?!

 Елін емірене сүйген еңселі ердің қарашыл болмысын халық та лайықты бағалады. Азаматтығын қадірлеп, елжандылығын құрметтеді. Сөзін жерге тастаған жоқ. Өзін сөзге қалдырған жоқ.

Разақ аға қалай қарашыл болмасын?! Кешегі Биатаның (Оразғұлдың Сеңкібайы) әділдігі қанына сіңіп, «Қызыл Көшендегі» Қасым құдығынан дауылпаз ақынның сарқытын ішкен, Сарыобалыда сайран салып, Аққораны ардақ тұтқан ұл елден қалай оқшаулансын?! Иә, Рақаның бойындағы тұлпар мінезі – тұғырынан. Топырағында кие бар елдің азаматтары осы Разақ Мұқанұлындай текті болса керек-ті.

Әкесі Мұқан ақсақал осы өңірдегі «Совет» колхозының уығын қадап, шаңырағын көтерген, Жамбыл атындағы совхозды ұйымдастырып, ел басқарған, елге жаққан қадірлінің бірі еді. Өзі – майдангер. Сталинград шайқасына қатысып, жан алыпжан беріскен сұрапыл оттың ортасынан ауыр жараланып, елге оралған. Тағдырының сынын да, сыйын да көрген көшелі әкенің ұлы қалай жаман болсын?! Бірақ, Разақ аға әке тағылымын ғұмыр бойы азық еткенімен, жақсы әкенің абыройын қырық жыл малданатын жаман ұлдардың қатарынан болған емес. Көпті көрген әкенің бағыт беруімен оқуын оқыды. Өз қабілетімен, өз іскерлігімен көзге түсіп, көш бастады. Абырой асуына көтерілді. Асып-тасқан кезі болған жоқ.

– Орта тәрбиелеген шығар… Кеңес дәуірінің маман дайындаудағы озық үрдісі бар еді ғой. Соның да ықпалы болған шығар, – деймін ғой, сұрақты қиғаштай қойып.

– Бірінші – әкем мен анамның тәрбиесі, екінші – туған топырағымның киесі мені осындай дәрежеге жеткізген. Мен туған топырақта қасиетті бабамыз Биатамның ізі жатыр, қазақтың Қасымының кіндік қаны тамған. Бұлардан басқа да талай тектілерге алтын бесік болған қасиетті топырақ қой, – дейді Рақаң қарапайым, қанағатшыл қалпынан айнымаған күйі.

Өзі асығып отыр. Жол жүріп, Қостанай жағынан келеді екен. «Қыстың көзі қырауда ауылдан ұзай қоймаушы едім. Ел не болып жатыр» деп елеңдеп, «Ауыл не болып жатыр» деп алаңдап отыр.

Арқада бір ауыл бар…

Заман өзгерді. Өткен ғасырдың соңғы онжылдығының жуан ортасы. Жекешелендіру науқанының айдарынан жел есіп тұр. Соңғы сегіз жылда (1988-1996 жж.) Разақ Әлин басқарған Жамбыл атындағы совхоздың таратылып, талапайға түсетін жөні жоқ еді. Бұған дейін Фрунзе атындағы совхозды (қазіргі Қасым Аманжолов ауылы) басқарып, Талды ауданы ауыл шаруашылығы басқармасының тізгінін ұстаған тәжірибелі басшы Жамбыл совхозының шаруасын тәп-тәуір дөңгелетіп отырған. Рақаң директор болған бұл екі совхоз да Әлинге дейін қарызы «күшіктеп», арызы қарша бораған ауылдар еді. Ел мен билік екі әлемге айналып кеткен. Шындығын айтқанда, Разақ Әлин қызметке емес, жанып тұрған отқа келген-ді. Үйіріп әкетті. 711 орындық зәулім мектеп салынып, жылына 30-40 тұрғын үй бой көтеріп, едәуір еңсе көтеріп қалған ауыл «ұстағанның – қолында, тістегеннің – аузында» кеткелі тұр. Дүркін-дүркін жиналыс. Әлгі «Күлтөбенің басында күнде жиынның» нақ өзі. Ақыры не керек, сүттей ұйып отырған ауыл 38 шаруа қожалығына бөлінді. Естеріңізде болар, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы экономикалық дағдарыс дауылы бұл ауылды да шарпып өткен. Таза тұралап қалмаса да, қарызы еселеніп, берешегі берекені алып тұр еді. Соңғы жиналыста сөз алған Рақаң:

– Қадірлі жерлестер! Ауылдың тағдыры – бәрімізге ортақ. Бүгін жекешеленіп, бөлек-бөлек шаруашылық болып кеткенімізбен, осы ауыл орталығының ажаркелбеті – әрқайсымыздың абыройымыз. Сондықтан, шаруашылық бөлінеді екен деп, ауылды, орталықты шашып алмайық. Қазіргі бар дүние ертеңгі ұрпағымыздың игілігіне қызмет етуі керек. Егер, қарсы болмасаңыздар, осы орталықты маған қалдырыңыздар. Маған сеніңіздер! Қазіргі таңдағы шаруашылықтың қарызы – 41 миллион теңге. Мен сол қарызды ешқайсыңыздың шаруашылықтарыңызға артық жүк қылмай, өз мойныма алайын, – деді.

Ел ерге сенді, ер еліне сенді. Бәтуаласты. Құжат хатталып, қарыз шотталып, сол күні әлгі 38 шаруашылықтың бірі болып «Аппаз» шаруа қожалығы құрылды. Қазіргі Қайнарбұлақ селолық округі орталығының атауы – Аппаз елді мекені. Бұл атау ауыл іргесіндегі Аппаз бейітіне (биік күмбез) орай аталса керек. Рақаң да аруақ аттамай, ел секілді шаруашылыққа баласының немесе немересінің есімін бермей, шаруашылықтың мөрін «Аппаз» деп таңбалады. Алайда, бұл күмбезге жерленген Аппаздың кім екенін ешкім толық білмейді. Әйтеуір, тегін адам емес. Шамасы 3,5-4 ғасыр бұрынғы күмбез. Ол заманда күмбезді бейіт таңдаулы тұлғаларға ғана тұрғызылғанын білесіздер. Алла алқап, аруақ қолдаған болар, «Аппаз» шаруа қожалығы дүркіреп берді.

Бұл ауыл – қазақтың қабырғалы қаламгері Әлжаппар Әбішевтің, ұлт көсемсөзінің көшелі өкілі, дарынды публицист, тарихшы Рамазан Сағымбековтің ауылы. Әлгі Разақ Әлин салдырған зәулім мектепке біздің «Орталық Қазақстан» газетін ұзақжыл басқарған Рамазан Сағымбековтің есімі берілген. Разақ Мұқанұлы Рамазан ағасының рухын ерекше қастерледі. Мектепті сонау қиын жылдарда өз шаруашылығының қамқорлығына алып, отынмен қамтамасыз етіп отырды. Ғимараттың жылу жүйесін күрделі жөндеуден өткізіп, қазандығын жаңғыртып берді. Мектеп жанындағы интернаттың бар шығынын «Аппаз» шаруа қожалығы есебінен көтерді. Шаруашылықтың атынан Рамазан Сағымбеков атындағы шәкіртақы тағайындап, жыл сайын мектепті үздік бітірген түлекке табыстап отырды. Әрі шаруашылық басқарып, әрі шалғай ауылдағы ұлттық рухтың шырақшысындай болды. Ауылдың Мәдениет үйін де ұзақ жыл шаруашылық есебінен қаржыландырып, барлық жөндеу жұмыстарын жасап берді. Төбесін шатырлап, «ине-жіптен жаңа шыққандай» кейіпке енгізді де, интернат пен Мәдениет үйін коммуналдық меншікке өткізді. Тоқырау жылдарында ауылды тоқыратпай, Әлжаппар, Рамазан сынды тарихи тұлғаларын ардақтау арқылы кісілік танытты.

Қазір Қарқаралыдағы ажары таймаған ауылдың бірі – осы Аппаз ауылы. Рақаң ауылдың 80-нен астам тұрғынын тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Науқан кездерінде 100-ден астам ауыл тұрғыны осы шаруашылықтан нәпақа табады.

Ел іші – жанға, өрісі – малға толы еңселі ауылдың түтіні түзу, шаруасы – қызу. Бәрі де – ұтқыр ұйымдастырудың арқасы. Бүгінгі таңда 7000 гектар алқапқа дән сіңіріп, ырысы еселеніп отыр. Тура Қарқаралының табиғи жағдайында тастақ жерге соқа салып, егін өсірудің қаншалықты қиямет екенін Разақ аға жақсы біледі. Шығыны – шаш етектен. Қытайдың жасық темірінен жасалған соқаның жүзі майырылып жатады. Бірақ, Разақ Мұқанұлының мақсатынан айнып, қайраты мұқалған сәті жоқ. Өріске 500 ірі қараны беттетіп, 100 қойды мыңғыртып отыр. Өзімен тектес Қамбар атаның тұқымынан 300 жылқы жусап жатыр. Машина-трактор ауласында 25 әртүрлі маркалы трактор (9-ы «К-701»), 13 комбайн, 10 автокөлік жұлқынып тұр. Осының бәрі алқапқа беттесе, дүниені дүбірге бөлеп жібереді.

Ауылда мереке сайын ұйымдастырылып жататын шараларда демеуші кім? Жаңа оқу жылының басында «Мектепке жол» акциясына белсене қатысып, қаншама шаңыраққа қуаныш сыйлап жүрген кім? Ауылдың Атымтай-Жомарты Разақ Әлин, әрине. Үнемі жауапты да, сауапты істің басы-қасынан көрініп жүрген абыройлы азаматтың орны – ел жүрегінде, әр шаңырақтың төрінде.

Өнеге ордасында

Иә, Разақ ағаның шаттықты шаңырағы – өнегенің ордасы. Асыл жары Гүлбарам екеуінің кіндігінен өрбіген ұл-қыз ұяда көргенін қияда іліп, ата-ана үмітін ақтады. Гүлбарам жеңгей – ұлағатты ұстаз. Қазір зейнет демалысында.

Тұңғыштары Әсел мектепті үздік бітіріп, Қарағанды мемлекеттік медицина университетін қызыл дипломмен тәмамдады. Медицина ғылымдарының кандидаты, Новосибирск аспирантурасының түлегі, доцент. Жолдасы Жанат та – медицина саласының маманы. Ғылым докторы. Ұлдың үлкені Жандос – ҚарМУ-дың экономика факультетінің түлегі. Ұзақ жыл мемлекеттік қызметте болған. Қазір әке ісін жалғастыруды мұрат етіп, «Аппаз» шаруа қожалығының екі тізгін, бір шылбырын қолға алып жатыр. Келіні Гүлмира – медицина саласының білікті маманы. Айдосы – заңгер. Жұбайы Ләйлім – «Қазақстан Теміржолы» АҚ-да жауапты қызметте.

Ұлағаттың ұясындай, өнегенің ордасындай Әлиндер әулетінде Әлихан, Алдияр, Кәусар, Қайсар, Інжу есімді өрендер өсіп келеді. Разақ аға мен Гүлбарам жеңгей осы немерелердің қызығын қызықтап, өздерінің өмірден түйген, тағдырдан таныған өнеге-ұлағатын осы Алланың бергендеріне сіңірсек деген ниетте жүр. Тәңірдің бергеніне тәуба қылып, барды қанағат тұтқан әулетті жалғыз Аппаз ауылы емес, тұтас Қарқаралы өңірі үлгі тұтады.

Жаратқан ием тіл-көзден сақтасын!

***

Разақ аға – әділдігімен елге жағып, адалдыққа арқа сүйеді. Әке аманатын ақтап, ел сеніміне селкеу түсірмеді. Бес шақырылым қатарынан аудандық мәслихаттың депутаты болып, жиырма жылға жуық мәслихаттағы бюджеттік комиссияны басқарғанда, аманатқа адалдық таныту қағидасын қазық етті. Өйткені, ол – әділдігімен қара қылды қақ жарған Биатаның, батырлығымен аңызға айналған Бөркөз баһадүрдің ұрпағы. Биата демекші, Сеңкібай бабасы Оразғұлдан туғанымен, Мойнақ бидің тәрбиесінде болған екен. Ол заманның билері дау-дамайға төрелікке барарда жағдайдың мән-жайынан алдын ала ақпар алдыртып, түпкі шешімнің жобасын іштей әзірлеп баратын болыпты. Бірде әлдебір рулардың арасында дау өршіп, Мойнақ би төрелікке барғалы отырғанда аяқ астынан сырқаттанып қалады да, орнына Сеңкібайды жібереді. Үнемі жанына ертіп жүретін болғандықтан, осы дауға төрелік айтуға жарап қалды-ау деген сенім де бар. Бірақ, бұл кезде Биатаның 14-15 жасар балаң жігіт шағы екен. Шығарып салып тұрып, Мойнақ би Сеңкібайға билік айтудың жай-жапсарын қайталап айтады. «Былай айтасың. Егер, дау былай өрбісе, сен мынаны айт» деген сыңайлы бағыт-бағдар сілтеп, батасын береді. Сонда, Сеңкібай шығып бара жатып, қайтып келеді де: «Жақсы ата, (Мойнақ биді осылай атаған екен) Сіздің осы айтқандарыңызды ғана айтайын ба, әлде өзім жанымнан қосайын ба?» деп сұрапты дейді. Қатты ырза болған Мойнақ би: «Даудың барысына қарай көрерсің. Жаныңнан қос!» деп алақанын көкке көтеріп, бетін сипаған екен деседі бір аңызда.

Разақ ағам әңгімеге сараң шықты. Мақтанбады. Көлгірсімеді. Қарапайым қалпынан айнымады. Ресми өмірбаянын өрбітуден әріге бармады. Редакция дәлізінде шығарып салып тұрып мен де:

– Аға, әңгімеге жарытпадыңыз ғой. Биатаңыз айтқандай, өзіңіз айтқанды ғана жазайын ба, әлде жанымнан қосайын ба? – дедім. Қарқылдап күлді де:

 – Өзің білесің, бауырым, – деді. Күлген сәтінде қаңтардың өзі мамырға айналғандай жылылық сезіндім. Шалқалай күлгенде ашылған аузынан жүрегі көрінді. Жомарт жүрек!

…Ағам бүгін жетпістің желкенін көтерді. Мерейлі сәт. Десек те, ескінің соңын, жаңаның басын көрген, шаруашылықтың қай саласында да айшықты қолтаңба қалдырған тегеурінді буын бізден алыстап барады. Қартайды, шау тартты деуге келмес, сонда да, бұл буын мұхиттағы мұзтаулардай жылжып барады. Арасында менің Разақ ағам бар. Жетпіске желпініп жеткен ағаның ту сыртынан жанарыммен шығарып салып тұрып, ауыр күрсіндім. Бұл да – өмірдің ащы шындығы…

– Сау бол, бауырым! Жолға шығамын, ел не болып жатыр, ауыл не болып жатыр…

Ұзын дәлізден қадап басқан қадамның дауысы емес, тұлпар тұяғының дүбірі естілетіндей. Қарашыл тұлпар қара орманы Қарқаралыны бетке алып, Аппазын аңсап барады.

Ерсін МҰСАБЕК,
«Орталық Қазақстан»