Бас тақырыпТарих

Қараменде бидің бұйымдары табылды

XVIII ғасырда өмір сүрген ірі тұлға, дала данышпаны Қараменде би Шақаұлының дәндәкуі мен хатқалтасы табылды. Қос жәдігер Қарағанды қаласының тұрғыны, ардагер ұстаз Жұмагүл Жаңбырбайқызының үйінде сақтаулы тұр.

Жұмагүл апайдың айтуынша, Қараменде бидің дәндәкуі де, хатқалтасы да қолданбалы өнердің озық туындысы болып табылады.

  • Мен Қараменде бабаның шөбересі Рахымберлінің жиені боламын. Бұл жәдігерлерді анам марқұм аманаттап тапсырған еді. Қазір көп адам «дәндәкудің» не екенін білмейді. Дәндәку – дәстүрлі кісе белдіктің (белбеудің) құрамдас бөлігі, от тұтатуға арналған заттар сақталатын шағын қалта түрі. Кісенің оқшантаймен қатар тұратын былғары қалтасы. Хатқалтаға келсек, оның бабамыз үшін маңызы жоғары болған. Өйткені, ел билігіне араласқанда осы менің қолымдағы хатқалтаға салып хабаршыдан хат жолдаған көрінеді, – дейді Жұмагүл Жаңбырбайқызы.

Дәндәку сол уақыттағы мықты шебердің қолынан шыққаны көрініп тұр. Алмұрт жемісі пішіндес етіп тігілген былғары қалта әлі күнге дейін сол күйінде сақталған. Ал, хатқалтаның сырты қағаздан, ішкі жағы қайыстан жасалыпты. Сәл тозғанымен, сыртындағы бедерленген ою-өрнектері анық көрінеді.

Ардагер ұстаздың сөзінше, тарихты жаңғыртып, жас ұрпаққа құнды жәдігерлер арқылы патриоттық тәрбие берудің маңызы орасан. Біз де өз кезегімізде талай жерде көміліп жатқан құнды мұралардың тарихын тірілтіп, оны сақтап, ел арасында насихаттай беруді жөн санадық.

Нұрдос КӘРІМ.

Басқа материалдар

Back to top button