Руханият

Араб әмірлігінде Абай туралы фильмдер көрсетілді

Әбу-Дабиде Абайдың 175 жылдығына орай Қазақстан киносының күндері өтті. Бұл туралы Қазақстанның Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Елшілігі мәлім етті деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Абайдың 175 жылдығына орай Әбу-Дабидің «Манарат ас-Саадият» мәдени орталығы кинотеатрында Ш.Айманов атындағы «Қазақфильмнің» туындысы «Абай. Өмірбаяны мен шығармашылығы» атты деректі фильмі және «Құнанбай» көркем фильмінің көрсетілімі аяқталды.

Үш күнге жалғасқан қазақ киносының күндері аясында араб жұртшылығы Абайдың шығармашылық мұрасымен танысып, қазақтың ұлы ойшылының даналығына тәнті болды. Маңызды мәдени шараға Әбу-Даби қаласының Мәдениет және туризм департаменті, Әмірліктердің Сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық министрлігі, дипломатиялық корпус өкілдері мен қоғам қайраткерлері, сондай-ақ қала тұрғындары, олардың арасында осы елде жұмысын жасап, жоғары білімін алып жатқан қазақстандықтар шақырылды. Қазақстан Республикасының Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Елшісі Мадияр Меңілбеков қазақ әдебиетіне, Абайдың өмірбаянына қызығушылық танытып, қазақстандық киноны тамашалауға келген қауымға алғысын білдірді. Оның айтуынша, бұл іс-шара көпшілікке қазақ халқының тарихы мен мәдениетін біліп-тануға, екі халық арасын әрі қарай жақындастыруға зор ықпал етпек. Абай дәріптеген жоғары құндылықтар мұрасы шетелдік жұртшылыққа киноның тілімен жеткізілді.

Басқа материалдар

Back to top button