Қара қылды қақ жарған

Өмірде маңайындағыларға шуағын шашып, алыс-жақынды бауырына тарта білетін, кең жүректі, мейірімі мол азаматтар болады. Мұндай адамдар бақи дүниеге аттанғанымен, есімдері ел жадынан өшпейді. Міне, қысқа ғұмырында адал еңбек, жақсы атымен өшпес із қалдырған сондай азаматтың бірі – Нұра ауданынан шыққан алғашқы заңгер атамыз – Хамит АХМЕТОВ еді. 

Ол кісі 1914 жылы аталған ауданның Захаровка ауылында Ахмет Бұйрабеков пен  Күмістің отбасында дүниеге келген. Әкесі Ахмет 1935 жылы қайтыс болды. Жастайынан зерек кейіпкеріміз орта мектепті аяқтасымен еңбек жолын аудандық комсомол комитетінде пионер ұйымын басқарудан бастаған. Бұл қызмет – комсомолдың қиын да жауапкершілігі мол жұмысына ысылып, адамдармен жұмыс істеу ісінің қыр-сырын меңгеріп, әжептәуір тәжірибе жинақтауға жол ашты. Жас маманның қабілетін байқаған  комсомол комитеті оған Петропавл қаласындағы педагог мамандарды дайындау мектебіне жолдама береді. Кейін, жігерлі жастың қайсарлығы оны 1936 жылы Омскідегі М.Фрунзе атындағы біріккен әскери мектебіне алып келді. Алайда, Хамит Ахметовке мұнда білім алу бұйырмады. Анасы Күмістің қайтыс болып, артында кәмелеттік жасқа толмаған бауырлары қорғансыз қалуына байланысты елге оралуға мәжбүр болды. Сөйтіп, еңбекке ерте араласты. Бауырларына қамқор болып, өмір ауыртпалығын бір кісідей көтере білді. Киров ауылдық кеңесінің төрағасы, одан соң Куйбышев атындағы колхоз төрағасы қызметтерінде болып, ауыр кезеңде елмен етене араласып, халқының мұң-мұқтажын арқалады. Жауапкершілігі мол, ісіне тиянақты, білімді, маңайындағыларға адал қасиеттерімен таныла бастаған азаматты 1938 жылы орта білімі болғанына қарамастан арнайы  органдардың  ұсынысымен  Нұра  ауданы прокуратурасына халық тергеушісі болып тағайындалды. Тергеушінің ауыр да, мазасыз жұмысы жас жігітті мұқалтқан жоқ, қайта шыңдай түсті. Өз жұмысында асқан адалдық танытып, ымырашылдыққа жол бермей, қылмыстарды дер кезінде  ашып отырды. Мәселен, 1948 жылы «Нұра» совхозында егін жинау науқаны кезінде астық ұрлау фактісі анықталып, халық тергеушісі Хамит Ахметовтің дер кезінде тергеу амалдарын жүргізу нәтижесінде совхоздың бас есепшісі ұйымдастырған қылмыстық топ әшкереленіп, құрықталды. Облыс прокурорының бұйрығымен тергеушіге 250 сом ақшалай сыйлық пен алғыс жарияланды (деректер Қарағанды облыстық прокуратурасы мұрағатынан алынды). Бұл қызметте қабілеті ерекше танылып, 1949 жылы оны Қарағанды облыстық прокуратурасына қызметке ауыстырады. Кейіпкеріміз тергеу бөлімінің прокуроры, облыс прокурорының мемлекеттік қауіпсіздік органдарындағы тергеу жұмысын қадағалау жөніндегі орынбасары қызметтерін абыроймен атқарды. 1953-1954 жылдары арнайы бөлімде мұрағаттық тергеу істерін қайта қарау барысында  ол 275 қылмыстық істі қайта қарап, оның 174-і бойынша облыстық сот Президиумына  және  облыстық прокуратураға наразылық  енгізді. Ал, 95 іс бойынша бас тарту туралы қаулы шығарып, 54 іс бойынша қосымша тексеріс жүргізу үшін қайта қарауға жіберген. Барлық наразылықтар расталған (жеке іс парағы 32 бет. Облыс прокуроры Киселев қол қойған аттестаттау қағазы). Ал, бұл сандар артында солақай саясаттың құрбаны болған қаншама адамның тағдыры тұр. Қаншама жазықсыз жапа шеккендер бостандыққа қол жеткізгенін ескерсек, бұл – әділдік орнату жолындағы теңдесі жоқ еңбек емес пе?  Өз жұмысына мейлінше адал, өз ұстанымы мен заң талаптарына ғана жүгінетін ол талай жанды қиянаттан арашалап, ел алғысына бөленіп, биік беделге ие болды. Оның арасында, 1952 жылы Алматы қаласындағы Қазақ ССР Әділет Министрлігі жанындағы  заң мектебін сырттай оқып бітіріп, заңгер мамандығын алды. Қай жерде қызмет істесе де ол кісі өзіне жүктелген міндеттерге асқан жауапкершілікпен қарап, әділдікке жүгінген. Қарағанды облыстық прокуратурасында тергеу бөлімінде оған небір күрделі қылмыстарды ашу тапсырылды. Әрине, бұл өте күрделі сала. Кісі өлтіру, мемлекет мүлкін талан-таражға салу, зорлық-зомбылық сынды аса ауыр қылмыстарды тергеу, міндетті адал атқару – тергеуші өміріне де қауіпті еді. Кейіпкеріміз сол қиындыққа мойымай, қызметіне бар күш-жігерін салды. Әділетсіздікке жол бермей, сот шешімімен келіспеген кездерде, жоғарғы органдарға наразылық жасаудан қорықпайтын. Дегенмен, 1964 жылы денсаулығына байланысты елге оралып, Нұра аудандық прокурорының орынбасары қызметіне ауысты. Осы қызметте Хамит Ахметов ақтық демі таусылғанша қызмет етті. Жас мамандарға ерекше қамқорлықпен қарап, тергеу мектебінен өткізіп, тергеу ісіне бағыт-бағдар берді. Тергеудің сапалы жүргізілуіне барынша назар аударып, қадағалап отырды. Шәкірттерін заңға адал қызмет етуге баулыды. Ең бастысы, ол  білімді де білікті, тәжірибелі де сөзге шешен, ойы ұшқыр, әділетті заңгер  болатын. Бірақ, небары 53 жасында 1967 жылдың тамызында өмірден озды. Көзін көрген ақсақалдар «Қызметіне адал, ағайынға қамқор, елім деп туған азамат еді» деп еске алады. Жеке іс парағына үңілсек, адал қызметі үшін ылғи алғыс алып, жоспарлы аттестаттаудан абыроймен өтіп отырғанын көреміз. Тіпті, Қарағанды облысының атқару комитетінің төрағасы Бәйкен Әшімовтің қолы қойылған Құрмет грамотасы да бар. 1961 жылы кіші әділет кеңесшісі атағын да алған. 1967 жылы Қарағанды облысы прокурорының шешімімен Хамит Ахметов прокуратура саласындағы көп жылғы адал еңбегі үшін «Қазақ ССР-іне еңбегі сіңген заңгер» құрметті атағына ұсынылды.

Өзінің қара қылды қақ жарған әділдігімен, табиғи парасаттылығымен қамшының сабындай қысқа өмірінде өшпес із қалдырған азаматтың есімі ел есінде сақталып, ісі ұрпақтарымен жалғасуда.

Нұржан АХМЕТОВ,

немересі.

АСТАНА қаласы.

 

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.