Бас тақырыпҰлы Жеңіске - 75 жыл

Қарағандының қайсар ұлы кезінде Кеңестер Одағының Батыры атағына ұсынылған

Майдандық жолы даңққа толы, бірақ, өмірінің соңғы деректері белгісіз болып отырған қарағандылық қайсар жауынгер Ильгам Хафизов туралы мәлім етпекпіз.

Соғыс аяқталар жылдың көктемінде хабарсыз кеткен қарағандылық жауынгер Ильгам Хафизов туралы іздестіргелі көп болған. Кейін Мұқаттың баласы Мерген интернет арқылы батыр нағашыларының награда парақшаларын тауып, жауынгерлік жолынан мол деректер жинады. Ильгам нағашылары майдандағы ерліктері үшін Ленин, «Қызыл Ту» , III және II дәрежелі Даңқ ордендерімен марапатталған. Ресей қорғаныс министрлігінің құжаттары цифрланып, қол жетімді болғанда жерлесіміздің Кеңестер Одағының Батыры атағына ұсынылғаны да дәлелденеді. «Нағашы ағамыздың кезінде аса мәртебелі Батыр атағына ұсынылғанын біз үйіне соғыс аяқталар жылғы наурыз айында жазған хатынан білуші едік. Бірақ, содан кейін ешқандай хабар-ошар болмай кетті. Тіпті «қара қағаз» да келмеді. «Наградасы бар болсын. Үйге аман-есен оралса болды» дейді екен ата-анасы. Күндіз-түні тілеу тілегенімен, қартайған шақтарында зарығып, құса болып қайтыс болды», – дейді жауынгер нағашысы туралы деректер іздеуші Клара Бейімбетқызы.

Ильгам негізі 1919 жылы Ақмола облысының Атбасар поселкесінде туған. Әкесі Хафиз Атбасардың байырғы татарлары ортасынан шыққан. Атбасардың белгілі көпесі Илья Волосниковтың қол астында істейді. Еті тірі елгезек жан қазақ, орыс тілдерін жетік біледі. Қыр қазақтарымен жақсы қарым-қатынаста болып, араласып тұрады. Қызылдар өкімет басына келгенде көпесті қамауға алып, Атбасардың базарында тамам жұрттың көзінше атып тастайды. Мұндай зорлық- зомбылыққа төзбеген Хафиз қатты күйзеліп, оң жағынан сал болып қалады. Ильгамның шешесі Мәрзия сауатты, өз заманының білімді азаматы еді. Ашаршылық жылдары балалар үйі сияқты колхоз жастарының мектебін құрып, қаншама аш-жалаңаш балаларды ажалдан арашалап қалады. Отбасындағы үш қыз бен жалғыз ұл ер жетіп қалған шақта, яғни, 1930 жылдардың ортасына қарай күнкөріс қамымен жаңадан қаулап өсіп келе жатқан өндірісті Қарағандыға бас сауғалайды. Үлкен қызы Зайтуна қазақ жігіті Бейімбет Аймурзинмен тұзы жарасып, отбасын құрады. Кейін басқа қыздары да қазаққа тұрмысқа шығады

«Менің әкем Бейімбет» – деп жалғады әңгімесін Клара апай. «Мәскеуден Орталық милиция мектебін бітіріп келіп, Қарағанды қаласында Сталин аудандық прокуратурасының ерекше істер бойынша тергеушісі, Жаңаарқа және Ақтоғай ауданы ішкі істер бөлімінің бастығы болып істеді. Ол менің нағашыларымды қатты сыйлайтын. Әкей тым ерте, 1947 жылы небары 42 жасында Ақтоғайда қайтыс болды. Сондықтан, нағашымыздың қайғылы тағдырын анықтау ісімен алдында үлкен ағамыз Сапарбек айналысты. Бірде ол жинаған материалдарын алдымызға жайып салды. Әсіресе, бізді майданнан қазақ тілінде, латын әріптерімен жазған үш бұрышты үшбу хаттары қызықтыратын. Олардың бәрі «Құрметті Әти, Әни, Разия, Раушан!» деп басталып, ата- анасына, туған-туыстарына арналған сағыныш сәлемдерге, мүгедек әкесіне деген қамқорлық сезімдерге толы еді.

Ильгам әскерге Қарағандыдағы Сталин аудандық әскери комиссариатынан 1939 жылдың 1 тамызында, тура Екінші дүниежүзілік соғыс басталған күні алынды. Мерзімді әскери қызметін өтеп келгеннен кейін №17 орта мектепте алғашқы әскери дайындықтан сабақ береді. Соғысқа 1942 жылдың 15 қыркүйегінен қатысады. Кіші командирлердің қысқаша курсын (сержанттар мектебі) аяқтап, артиллерист, нысана көздеуші болып шығады. Соғыстың ең бір шиеленіскен тұсы Батыс майданына тап болады, содан 1942 жылдың 25 желтоқсанында жеңіл жараланып, госпитальда емделеді. Одан кейін хаттар І Белорус майданынан келе бастайды. Мұнда ол ұрыстарға 1944 жылдың наурыз айында аға сержант шенінде 274-ші Ярцев атқыштар дивизисы, 150-ші жеке танкіге қарсы жойғыш дивизионының 76-миллиметрлік зеңбірекшілер расчетінің командирі болып кіріседі.

Біздің әңгімеміздің ең түйінді тұсы облыстық «Индустриальная Караганда» газетінде 1980 жылы 19 ақпанда жарияланған («Орден Ленина – за подвиг»). Вильнюс қаласындағы №3 орта мектептің қызыл ізшілері өздерінің жетекшісі, Литван КСР-і еңбек сіңірген мұғалімі Павел Фроловтың басшылығымен соғыста Ленин орденімен наградталған жауынгерлер туралы материалдар жинай жүріп, қарағандылық жауынгердің ерліктерін паш етеді. Польша жеріндегі суы мол, арнасы кең Висла өзенін кешіп өтуде аға сержант Ильгам Хафизов көзсіз ерлік көрсетеді. Бұл 1944 жылдың 30 шілдесі еді. Осы ұрыста расчет жаудың үш танкісін қиратып, бірнеше пулеметінің және жиырмадан астам жаяу әскерінің көзін жояды. Осы ерлігі үшін КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен Ленин орденімен наградталады.

«Германия жерінен жазған соңғы хатында Ленин орденімен наградталғанын, жарлық «Правда» 23.2.1945ж., «Красная звезда» 24.2.1945 ж. газеттерінде шыққанын, соны қараңдар деп жазыпты. «Сонымен қазір үш орденді болып тұрмын, аман болайық, енді» деп жазады да артынша: «Әрине, мені алдында «Геройға» берген болатын еді, бірақ, «Геройды» бермей, орден Ленин беріп тыныштандырып қойды», деп ептеген өкпесін де білдіреді» дейді хатын оқыған Клара Бейімбетқызы.

Оның қандай ордендер алғанын, Батыр атағына ұсынылғанын Мерген Аймурзин интернет сайттарын ақтара жүріп, әрі Ресей архивтерінен анықтамалар алып, дәлелдейді. Уақиға былай болған.

Дивизион командирі майор В.Дмитриенко 1944 жылдың 1 тамызында өз қолымен: «За храбрость и мужество, проявленное при форсировании и удержании плацдарма на западном берегу реки Висла тов. Хафизов Ильгам Хайрутдинович достоин присвоения звания Героя Советского Союза», – деп Марапаттау парақшасын (Наградной лист) толтырады. Мұндай жоғары дәрежелі атақты Мәскеу бекітетін болғандықтан көп тосуға тура келеді. Ал одан жоғары басшылық, атап айтқанда Қызыл Армия Артиллериясы Әскери Кеңесінің мүшесі генерал-лейтенант (аты-жөні марапат қағазында көрінбей қалыпты) жауынгер тұңғыш рет наградаға ұсынылып отырғандықтан, осы да жетер деген оймен «Геройды» сызып тастап, орнына «орден Ленина» деп жазады. Сондықтан, майор Дмитриенко өзінің өжет жауынгерін 23қыркүйекте толтырған марапат қағазы арқылы сол ерлігі үшін «Қызыл жұлдыз» орденіне ұсынып, 61 атқыштар корпусы командирінің 1944 жылғы 10 қазандағы 061/н бұйрығымен батыл солдат осынау орденге ие болады. Берлин бағытындағы сондай сұрапыл шайқастың бірінде батыр жерлесіміз тағы да көзге түсіп, бұл жолы дивизия командирінің 1945 жылғы 14 ақпандағы 012н бұйрығымен III дәрежелі Даңқ орденімен марапатталады.

Әрине, әке-шешесі ұлының наградаларына, Қарағанды қаласындағы Ескі қалада орталық Амангелді көшесіне таяу орналасқан Комсомол көшесі, 4 үй, 3 пәтер мекен-жайы бойынша әскери бөлім командирлерінің Жоғары Бас қолбасшының атынан 1945 жылдың 16, 19 және 31қаңтарында осындай ұл тәрбиелегені үшін жолдаған Алғыс хаттарына, қарулас достары кіші лейтенант С.Степанов пен аға лейтенант М.Каримовтердің Жаңа жылдық құттықтауларына мәз-мейрам болып қуанып, жалғыз ұлдарының қан майданнан аман-есен оралуын Жаратқаннан жалбарынып сұрап жатты. Әкесінің төсек тартып қалғанынан хабардар Елқам (ол майданнан қазақ тілінде жазған хаттарына «Хат жазған балаңыз Елқам» деп қол қояды екен) соңғы хатында Қарағандыдан мыңдаған шақырым жерде болса да, атына сай ата-анасының қамын жеп, қаладағы Сталин аудандық қамсыздандыру бөлімінің бастығы Барановқа майдангердің отбасына қарайласуды сұрап анықтама жолдағанын білдіреді.

Бірақ, көп ұзамай Елқамнан хаттар сап тыйылады. Әке-шешесі сарғая тосып, сартап болады. Бұл кезде батыстағы соғыс өзінің шешуші кезеңіне аяқ басқан еді. Тарихтан белгілі, 1945 жылдың 16 сәуірінде І және ІІ Белорус, І Украин майдандарының күшімен атақты Берлин операциясы басталады. Осылардың алғашқысының қатарында 69 армияның 274 атқыштар дивизиясы 150 артдивизионы да болады. Кескілескен ұрыстар Франкфурт-Берлин темір жолы бойымен Франкфурт қаласы маңында да жүріп жатты. Міне, соғыс тағдырын шешкен осы шайқастардың бірінде, яғни, Еуропаның тағы бір арнасы кең Одер өзенінен өтерде аға сержант И.Хафизов жауынгерлік ерлік пен тапқырлық көрсетеді.

Ерлігі үшін аға сержант 69 армияның 1945 жылғы 7 маусымдағы 0245/н бұйрығымен II дәрежелі Даңқ орденімен марапатталады. Ал осы орденнің үш дәрежесіне де ие болғандар Кеңестер Одағының Батыры атағына тең болатынын жақсы білеміз. Тірі болса оған да қолы жетер ме еді?.. Бірақ, біздің жауынгер жерлесіміздің осыдан кейінгі тағдыры беймәлім. Ауыр жарадан кейін хабар-ошарсыз жоқ болады.

Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында нағашы ағасының тағдырын анықтауға Клара Бейімбетқызының компьютерге жетік бауыры Мерген Аймурзин кіріседі. Ресей Қорғаныс министрлігінің Подольск архивінің базасын ақтарып, әрі Ресей мен Германияның түрлі әскери-медициналық мекемелері мен қоғамдық бірлестіктеріне хат жаза отырып, жаңағы біз келтірген деректерді табады. Олар қазірде Хафизовтар мен Аймурзиндер отбасыларының баға жетпес құнды жәдігерлері болып отыр. Бірақ, батырдың қай госпитальда қашан емделгені, қалай қайтыс болғаны және қайда жерленгені әлі күнге дейін анықталған жоқ. Аймурзиндер отбасы Германияның Потсдам қаласындағы «Кеңес ескерткіштері мен зираттары» қоғамының жетекшісі д-р Вольфганг Диттингкке іздеу салып, барлық сұрақтарға байыпты жауап бергені үшін ризашылық білдіреді. Егер денесі Одердің шығыс жағына көмілсе, ол бүгінде Польша жері екендігін еске салады. Клара апайдың туыстары үміттерін үзбей енді облыстағы «Видергебурт» неміс және «Полония» поляк мәдени орталықтары арқылы сол елдердің қоғамдық ұйымдарымен байланыспақшы.

Ильгам Хафизовтың есімі фотосуретімен бірге облыстың «Боздақтар» Зерде кітабының Берлин операциясына арналған тарауына енгізілген (3-том, 268бет). Кітап шағарушылар: «Біздің ұрпақтарымыз, сендер де оларды еске алыңдар! Берлинге дейін жеткендер, бірақ Жеңіс күнін қарсы ала алмағандар, міне осылар», деп болашақ ұрпақтың есіне салады.

 Осыған байланысты туысқандары Ильгам Хафизов сынды қаһарман қарағандылықтың есімін мәңгі есте қалдыру үшін ол тұрып, еңбек еткен Октябрь ауданының бір мектебінде Жауынгерлік даңқ бұрышын ашуды сұрайды. Ол қысқа да жарқын өмір сүрді. Небары 25 жасында болашақ ұрпақтың бақытты өмірі үшін құрбан болды. Жерлес жауынгердің ерлік жолы талай ұрпаққа үлгі-өнеге болары сөзсіз.

Аман ЖАНҒОЖИН,

ардагер журналист,

 Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты.

Басқа материалдар

Back to top button