Бас тақырыпЖаңалықтарҚарағандыРухани жаңғыру

Қарағандылық жастар қаншалықты белсенді?

Қарағанды жастары «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» жайлы не біледі? Олардың рухани үндестікке білім арқылы қол жеткізіп, бәсекеге қабілетті маман атануына қандай  мүмкіндіктер бар? Облыстың жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы мемлекеттік бағдарламалар аясында өңір жастарының талап, тілектеріне толыққанды назар аударып отыр ма? Жастардың айтары бар…

«Жастар – жастарға»

Аталған мәдени ақпараттық-насихаттау керуені сәрсенбі күні Мемлекет басшысының стратегиялық бағдарламаларын жастарға кеңінен таныстыру мақсатында облыс аймақтарына жол тартты.
– Бірнеше жыл бойы облысымызда «Жастар – жастарға» мәдени ақпараттық-насихаттау керуені жобасы тиімді түрде жүзеге асырылуда. Қазірдің өзінде аталмыш жоба жастар
арасында кеңінен танымал, – деген пікір білдірді облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма мамандары. Десек те, сәрсенбі күні «Жастар – жастарға» мәдени ақпараттық-насихаттау керуенінің салтанатына жиналған аймақ жастарының  басым көпшілігі бұл шараға қатысу мақсатын түсіндіре алмады. «Мемлекеттік бағдарламалармен таныссыз ба? Жыл бойы жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма тарапы ұйымдастырған шараларға қатыстыңыз ба?» деген қарапайым сауалдарға жауап бере алмады. Белсенді жастар басқарма жиі ұйымдастыратын флешмобтарда көппен бірге қатарды толтырып, қол соғумен шектелетінін айтты.

Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың мемлекеттік әрі ресми шараларды «жүрдім-бардым» өткізбей, белсенді жүзеге асыруына не кедергі?

Жалпы, 2017 жылы облыста жастар саясаты саласында 265 мың адамның қатысуымен 3 мыңнан астам іс-шаралар өтті. Бірақ, қоғамдық  шаралардың мақсаты – жастарды, тек саяси құрал көрмей, олардың мәселелерін шешуге бағыттау. Флешмобтан көрі, қазіргі жастарды өзіндік дамумен қатар, тұрғын үй мәселесі әрі жұмысқа тұру жағы алаңдататыны белгілі. Жастарға мемлекет жүргізіп отырған саясатты насихаттау, оларға қоғамдағы өзекті мәселелер жөнінде ақпарат беру – мемлекеттік атқарушы органдардың міндеті.

Керуен жұмысының негізгі миссиясы да – жастармен кездесулер өткізу болғандықтан, мемлекеттік бағдарламаларды жастарға кеңінен түсіндіру көзделуі тиіс. Сондықтан, жастардың «Жастар – жастарға» мәдени ақпараттық-насихаттау керуені жобасы бірнеше жыл бойы жүзеге асқанын ескеріп, Теміртау және Абай қалаларына бағыт алған керуеннен сапалы нәтиже күтуіміз заңды. 

Керуеннің, әсіресе, ауыл жастарына стратегиялық маңызды құжаттарды, алдымен, Елбасының халыққа Жолдауын, «Президенттің бес әлеуметтік бастамасын» толыққанды түсіндіріп өткені жөн. Мысалы, әлемдік таңдаулы үлгілер негізінде білім алуға мүмкіндік беретін «Гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы – ағылшын тілін жетік  меңгерген жастарға арналған. Бұл олардың гуманитарлық салаға қызығушылығын арттырары сөзсіз.
Ал, «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған бағдарламасының ауыл жастарына берері көп. Оларға ауылда және қалада микрокредит алу арқылы, кәсіпкерлікпен айналысуға мүмкіндік көп екенін атаса жеткілікті. «7-20-25» бағдарламасын егжей-тегжейлі түсіндіру – тұрғын үй мәселесін шешуде тиімді.
Ақпараттық топтың құрамында дін істері, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту басқармаларының, ішкі істер департаменті, «Даму» қорының, «Қазагро» даму институтының, жастар ресурстық орталығының, «Жас Отан» Жастар қанатының, банк құрылымдары өкілдері қамтылғанын білдік. Сондықтан, керуен мүшелері бәсекеге қабілетті әрі жұмысқа қызығушылығы жоғары жастарға демеу берер…

«Good zone» – үлкен мүмкіндік

Сол күні Қарағандының жастарына арналған «GOOD ZONE» коворкинг орталығы ашылды. Коворкинг орталығы ҚР Президентінің жанындағы жастар саясаты жөніндегі кеңестің ХХІ отырысының хаттамасын орындау мақсатында жұмысын бастады. Қызметін облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының жанында жүргізбек. Жалпы, коворкинг – іскерлік кездесу мен түрлі ісшаралар үшін ұсынылып, жабдықталған орын. Қарағандыда техникалық шеберлігі жоғары, белсенді жастар көп екенін ескерсек, орталық мемлекеттік бағдарламалар аясында нәтижелі жұмыс жасауға септігін тигізер еді. Мысалы, Елбасы атаған «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын коворкинг орталығында кеншілер шаһарының жастарына үйрету – идеяларды талқылап, оны мақсатты жүзеге асыруға сеп. Өйткені, жастардың тиісті ақпаратты жедел қабылдайтыны белгілі. 
Бұл – өңірде «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыруда өзекті ұсыныс. Атап айтсақ, «Good zoneнің» – жастарға семинар, конференция, іскерлік кездесулерді ұйымдастырып, ғылым жолындағы жастарды шоғырландыруға ықпалы зор. Орталық бизнес және әлеуметтік кластерлерді көбейту мен оны дамытуға көңіл бөледі деп күтілуде. Үш аймаққа бөлінген орталықта алдымен, шығармашыл жастар жобаларының жиналысын өткізуге, іскерлік кездесу, зияткерлік ойындар әрі бос уақытты тиімді пайдалануға арналған негізгі зал бар. Сондай-ақ, жастар ноутбук, компьютермен жұмыс істеп, шығармашылықпен айналысады. Екінші жұмыс аймағы стартапер, волонтерлер және басқа саладағы жастарға түрлі шеберлік сабағын өткізуге арналған керекті техника, хромокей және жиһаздармен жабдықталған. Мұнда вебинар және фильм көруге, ән кештері мен караоке, сондай-ақ, TedX форматындағы кездесулер ұйымдастырылады. Сөйлесу бөлмесінде іскерлік кездесулер өткізілмек. 

«Рухани жаңғыру» – жастардың жолы

Демократиялы елдің жастары ұлттық рух пен ұлттық сананы жаңғыртуға белсенді атсалысуы тиіс. Бұл ретте, жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма – билік пен жастардың ортасындағы алтын көпір іспетті. Сондықтан, жастардың бұқаралық деңгейдегі шараларда белсенділік танытуы – міндет. Ұлттық кодты қалыптастырудағы Елбасының Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы қазақстандық жаңа буынға тың серпін беруді көздейді. 

Елбасының «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» Үндеуі аясында әрбір Қазақстан азаматының «7 – 20 – 25» бағдарламасы әрі 20 мың грант бөлу – жастарға жасалған зор мүмкіндік. Оның үстіне, студенттерге 75 мың орындық жаңа жатақхана салу жүзеге аспақ. Сондықтан, бағдарламалар аясы кеңінен насихаттауды қажет ететіні сөзсіз.
Ұйымдастырылған шараларда «Жас Отандықтар» жаңа ұсыныстарға ашықтығын, белсенді жандарға қолдау көрсетуге қашанда дайын екендігін әлеуметтік желілерге жариялаумен шектеледі.
Ал, бүгінгі қоғамда шешуін таппаған проблема жоқ емес. Алдымен, жастар арасындағы суицид, сосын қылмыс статистикасы… Жастардың ажырасу фактісі…
Коворкинг орталығы алдағы уақытта қала жастары үшін жұмыс жасайды. Ал, керуеннің қызметі жыл соңына дейін жүргізілмек.
Әлбетте, «Good zone» секілді жобалардың жүзеге асуына мұрындық болып, орталықтардың тұсауын кесіп отырған жаңашыл жастардан күтер үміт көп.

Аяулым СОВЕТ,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button