Қарағандылықтар #BizBirgemiz акциясына қолдау білдіруде

Маска алғыңыз келсе, тігіншіге, волонтерге, тәрбиешіге барыңыз: #BizВirgemiz бірыңғай республикалық акциясы Қарағанды облысын қамтыды.

Шахтинск

Шахтинск қаласындағы «Балапан» балабақшасының қызметкерлері #BizBirgemiz акциясын қолдады. Тәрбиеші Салтанат Жылқыбаева мен тәрбиешінің көмекшісі Эльвира Карбаева «Еркетай» балабақшасындағы әріптестеріне арналған маска жасады.

Қарқаралы

Қарқаралы қаласында еріктілер аз қамтылған отбасыларға, жалғыз басты зейнеткерлерге азық-түлік, дәрі-дәрмек, маскалар тарату бойынша науқан өткізуде.

— Бүгін, пандемия кезінде, менің ойымша, әрбір азамат бір-біріне қамқорлық жасауға міндетті. Біз бірлігімізді сақтауымыз керек, — дейді азық-түлік дүкенінің иесі Сая Мақашева.

Жезқазған

Жезқазғанда «Ұлағат» әйелдер орталығы маска дайындауға тапсырыс қабылдайды, ал «Жылы жүрек» еріктілер ұйымы бетперде тігіп, оларды жезқазғандықтар мен қала қонақтарына таратады. Сондай-ақ, Наурыз мерекесі қарсаңында «Жылы жүрек» еріктілері аз қамтылған отбасыларға азық-түлікпен көмек көрсетті.

Сәтпаев

Сәтпаев қаласы әкімдігінің қолдауымен Ш. Ділдебаев атындағы мәдениет және шығармашылық орталығының қолөнершілері 100-ден астам бетперде тігіп, оларды таратты.

Бұқар жырау ауданы

Бұқар жырау ауданының орталық ауылдық округін жергілікті өндірушілер маскалармен жабдықтауда. КарАТС директорының м.а. Бауыржан Қалымовтың бастамасымен 100 мың теңгеге материал сатып алынды. Ол өз өндірісінің жұмысшыларын ғана емес, Орталық тұрғындарын да маскамен қамтамасыз етті. Шеберлер күніне 300-400 маскадан тігеді, олар бірден таратылады.

Ақтоғай ауданы

Ақтоғай ауданының кәсіпкері Дарын Досмахов сөзімен және ісімее #BizBirgemiz қолдайды.

«Қарттар мен көп балалы аналарға қаржылай көмек көрсетейік. Коронавирусты жеңу және жаһандық экономикалық дағдарысқа қарсы тұру үшін ұлт болып бірігейік. Мен сондай-ақ #BizBirgemiz акциясына қатысамын және тегін 500 маскаларды таратамын. Бизнес өкілдерін осы шараға қатысуға шақырамын», — деп жазды Facebook парақшасында Дарын Досмахов.

#BizBirgemiz жақсылық географиясын әлі де кеңейтеді.