Коронавирус

Қарағандылық полицейлер қарқынды жұмыс істеуде

Төтенше жағдайға байланысты карантиннің күшейтілген режимінің енгізілуіне байланысты қарағандылық полицейлердің жұмыс жүктемесі де ұлғайды. Мәселен, “Соқыр” бақылау-өткізу бекетінде екі адам ұсталды. Олардың біреуі Балқашқа жаяу өтпек болған. Ал, екінші адам қала сыртындағы жұмысына бармақ болыпты. Олар 10 күнге қамауға алынды.

Төтенше жағдай кезінде полицейлер қаладағы тәртіптің сақталуын қатаң бақылауда ұстайды. Бұл үшін “есепте тұрған тұлғалармен” жұмыс күшейтілген. Шараның мақсаты олардың қандай да бір қылмысқа баруының жолын кесу. 

“Есепке алынған тұлғалар” операциясының бірінші күні еріктілер мен журналистер полиция қызметкерлерімен бірге қала көшелеріне шықты. Шара барысында Октябрь ауданында тұратын бір азамат ұсталды. Ол бұған дейін отбасылық жанжал шығарғаны үшін қамауға алынып, сотта ақталып шыққан екен. Қылмыс қайталанған соң ол заң бойынша жазаланады.  Бұдан бөлек,  Октябрь ауданында төтенше жағдай талаптарын бұзған үш тұрғын ұсталды. Оларға қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 476-бабына сәйкес хаттама толтырылды. Сот оларды 3, 5 және 10 күнге әкімшілік қамауға алу жазасын тағайындады.

Осы орайда, заң талаптарын сақтау баршаға ортақ міндет екенін айта кеткен жөн. Шектеу шаралары коронавирустың таралуының алдын алу және халықтың өмірі мен денсаулығын сақтау мақсатында қабылданған. Сондықтан да, төтенше жағдай талаптары қатаң сақталуы тиіс. 

Басқа материалдар

Back to top button