Қарағандылық оқушы ғарыш саласында жаңалық ашты

«Зеебек эффектісін» пайдалана отырып, жер серіктері мен ғарыш аппаратын қосымша қуат көзімен қамтамасыз етуге болады. Бұл жаңалықты Қарағандыдағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы Ерасыл ТҰРАРОВ ғылыми тұрғыда дәлелдеді.

– «Зеебек эффектісі» дегеніміз ыстық пен суықты түйістіру, яғни, температура градиенті арқылы тоқ алу. Бұл – біріншіден экономикалық жағынан аса тиімді. Мен халықты баламасыз қуат көзімен қамтамасыз ету үшін ғылыми жұмысты қолға алдым. Сондықтан, «Ғарышта электр энергиясын генерациялау үшін Зеебек элементтерін қолдану» жобасын қолға алдым. Жаңартылған энергия – болашақтың энергиясы, – дейді Ерасыл Тұраров.

Айта кетейік, оқушының бұл еңбегі Оңтүстік Кореяның Тэджон қаласында өткен «Жас ғалым» халықаралық ғылыми жобалар байқауында бас жүлдені еншіледі. Осыған дейін де, ғылыми жобалардың республикалық байқауында алтын медальға қол жеткізген болатын. Әлемнің әр түкпірінен жиналған 700-ге жуық оқушының арасынан үздік шыққан Ерасылды Оңтүстік Кореядағы университеттердің бірі тегін оқуға шақырып отыр. Байқауда грантқа қол жеткізген жас ғалым өзге де жобаларды жүзеге асыруға әзір.