Бас тақырып

Қарағандылық дәрігерлер сәби өмірін сақтап қалды

Асқазан-ішек жолдарының кеселмен дүниеге келген нәрестеге ота жасаған облыстық перинатальдық орталық мамандары оны аман алып қалған. Құрсақта жатқанда-ақ он екі елі ішектің атрезиясы диагонозы қойылған сәби бір айғы емнен кейін үйіне шығарылды. Мамандар мұндай ауруды сирек кездесетін ауытқулар қатарына жатқызады.

Қарағандылық Әлия Оңдасынованың бұл – үшінші сәбиі. №4 емханаға есепке тұрған ана кезекті УДЗ кезінде баланың туа бітті ауытқуы барын біледі. Облыстық перзентхана дәрігерлері өзара кеңесіп, болашақ ананы елордадағы Ана мен бала ұлттық орталығына жіберуге шешім қабылдайды. Алайда, квота жолдамасын алуға келген Әлия Оңдасынованың толғағы басталып, сәби осында дүниеге келеді.

Бұл туралы білгеннен бастап күніміз уайыммен өтті. Балама кәсіби ота жасап, одан кейін күтіп-баққан перзентхана дәрігерлеріне алғыс айтамын. Есімін Жаңаберген деп қойдық. Ол – екі қыздан кейін туған ұл, – деді ол.

Дәрігерлердің айтуынша, нәресте 37 аптасында, қалыпты салмақпен дүниеге келген. Ал, үш күннен кейін директордың хирургиялық қызмет бойынша орынбасары Жанат Елубаев бастаған мамандар ота жасады.

Ота бір жарым сағатқа созылды. Жылына 3-4 балада асқазан-ішек жүйесі ауытқулары, тіпті, атрезияның өзінің түрлері болады. Негізінде бұл 5-6 мың баланың біреуінде ғана кездеседі. Біз ота кезінде баланың асқазаны мен тік ішегін жалғадық, – дейді Жанат Елубаев.

Бала бірден жаңа туған балалардың интенсивті терапиясы және реанимациясы бөліміне жатқызылды. Бөлім меңгерушісі Елена Виноградскаяның айтуынша, мұндай жағдайда бөлімнің барлық қызметкерлерінің еңбегі маңызды.

Қандай да бір паталогиясы бар балаларға ерекше күтім қажет. Кейде уақытынан бұрын туып жатады. Жылына денсаулығында ақауы бар онға жуық балаға күтім жасаймыз. Көпшілігінде үйлеріне аман сау шығарамыз, – деді ол.

Жансая ОМАРБЕК,

«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Back to top button