Бас тақырыпРуханият

Қарағандыдан «Күй керуен» экспедициясы жолға шықты

Бүгін облыс орталығынан «Күй керуен» музыкалық-этнографиялық кешенді экспедициясы жолға шықты. Экспедиция құрамы осы күннен бастап екі ай бойы аймақтағы аудандарды аралап, қазақтың күй өнеріне қатысты халық мұрасын жинап, насихаттамақшы. Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ән-күймен қатар, аңыз-әпсаналарды да теріп, жүйелеп, хатқа түсірмекші.

Қарағандыда «Күй керуен» атты облыстық шертпе күй орталығы барын білетін шығарсыздар? Экспедицияны сол орталықтың жетекшісі, кешегі Дәулетбек күйшінің баласы Қайролла Сәдуақасов бастап барады. Облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының қолдауымен жүзеге асырылған экспедиция құрамында ғылыми кеңесшілер – филология ғылымдарының докторы, профессор Берік Рахимов, өнертану ғылымдарының докторы Ардаби Мәулетұлы және аймақтық «Арқа ақшамы» газетінің тілшісі Бек Ықыласов бар. Облыс аумағындағы материалдық емес мұраларымыздың озық элементтерін жазып алып, сақтап, қорғай отыра насихаттау – қашанда қастерлі іс екені айтпаса да белгілі. Осы мақсатта қолға алынған іске қолдау білдіруші басқарма басшысы Еркебұлан Ағымбаев экспедиция құрамымен өткен баспасөз мәслихатында шараның мән-маңызына тоқталды. Мәселен, экспедиция жетекшісі Қайролла Сәдуақасовтың айтуынша, былтыр дәл осындай сапар барысында Қарқаралыдан «Қасірет» (58 статья) күйінің авторы Сармантайдың Ахметжаны туралы тың деректер тапқан көрінеді.

Ардаби МӘУЛЕТҰЛЫ, ҚР Ұлттық музейі Халық қазынасы ғылыми институтының аға ғылыми қызметкері:

Елімізде музыкадан кәсіби білім беретін орта, жоғары оқу орындары бар. Әр өңірдегі күйшілік өнердің өзіндік орындаушылық ерекшелігін сақтау мақсатында құрылған мынадай шертпе күй орталығы Қарағандыда жалғыз. Сондықтан, өте орынды дүние әрі ұтымды бастама. Ал, енді экспедицияға келсек, руханияттың ең бір үлкен мәселесі – әр аймақта ұлттық өнерді ұстап отырған мұрагерлер бар ғой. Солар ол дүниелік болып кетсе, онымен бірге бүтін бір мектеп кетіп қалады. Экспедицияның маңызы – әлгі көнекөздер кетіп қалмай тұрып, құжаттау, хаттау, сақтау – бәрі осыған саяды. Бүйтіп айлап ел арасындағы мұраны жинау – ғылыми қорларыңызды байытып, архивте сақтау деген сөз. Мысалы, мен қазақтың мың күйін жинағанда, редакция алқасында болдым. Сонда біз күллі өңірлердегі күй мұраларын бізге дейінгі үлкендердің осылай ел аралап жүріп жазып алған дүниелері арқасында жинақтадық.

Жәнібек ӘЛИМАН,

«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Back to top button