Жаңалықтар

Қарағандыда волейбол турнирі өтті

Жастар жылы аясында және Қазақстан халқы бірлігі күні мерекесіне орай, сенбі күні Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының кубогі үшін волейбол турнирі өтті.

Алғаш рет ұйымдастырылып отырған волейбол турнирін салтанатты ашу рәсімінде Қарағанды облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» мекемесінің директоры Ерлан Құсайын құттықтау сөзін жеткізді.

  • Салауатты өмір салтын ұстауды насихаттай отырып, мерейлі мереке қарсаңында осы спорттық шараны өткізуді қолға алдық. Мұндағы мақсат – Қазақстан Халқы Ассамблеясы мен оқу орындарының арасындағы достықты, қарым-қатынасты нығайту. Алдағы уақытта турнирді дәстүрлі етіп, оның географиясын кеңейтеміз деген жоспар бар, – деген Ерлан Бейсембайұлы қатысушыларға сәттілік тіледі.

Тартысты бәсекеде қаладағы жоғары оқу орындарының командалары мен Ассамблеяның жеке құрамы бақ сынады. Этномәдени бірлестік өкілдері тобының құрамында «Достық» қытай ұлттық-мәдени орталығы, «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігі, «Согласие» орыс мәдени орталығы қоғамдық қоры, «Авги» облыстық грек мәдени орталығы, «Дакия» румын мәдени орталығының өкілдері бар.

Жарыс қорытындысы бойынша III орынға Қарағанды мемлекеттiк техникалық университеті тұрақтаса, II орынды «Болашақ» университеті еншіледі, I орынды Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттiк университеті қанжығалады. Ал, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының құрамасы келесі жылы жарысқа үлкен дайындықпен келетіндігін жеткізді.

Қасымхан ҒАЛЫМ

Басқа материалдар

Back to top button