Бас тақырыпОблыс әкімі

Қарағандыда тамыз конференциясы өтті

Қарағандыдағы С.Сәпиев атындағы бокс орталығында облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВТЫҢ, білім және ғылым вице-министрі Рүстем Биғаридің қатысуымен дәстүрлі тамыз конференциясы өтті. Жылдағыдан өзгеше ТEDx форматында ұйымдастырылып, білім беру жүйесіндегі нақты перспективалар айтылған жиынды облыстың 18 өңірінен – 10 мыңнан астам мұғалім және ата-ана online тамашалады. Аймақ басшысы биылғы кеңесте республика деңгейінде еліміздің мерейін үстем еткен жобалардың авторлары мен білім саласында оң шешімін тапқан ілкімді істердің басы-қасында жүрген жастардың пікірін тыңдады.

«Ұрпақ тәрбиелеу – ортақ парыз»

Конференцияның басталуында қатысушылар облыстың білім беру жүйесіне енгізілген жаңа технологиялар көрмесімен танысты. Спикерлер мектебалды, орта және кәсіби білім берудегі қызықты жобалар мен идеяларды ұсынды. Аймақ басшысы кеңесте педагогтер мен педагогикалық еңбек ардагерлерін, ата-аналарды, жалпы жиынға қатысушыларды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады.

– Таяуда Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт Тоқаев республикалық тамыз конференциясында білім саласын жаңғыртатын бірқатар жаңалықтармен бөлісті. Президент отандық білім саласын дамытудың 8 міндетін айқындап берді. Осы міндеттерді жүзеге асыру барысында, ең бастысы жергілікті билік пен ұстаздар қауымы арасында ешқандай тосқауыл болмауы тиіс. Өйткені, білім саласын дамыту, ұрпақ тәрбиелеу – ортақ парыз, – деді Ерлан Жақанұлы.

«Дарынды бала» – бақытты балалар алаңы

 Жиында сөз алған жеті баланың анасы, «Алтын алқа» иегері Айнагүл Хамитова Қарағандыда жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдарды дамыту мақсатында іске қосылып, бүгінде саны төртке жеткен «Дарынды бала» балабақшаларында бүлдіршіндер тәрбиенің заманауи тәсілдерін игеретінін айтты. Балалар робототехника сабақтарында әлемді практикалық іс-әрекеттер арқылы тани отырып, аспаздық машықты қатар үйренеді. Бұдан басқа, балабақша бүгінгі таңда жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдар арасында инклюзивті білім беруді алғаш қолға алды. Топтарда қазірдің өзінде арнайы білімді қажет ететін балалар бар.

Осыдан 8 жыл бұрын бала күтіміндегі еңбек демалысынан жұмысқа шығуым керек болды. Баламды балабақшаға бергім келді, бірақ орын болмады. Содан балаларға арналған балабақша ашу ойыма келді, – деді Айнагүл Хамитова.

Бүгінгі таңда қалада мектепке дейінгі мекемелердің тапшылығы азайып, ата-аналар бірнеше балабақшалардың арасында таңдау жасай алады. Осы орайда «Дарынды бала» бәсекелестікке қарсы тұру үшін қызметтер ауқымын кеңейткен. Көпбалалы отбасылардан шыққан балалар, жетім балалар балабақшаға ақысыз негізде барса, ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін инклюзивті білім беру дамып келеді. Ерекше балаларға арналған ілкімді дүниенің бірі – ата-ананың таңдауы түскен «Ақылды парта» жобасы.

Ата-ананың таңдауы – «Ақылды парта»

Жиында Жезқазған қаласы №9 тірекресурстық орта мектебінің информатика және робототехника пәні мұғалімі Нұртаза Керімбековтің «Ақылды парта» (Smartdesk) жобасын тілге тиек еткен аймақ басшысы алдағы уақытта жобаға демеушілік көрсету жағын қарастыратынын айтты.

Жоба авторының айтуынша, электронды партада басы артық ештеңе болмайды. Оқушы браузер арқылы кез келген ойындарды ашып, ойнай алмайды. Партада берілген небары төрт түймешені басу арқылы оқушы бар зейінін кітапқа аударады. Жоба жыл бойы тексерістен өткендіктен, тәжірибе жүргізу барысында ата-аналар тарапынан қолдау тапқан. Жоба авторының сөзіне сүйенсек, Жезқазған қаласында жүргізілген тәжірибе бойынша бір партаға 200 мың теңге кетеді. Бұл қала бюджетіндегі кітап, парта, компьютерге жұмсалатын қаражатты бір жылда 300 млн. теңгеге дейін үнемдейді. Келесі жылы партаны жаңарту қажеттілігі болмайтындықтан, қаражатты екі есе үнемдеуге мүмкіндік бар. Сондай-ақ, жоба бағдарламашы мамандардың жұмысын жеңілдететін көрінеді.

–Тегін чип алу арқылы жұмыс істейтін жобаның берері көп. Ата-ана да қалтасынан ақша шығармайды және баланың денсаулығына да көп көмек. Өзім ата-ана және білім бөлімінің басшысы ретінде де бұл жобаның тезірек іске асуын қалаймын, – дейді Бұқар жырау ауданы білім бөлімінің басшысы Айдар Оспанов.

Жиында білім және ғылым саласының мамандары облыстың дамуына серпін берген, көпшіліктен қолдау тапқан жобаларын таныстырды. Ұстаздар қауымы ашық әңгіме алаңында ұсыныстары және жылы лебіздерін білдірді. Жылдағы дәстүр бойынша білім беру саласының қызметкерлері Ы.Алтынсарин төсбелгісімен және «Білім берудің Құрметті қызметкері» атағымен марапатталды. Үздік ұстаздарға облыс әкімінің Құрмет грамотасы, Алғыс хаттары тапсырылды.

Аяулым СОВЕТ

Басқа материалдар

Back to top button