Жаңалықтар

Арнайы жиынға өз еркімен келген әскерилер дайындықтан өтуде

Қарағандыда Қорғаныс істері жөніндегі департаменттің облыстық жиын пунктінде жиынға арнайы шақырылған еріктілерді оқыту басталды. Бұдан әрі оларды қала аумағын санитарлық өңдеу отрядтарына қатыстырады. Сондай-ақ, әскерге шақырылғандар блок бекеттерде кезекшілік атқарып, Қалалық жедел штаб жұмысына көмектеспек.

Естеріңізге сала кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің аумақтық әскерлерін жасақтау үшін әскери міндеттілерді арнаулы жиындарға шақыру туралы Жарлыққа қол қойған еді. Жергілікті атқарушы органдарға әскери міндеттілердің санын және арнаулы жиындарды өткізу мерзімін анықтау тапсырылды.

Қарағандыда 150-ден астам ер адам өтініш білдіріп, олардың 95 әскер қатарында болғаны іріктеліп алынды. Резервшілер тек облыс орталығынан ғана таңдалды. Облыстың басқа қалалары мен аудандарында арнаулы жиындар өткізу әзірге жоспарланып отырған жоқ.

– Қиын кезеңде ешкім де ортақ істен тыс қалмауы тиіс. «Жас сарбаз» қозғалысындағы менің әріптестерім арнаулы жиындарда қызмет өткеру үшін алғашқылардың бірі болып келгенін мақтан тұтамын. Мен де әскери міндеттілер ретінде өз үлесімді қосу туралы шешім қабылдадым. Бұл біздің борышымыз, – дейді Қарағанды облысы бойынша «Жас сарбаз» ҚБ төрағасы Рустам Жаналиев.

Әскерге шақырылушылардың барлығы дерлік кезінде Қарулы Күштерде қызмет атқарып, оның ерекшеліктерін меңгергендер.
Әскери міндеттілер шақырылғаннан бастап әскери қызметшілер мәртебесіне ие болады. Олардың барлығы жалақы, сондай-ақ заң бойынша тиісті жеңілдіктер мен әлеуметтік кепілдіктер алады.

Басқа материалдар

Back to top button