Бас тақырыпРуханият

Қарағандыда Шортанбай жырау тұлғасына арналған конференция өтті

Қарағандыда қатардағы емес, айтары бар, маңызын білімділер ғана байқап, ұғар конференция өтті. «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының ғимаратында өткен рухани шараның тақырыбы – «Шортанбай жырау тұлғасы: дәуір шындығы және ұлттық дүниетаным». Әрі жырау, әрі ақын Шортанбай ҚАНАЙҰЛЫНЫҢ 200 жылдық мерейтойына арналған республикалық конференцияны облыс әкімдігінің қолдауымен облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма ұйымдастырған екен.

Шортанбай конференция

Қазақ өсіп, ел еңсесін тіктеп келеді. Кезінде осы «зар заман» ақындарының шығармашылық мұралары «кертартпа бағыттағы» әдебиет ретінде оқытылғанын тарихтан білеміз. «Уақыт – төреші» демекші, араға ғасырлар салсақ та, асылдарымыз бен даналарымызды бағалап, ақ-қараны ажыратып алып отырмыз. Қазір Шортанбайдың, «зар заман» ақындарының шығармалары арқылы біз өткенімізді қапысыз танып, бүгінімізді бүкпесіз айқындап, тіпті, болашақ тәрбие көздерін бағамдай аламыз. Дәуір шындығына ұлттық дүниетаным тұрғысынан қарап, тарихи санамызды жаңғыртып жатқанымыз өз алдына. Заманында қазақ даласында қандай кемшілік болды, бәрі Шортекең шығармаларында тұр. Кешегі ұлттық келбет, кейінде жабысқан кесел Шортанбайдың шерлі жырына айналып, бүгінге олжа болып қалды. Шеңберге сыймаған Шортанбай-жырдың ақталғаны да кеше ғана…

Шортанбай жыраудың тұлғалық қыры мен шығармашылық өрісі жан-жақты ашылған конференцияға есімі республикаға кеңінен танымал әдебиеттанушы, тілші, тарихшы ғалымдар мен қоғам қайраткер- лері, сондай-ақ, облыстағы тіл жанашырлары қатысты. Конференцияға еліміздің әр тарабы мен облыстың түпкір-түпкірінен 100-ден астам материал келіп түссе керек. Солардың барлығы сараланып, ғылыми һәм танымдық негізі бар 70 мақала арнайы жинақ болып басылып шығыпты. Мұны айтуға себеп, Шортанбай шығармаларының бұрын біз білмей келген құндылықтары осы жинақта.

Конференцияның алқа мәжілісін облыс әкімінің орынбасары Жандос Әбішев ашып, жүргізіп отырды. Жандос Ақылсерікұлы жиындағыларға әуелі облыс әкімі Ерлан Қошановтың сәлемін жеткізді.

«Биыл қазақ руханиятында өшпес із қалдырған бірегей ақын әрі жырау Шортан бай Қанайұлының туғанына 200 жыл. Бұл – еліміз үшін маңызы зор, айтулы дата. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «жаңғыру елдің ұлттық, рухани тағылымынан нәр алмаса, ол адасуға бастайды» деген болатын. Сондықтан, бағытымыз айқын болу үшін бабаларымыздың асыл мұраларын естен шығармаған жөн» деп бастап, әуелгі сөзді ҚР Президенті баспасөз хатшысының орынбасары, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Бауыржан Омаровқа берді. Бұған дейін «зар заман» ақындарын, Шортанбай шығармашылығын зерттеп, бірнеше кітап жазған Бауыржан Жұмаханұлының баяндамасы салмақты әрі ғылыми негізді шықты.

 «1940 жылы Мәскеуде жарық көрген «Песни степей» қазақ поэзиясының антологиясына (құрастырған Л.Соболев) «зар заман» поэзиясының бірқатар үлгілері енгізілді. Кітап төрт тарауға бөлінген: Хан сарайы маңындағы ақындар (Бұқар, Нысанбай, Досқожа), көтеріліс дәуірі поэзиясы (Ығылман, Махамбет, Шернияз), зар заман («эпоха скорби») ақындары (Шортанбай, Мұрат), ХІХ ғасырдағы жазба әдебиеті (Ыбырай, Шәңгерей, Абай, Жүсіп, Нұржан). Жинақты құрастырушы Леонид Соболевтің: «Екі жақты езгіге ұшырап, өз жұртының қалталылары мен патша отарлаушыларынан қорлық көрген қазақ халқының қайғысы «зар заман» ақындары Шортанбай мен Мұраттың өлеңдерінде көрініс тапты» деген пікірі күні бүгін де құнын жоғалта қойған жоқ.

1958 жылы АҚШ-тың солтүстік Каролина штатындағы Дьюк университеті Томас Густав Виннердің «Орталық Азия қазақтарының сөз өнері мен әдебиеті» атты кітабын бастырып шығарды. Виннердің еңбегі ауыз әдебиеті нұсқаларынан бастап, қа- зақ әдебиетінің елуінші жылдарға дейінгі кезеңін қамтиды. Кітабының алғысөзінде ғалымның өзі: «Айналымға қосылатын барлық түпнұсқа туындылар мұқият тексерілді. Бірақ, осы еңбек жазылып жатқан тұста Кеңес одағының өзінде жан-жақты зерттеу жүргізуге мүмкіншілік болған жоқ. Сол себепті, менің қазақ әдебиеті мен сөз өнерінің эстетикалық құндылықтары туралы қандай да болсын кесімді пікір айта аламын деген ойым жоқ. Одан гөрі мен әлеуметтік көзқарасқа ден қойдым» деген. Виннер зерттеуінде Шортанбайдың, алдыңғы екі ақынның ағылшын тіліне аударылған өлең мәтіндері біршама талданған. Ең бастысы, Виннер зар заман әдебиетінің табиғатын таниды, әлеуметтік-тарихи себептеріне үңіледі. Халық тағдырымен тамырластығына назар аударады. Ол соның бәрін саралай келіп, «Шортанбай қазақ қоғамындағы өзгерістерді айқын аңғарып, жан-жақты саралап, тарихи құбылыстар халыққа қаншалықты әсер етіп жатқанын алғаш талдап-таразылаған ақындардың бірі» деп қорытынды жасады. Америкалық ғалым сол заманның өзінде оның асқақ үнін, ішкі жан айқайын жаһанға естіртті. Ақынның елеулі есімі мен маңызды мұрасы халықаралық деңгейдегі зерттеудің нақты нысанасы болды. Бұл ғылыми еңбек сонысымен де құнды». Бауыржан Омаров баяндамасынан осындай үзінділерді келтіре кетуді жөн көрдік.

Бұдан кейін де бірнеше соқталы баяндамалар оқылды. Соның бірі – филология ғылымдарының докторы, профессор, Түркі Әлемі Халықаралық «Қызыл Алма» сыйлы- ғының лауреаты Темірхан Тебегеновтің материалы еді. Ондағы мынандай жолдар назар аудартты: «Шортанбай өзінің ақындық шығармашы- лық қалыптасу жолында әуелде сонау орта ғасырлық мұсылмандық софылық-ойшылдық поэзияның Қожа Ахмет Йассауи, Ахмет Иүгінеки, Сүлеймен Бақырғани, Софы Аллаяр сынды көрнекті тұлғаларының ақындық дәстүрлерінен тағылым алды. Софылық-ойшылдық, діндарлық поэзияның негізгі сипаты – ислам дінінің қасиетті қағидаларын негізгі арқау ете отырып, адамдық өмірдің қайшылықты, тартысты алуан сырларына баға бере жырлаушылық, адамгершілік асыл сапалар мен өмірдің мәңгілігін мойындауды ту еткен софылық-діндарлық поэзия дәстүріндегі ақындар осы өмірдегі әділетсіздіктердің, қайшылықты құбылыстардың ең ақырғы әділ сарапшысы болатын о дүниелік ғұмырды жырлайды. Демек, софылық поэзия – философиялық ойшылдық ағым. Бұл дәстүрдегі ақындар тіршілік мазмұнындағы рақым, қайырым, мейірім, адамдық терең сана, әсемдік атты ұғымдарды Құдайдың пенделеріне арнаған шапағаты ретінде түсінді- реді. Сонымен, Шортанбай – қазақ әдебиетінің ежелгі түркілік жазба шығармашылығының софылық-философиялық дәстүрінде қалыптасқан ойшыл ақын». Темірхан Сақаұлының бұл тұжырымды ойын өз кезегінде Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті түркітану кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі Амантай Шәріп толықтыра түсті.

«Эсхатологиялық (ақырзамандық) әдебиетті діни дүниетанымсыз елестету мүмкін емес. Осы тұрғыдан ойлағанда, зар заман ақындарының ішінде орны оқшау көрінетіні – Шортанбай Қанайұлы. Мұны айқын аңғартқан М.Әуезов: «Қазақ әдебиетінде дін сарынын алғаш бастайтын ақын осы Шортанбай болса, бұл өзі мұсылманшылықты исламның дін кітаптарынан алған адам болады» дей келеді де, ақын шығармашылығының Қожа Ахмет Йассауи хикметтерімен үндесіп-үйлесіп жатқандығын аша отырып: «Бір кезде сопылық ақындығын туғызып, өрістетіп келген Орта Азиядағы шаруашылық, қоғамдық, тарихи жағ- дай Шортанбай тұсында қазақ топырағында да өзіне лайықты жағдай тапқан болу керек» деп топшылайды» деген ойларды филология ғы- лымдарының докторы, профессор Мұхамедқали Әбдуов «Шортанбай шығармаларындағы шариғат көріністері» баяндамасында толықтыра түсті.

Алқалық мәжілісте аталған ғалымдардан бөлек, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Құрмет» орденінің иегері Кәмел Жүністегі, филология ғылымдарының докторы, профессор, «Алаш» мәдениет және рухани даму институтының ғылыми қызметкері Сағымбай Ботпайұлы, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Нұрлан Мансұров, тағы басқа зерттеушілер баяндамаларын оқыды. Жалпы отырыстан кейін баяндамашылар «Алаш идеясы және зар заман ағымы», «Шортанбай жырау шығармаларындағы заман келбеті», сондай-ақ, «Рухани жаңғыру және тіл білімі мәселелері» атты үш секцияға бөлініп, әркім өз тақырыбы бойынша тиісті секциясында баяндама жасады.

Жәнібек Әлиман

«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button