Бас тақырыпРуханият

Қарағандыда Сәкен Сейфуллиннің 125 жылдығына арналған көрме ашылды

Қарағанды облыстық  тарихи-өлкетану мұражайында Сәкен Сейфуллиннің 125 жылдығына арналған «Сұлу жырдың сұнқары» атты көрме ашылды. Аталмыш шара саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орайластырылған.

Көрменің салтанатты ашылу салтанатында  «Сәкен тірі қазақтай елі барда» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Оған тарихшылар мен қуғын-сүргінге ұшыраған ғалым-психолог, жазушы Саукен Балаубаевтың және профессор-математик, қоғам қайраткері Әлихан Ермековтің ұрпақтары және студенттер қатысты.  

– Отызыншы жылдары қазақ зиялыларының барлық көрнекті өкілдері қуғын-сүргінге ұшырады. Олардың арасында Сәкен Сейфуллин болды. Биыл біз оның 125 жылдығын тойлаймыз. Осыған байланысты біз экспозиция дайындадық және дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Оның қатысушылары жастарға қуғын-сүргін кезеңі туралы айтып береді, – дейді мұражай директоры Ержан Нұрмағанбетов.
«Сұлу жырдың сұнқары» көрмесіне Сәкен Сейфуллиннің жеке заттары және Жаңаарқа аудандық тарихи-өлкетану мұражайының қорынан алынған жазушының  фотосуреттерді, мұрағаттық құжаттар және көлемді жәдігерлері қойылды.

– Экспонаттардың арасында Сәкен Сейфуллин көзі тірісінде киген шапаны, шай ішкен кеселері, тіпті, етік жөндейтін құралдары да бар. Ол осы құрылғылармен аяқ киімін жөндеген екен, – деді Ержан Нұрмағанбетов.
Шараның басты мақсаты – қазіргі қазақ әдебиетінің негізін қалаушы, Қазақстан Жазушылар одағының негізін қалаушы Сәкен Сейфуллиннің тарихи рөлі туралы айту. Сондай-ақ, қазақ тіліндегі “Психология” оқулығының авторы, аудармашы Саукен Балаубаевтың еңбектерімен таныстыру.
«Сұлу жырдың сұнқары» көрмесі 1 маусымға дейін жалғасады.

Басқа материалдар

Back to top button