Бас тақырыпРуханият

Қарағандыда Құрбан айт қалай тойланды?

Қарағандылықтар мұсылман қауымының қастерлі мейрамы – Құрбан айттың басталуын өз деңгейінде атап өтті. «Әнет баба» атындағы орталық мешітте мұқтаж жандарға көмек көрсетіліп, қазақтың салт-дәстүрі мен ұлттық ойындары насихатталды.

Таң бозынан мешітке жиналған жамағат Айт намазы оқылған соң бір-бірін мейраммен құттықтап, арқа-жарқа болып қалды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қарағанды облысы бойынша өкіл имамы Өмірзақ қажы Бекқожа жиналған қауымға ақ тілегін жеткізіп, мешіттің ұйымдастыруымен өтетін мерекелік шаралардың бағдарламасымен таныстырды.

Айт намазынан шыққан жұрт Әнет баба атындағы орталық мешіт ауласында ұйымдастырылған қайырымдылық жәрмеңкесіне бет бұрды. Жұрт керегін сатып алып жатыр. Жәрмеңкеден түскен қаражат мұқтаж жандардың қажетін өтеуге жұмсалады екен.

Орталық мешіт ұжымы Құрбан айт мейрамын жоғары деңгейде атап өтуді дәстүрге айналдырғаны белгілі. Биыл да салттан аттамай, ұлттық ойын түрлерінен дүбірлі жарыстар өткізілді. Әсіресе, қазақша күрес, аударыспақ, қой көтеру, арқан тартыс секілді ойын түрлері тартысты өтті. Қара топтан озық шығып, ептілігі мен күштілігін көрсете білген азаматтар бағалы сыйлықтармен және Алғыс хаттармен марапатталды.

Әрине, қасиетті мейрамды атап өту, тек, ойын-тоймен ғана шектеліп қалған жоқ. Мұқтаж жандарға құрбандықтың еті таратылды. Сонымен қатар, Әнет баба атындағы орталық мешіттің наиб имамы Нұржігіт Мұсабеков балаларға базарлық ретінде балмұздақ пен тәттілер таратты.

Мешіт ауласына тігілген алты қанат киіз үйге кіріп, Құрбан айт құрметіне жайылған дастарханнан дәм татқан жамағат осындай игі шараларға мұрындық болып отырған мешіт ұжымына ризашылықтарын жеткізіп, алғыс білдірді.

Басқа материалдар

Back to top button